Балқашқа дейінгі жер…
Мәселе былай. 3 ғасыр бойы қазақтың тыныштығын алған Жоңғар 18 ғасырдың орта тұсында, ақырын күйрей бастады. Басты себеп — Қалдан Сереннің өлімі. Ханның балалары өзара таққа таласып, бір-бірін бауыздап жатты. Ырың-жырыңның кезінде тоқалдан туған ұлдардың бірі Қытайға қарай қашып, ол жақтан үлкен әскер ертіп әкелді. Бейжің әскері әуелде таққа таласқандарды талқандады. Соңында, ертіп келгеннің де басын жалмады. Иә, қытайлар сарай интригасына қатысып қоюды аз деп санады. Олар Жоңғарияны түбегейлі басып алуды ойлған еді.
Шығыстағы шырғалаңға сол кездегі қазақтың ханы Абылай да белсене араласты. Бірде Әмірсананы қолдаған болып, енді бірде басқа мұрагерге болысты. Әрине, тегінге емес.
— Пәлен әскер беремін, Оңтүстік шаһарларды босат, — деген талаптар қойды. Қалай да билікке жету үшін, жоңғар ханзадалары барлық шартқа мақұл дей берді. Ал, Абылай, осылай көптеген территориямызды қайтарып алды…
Осы уақытта Абылай хан қалмақтардан босаған жердің барлығына қазақ тайпаларын көшіріп апарып, иемденіп қалуға тырысты. Негізі, бір дүниені баса айту керек. Жоңғар иелігі деп аталғанмен, бұл жерлер бағзы замандары қазақтың ата қонысы болып еді. Тек ішкі алауыздықтың салдарынан қазақтар ойраттардан жеңіліп, ата мекенін уақытша тастап кетуге мәжбүр болған. Ал, Абылай сол уақытша айырылған жерге, қазақты қайта әкелді.
Не керек, ауызбіршіліктен айырылған жоңғарлар, Қытай армиясымен бөлек-бөлек боп соғысып, талқаны шығып жеңілді. Қытай геноцид жүргізді. 3 миллион қалмақты қырып салды. Алайда, көшпелі жұрт оңай шағылатын жаңғақ емес еді. «Тістеген жерімде тісім қалсын»-ға салып, барынша қасарысып бақты. Өзі де қырылды, жаудың да әскерін қырды. Жоңғармен соғыс Цин империясына ауыр тигені сондай, жаулап алған жерін бірден игеріп кете алмады.
ҚЫТАЙДЫҢ ДӘМЕСІ НЕГЕ НЕГІЗДЕЛГЕН?!
Қытай тарихшылары бүй дейді: Жоңғар мемлекетін кім қиратты? Қытай! Олай болса, Жоңғар империясының иелігінде болған жердің барлығын, сол жоңғарды талқандаған мемлекет еншісіне өтуі керек! Қытай тарихшыларының Балқашқа дейінгі жер туралы логикасы қысқа қайырғанда осыған саяды.
Жоңғардың иелігіне қай жерлеріміз кіріп еді? Қазақ қатты әлсіреген тұста қалмақтар Ертіс өңірін, Жетісу жерін, Тараз, Ташкент шаһарларын жаулап алған еді. Ол аумақ 100-150 жылдай ойраттың ордасына қарады. Сол заманды еске түсіретін әлі күнге жер-cу атаулары кездеседі. Мәселен, Қаскелең, Шонжы, Тарбағатай, Боралдай, Шамалған. Бірақ, бұл жерлерді жоңғардан тазартқан Қытай армиясы емес еді. Керек десеңіз, Цин империясы Жоңғар жеріне баса көктеп кіргенге дейін, бұл аумақты найман, арғын, дулат, албанның жігіттері азат етіп қойған болатын.
Мұның барлығын айтып жатқаным, Қытайдың «жеңген жақ — жеңілгеннің бүкіл территориясына «претендент» бола алады» деген логикасының, Балқашқа дейінгі жерге жүрмейтінін дәлелдеу. Айттық, тағы қайталаймыз. Жоңғарды Қытай басып алғанға дейін, қазақтар Балқаштың айналасын өзіне қаратып үлгерген болатын. Яғни бұл аумақ жоңғардыкы етін деп Қытайдың қолқа салуына еш негіз жоқ.
P.S: Абылай мен оның батырларына мың да бір рақмет. Тек, ішім ашитыны, әлгі Шонжы, Тарбағатай, Қаскелең дейтін атауларды неге қазақшаға ауыстырып тастамады екен? Әй бірақ, ол заманда геосаясат дегенді ешкім білген жоқ шығар… Ол кездің геосаясаты — кімнің моласы жатыр, жер соның ұрпағына тиесілі дейтін қарапайым «понятиеге» құралған еді. Айтпақшы, бізден кейінгілер сан ұрмасын десек, бізге де, біраз жердің атауын қазақшалау керек болып тұр. Кереку, Қызылжарды айтып отырмыз…
Нұрбек Бекбау