Баланың интеллектуалды дамуы және ұсақ моторика

 

Баланың саусақтарындағы ұсақ моторикаларды дамыту туралы біз көп естиміз. Ал «ұсақ моторика» дегеніміз не? Ол моториканы дамыту не үшін керек?

Физиологиялық тұрғыдан айтқанда «ұсақ моторика» қолдың ұсақ бұлшық еттерінің қозғалысы. Ұсақ моториканы дамыту бұл ең алдымен сөйлеуді, тілді дамыту үшін керек екен. Себебі, қолдың саусақ қимылдары мен сөйлеу мүшелерін бақылайтын бастағы ми қыртыстары бір-біріне жақын орналасқан, қолдың саусақтары қимылынан бастағы ми қыртысына импульс жіберіледі, осылайша оған жақын орналасқан сөйлеу аймақтары белсендендіріледі. Ғалымдардың дәлелдеуінше, ағзадағы барлық қозғалысқа жауап беретін ми қыртыстарының үштен бір бөлігінің жүйке нүктелерінің кескіні алақан мен саусақтарда орналасқан екен. Сондықтан зерттеушілер алақанды екінші тіл деп те атайды.

Баланың жалпы дамуында ұсақ моториканың алатын орны ерекше. В.А.Сухамлинский бала қабілетінің қайнар көзі оның саусақтарының ұшында екенін жазған. Бала қолының қозғалысы қаншалықты епті болса, соншалықты ойлауы, сөйлеуі жақсы дамиды. Яғни бала қолымен көбірек жұмыс істесе, ақылы да сонша өседі.

Қол моторикасын дамытуды баланың нәрестелік шағында-ақ бастаған жөн. Нәрестенің қолына саусақ жаттығуы – саусаққа арналған массаж жасаған тиімді. Сол арқылы ми қыртысымен байланысты биологиялық нүктелерге әсер етеміз.

Мектепке дейінгі кезеңде қолдың ұсақ моторикасы мен қимыл-қозғалыстарын дамыту жұмыстары маңызды болып табылады. Өйткені біз тек сөйлеу тілін ғана дамытып қоймай, баланың қолын қаламмен жазуға да жаттықтырамыз. Өкінішке қарай, соңғы кезде балалар арасында сөйлеу тілінің бұзылуы жиі кездесетін құбылысқа айналып барады. Әрине, бұл олардың кінәсі емес.

Сөйлеу тілінің бұзылуы баланың белсенді қозғалысының жетіспегендігінен, соның ішінде саусақтың ұсақ моторикасының дұрыс дамымағандығынан болады екен.

Бұрынғы кезде қолдың моторикасына арнайы назар аударып дамытпаған, өйткені балалар ерте жастан бастап үй жұмыстарына етене араласып, 5-6 жасынан бастап қамырмен жұмыс істеп, дақылдарды тазалап, қоқым терген, оның үстіне таза ауада құммен, топырақпен де көп ойнаған, осылайша қол моторикасын арнайы жаттығусыз-ақ өздері дамытып жүрген.

Қазіргі, мына дамыған заманда тұрмысымыз жақсарды, уақытымызды үнемдейтін құрылғылар шығып қол еңбегімізді барынша қысқартты. Алайда, таяқтың екі ұшы бар дегендей, осы тұрмысымыз біздің балаларымызға кері әсер етіп, қол моторикасының табиғи түрде дамуына шектеу қоюда. Енді қол моторикасын арнайы түрде дамытуға мәжбүр болып отырмыз.

Арнайы қол моторикасын дамытудың өз заңдылықтары бар. Ойындар мен жаттығулардың жас ерекшеліктеріне сай болуы және «оңайдан қиынға қарай» қағидасын ұстанылуы өте маңызды.

Келесі мақаламды ұсақ моториканы дамытуға арналған жаттығулар мен ойын түрлеріне арнаймын. Балаңыздың дамуы үшін арналған пайдалы әрі қызықты мәліметтер желісін жіберіп алмаңыздар.

Айман Қайратқызы
«Интеллектум» балаларды интеллектуалды дамыту ортылығының маманы.