Тұрақтылық пен татулық — жарқын болашақтың кепілі

Ақтауда Маңғыстау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының XХI сессиясы өтті. «Рухани жаңғыру – Ұлт жаңғыруы» деп аталатын алқалы жиынға өңірдегі 20-дан астам этномәдени бірлестіктің өкілдері қатысты. Күн тәртібінде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында айтылған міндеттердің Маңғыстау облысында жүзеге асырылуы және Қазақстан халқы Ассамблеясының XXV сессиясында айтылған тапсырмалардың орындалу барысы талқыланды.

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында жаңа тарихи кезеңге тән қатерлер мен тәуекелдерге жан-жақты баға бере отырып, рухани жаңғыру арқылы болашаққа деген өзінің терең көзқарасын білдірді. Себебі елдің тағдыры мен ертеңі —  мемлекет құраушы ұлт ретінде қазақтың қолында. Ал, тұрақтылық пен татулық жарқын болашақтың кепілі. Сондықтан Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев осыдан 22 жыл бұрын Қазақстандықтарды біріктірудің бірегей мүмкіндігін көре отырып, Қазақстан халқы Ассамблеясын құрды.

-Бүгінде ұйым халықтық өкілдіктің ерекше тетігі ретінде мемлекеттің қоғамдық бақылау жүйесінде ерекше рөлге ие. Дәл осы міндетті атқарып жүрген  Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі жаңғыру жолында айрықша. Ассамблея елімізде тұратын барлық этностардың бірегей де төл мәдениетін сақтап, қоғамдық келісімді нығайту мен халық бірлігін жетілдіру жолында көптеген жұмыс атқаруда-, деді жиында сөз алған облыс әкімі Ералы Тоғжанов.

Аймақ басшысы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуын сараптай келе Ассамблея тарапынан атқарылған шараларға тоқталды. Корейлердің Қазақстанда қоныстанғанына 80 жыл толуына орай мерейтой, Түпқараған ауданында Тарас Шевченко мұражайының 25-жылдығы, Корей этномәдени бірлестігінің 25-жылдығы кең көлемде атап өтілген. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Отпан тауға үш бидің ескерткіші қойылды.

Өңір басшысы Ассамблеяның ғылыми-сарапшы тобына Маңғыстаудың әлі де беймәлім жерлерін зерттеп, тарихи-мәдени құндылықтарын жаңғыртуға  тапсырмалар берді. Ол үшін әлеуметтік зерттеулер, әлеуметтік сауалнамалар және ғылыми-методикалық шаралар жүргізу керектігін айтты. Бірқатар басқарма басшыларына мемлекеттік этносаясатты тиімді жүзеге асыруды тапсырды.  Әсіресе, БАҚ өкілдері арқылы көпұлтты, табысты отбасыларды көрсетіп, отбасы құндылығын насихаттау үшін кешенді жоспар дайындау қажеттігін атап өтті.

Аймақта қайырымдылық жасаушылардың саны күн санап артып келеді. Бүгінде 224 адам 4 млрд.теңгеге көмек көрсеткен. Аймақ басшысы мұндай игі істерді жалғастыруға барлық тұрғындарды шақырамын,- деді.

Сессия соңында облыс әкімі Ассамблеяның белсенді мүшелерін марапаттады.

Айман Нұрмағанбет