Мен көрген қаңғыбас (бомж)

…Түн. Дос қызыммен (жәй дос) саяхатта аллеяда әңгімелесіп отырмыз. Әдеттегідей ол өмірге шағымдануда. Мен қалыптасқан жағдайдан компромисс іздеп әлекпін. Біраз уақыттан кейін мені құр мылжың сөздер жалықтыра бастады. Қайтуға ыңғайланып едім:
-Жүрші одан да донер алайық,- деп Г. ұсыныс тастады.
-Ақша жоқ! Ерікпеші! Келесі жолы, — дедім.
-Менде бар ғой! Жүр, — деп Г. орнынан тұрып, мені де тұрғызбақ болып қолымнан тартты.
-Қойшы! Ертең «донер алып бергенмін» деп қырық жыл бойы айтасың! Білем ғой сені, — дей беріп едім…
-Қумашы! Айтпаймын, — деп бетіме күле қарады.
-Саған сенбеймін! Өткен жолы такси төлегеніңді, киноға билет алғаныңды әлі айтасың ғой адамды ұялтып, — деп күле жауап қаттым.
-Енді рас қой! Қайда барсақ та мен төлеймін! Бір жүрген арамсың ғой. Құрығанда адамды қуантып бір гүл алып берсең де болады ғой, — деп иығымнан төмпештей бастады.
-Тух?! Басталды?! Енді өзің ғой?! Бармаймын десем де қылқылдап, үйде тып-тыныш жатқан жерімнен шақырып аласың. Саған гүл алып бермеймін. Маған ғашық болып қалып жүрсең, — деп ақырын ғана бетінен шымшыдым.
-Құдай сақтасын! Әлемде соңғы еркек болсаң да саған қарамайтын едім, — деп маңғазданып, — жүрші мыжымай донер алайық, — деп бұйыра сөйлеп, менің жауабымды күтпестен тез-тез адымдап жүріп кетті. Қарсылық білдірмей соңынан соңынан ердім… Көп ұзамай донер дүңгіршегіне де жеттік. Бір-бір донерді айранымен алып, қолымызға ұстағанымыз сол еді:
-Бауырым, қалдыршы?! Үш күннен бері тамақ ішпеп едім, — деп үсті-басы кір-кір, арақтың иісі мүңкіген отыздан асқан бір
жігіт қарап тұр. Басын дәкемен таңып алыпты. Қолдары, бет-аузы жара-жара. Түрі адам көргісіз… Не істерімді білмей қалдым. Тістелген фастфудты қаңғыбасқа ұсына беріп, қолымды жылдам қайта тартып алып:
-Г., сен де ақша бар ғой! Бір донер алып бере салшы! Обал ғой, — деп дос қызыма қарадым.
-Пфффф! Сені жарылқағаным аздай?! Маған енді қайдағы бір қаңғыбасты тамақтандыру қалыпты?! Мен үшін ішпей жүр ме екен? Ішсе кім қой депті? Кетіңіз, мазаны алмай! Араққа ақшаларың бар! Тамаққа жоқ, — деп қаңғыбасқа айғайлап тастады.
-Мен саған ал дедім бе? Біліп едім міндет қылатыныңды?!, — деп тістелген донерді айранымен ашыққан жанға ұстата салдым.
-Не болды сонша? Мен міндет қылып тұрған жоқпын! Қайдағы біреу үшін өліп қала жаздадың ғой? Бауырың болса бір жөн, — деп бұлқан-талқан болды.
-Адам сияқты «тамақ ішпедім» деп айтып тұр ғой. Алып бере салсаң нең кетеді?!, — деп ренжідім.
-Қаңғыбас бауырыңның жанында қалшы?!, — деп қолындағы донер мен айранды қоқыс жәшігіне тастай салды да, жүріп кетті.
-Г.! Г.! Не болды саған?! Тоқта, — деп айқаладым.
-Топас, — деп артына қарамастан ортаңғы саусағын шошайтып кете барды. Осы уақыт аралығында қаңғыбас мен берген донерді тауысып, тоймай қалса керек қоқыс жәшігінде жатқан фастфудты (Г. тастаған) алуға ыңғайланып жатыр екен. Менің көз жазбай тұрғанымды байқап, бірден жаныма келді де:
-Рақмет, бауырым! Қызыңмен мен үшін ұрысып қалғаныңа ыңғайсызданып тұрмын, — деп айраннан бір ұрттады.
-Түріңе қарасам көпті көрген жігіт сияқтысың? Ол қыз жайында не айтасың, — деп қаңғыбасты әңгімеге тарттым.
-Інім! Әңгіме жоқ! Әдемі қыз! Бірақ ол сен сияқты түсінігі мол жігітке қатын болмайды, — деп донерден бір тістеді. «Көпті көрген» деген сөзім әсер етті ме бейшара өзінің пікірін еркін білдірді.
-Қанша болды осылай жүргеніңе?, — дедім.
-Екі айдан асты. Шешем қайтыс болып кеткен. Әкем екінші әйел алған. Сол қатын үйге сыйғызбады ғой. Соған ашуланып, ауылды тастап Алматыда қаңғып жүрмін, — деп өгей шешесін тілдей бастады.
-Жасың қаншада?, — деп одан әрі қарай әңгімені сабақтадым.
-Отыз үш! Жоқ отыз төрттемін! Сол қатынның кесірінен үйленбедім ғой! Мені сыйғызбай жатқанда алған әйелімді де сыйғызбас — деп тағы да бар кінәны көз көрмеген өгей шешесін жапты.
-Бөлек тұруға болмай ма?, — дедім.
-Мен не үшін бөлек тұрады екенмін! Үйдің кенжесімін! Әкемнің үйі маған қалу керек. Ана қатын сол үйге жармасып жүр. Соны шалға айтсақ түсінбейді.Оның үстіне бөлек тұратындай мен де жағдай жоқ! Маған кім көмектеседі?! Дос та, бауыр да қарайласайын демейді. Бәрі алғанға шебер, — деп аянышты көзбен бір қарап, донерді тауысты…
-Басың ауырып тұрған сияқты жүз грамм ішесің бе?, — дедім.
-Жақсы болатын еді. Түсінігің бар жігіт екенсің! Ішейік, — деп жүзі жайнап, қуанып кетті.
-Бірақ жоқ қой, — деп мұңайған түр жасадым.
-Мен сені алады екен десем, — деп бірден еңсесі түсіп кетті.
-Жарайды! Мен кеттім! Аман бол! Өгей шешеңе ерегесіп қаңғып жүре берме, — дедім.
-Сұрқия әкемнің үйін босатсын! Әкем де баласының қаңғып жүргенін естіп, ол албастыға кет дейтін шығар… Бәрібір үй маған қалады. Олар заңды түрде тіркелмеген, — деп сөзін аяқтады.
-Бопты! Жарайды, — дедім де аллеяға қарай беттедім. Г.ны кетіп қалған шығар десем көп орындықтардың бірінде шылым шегіп отыр екен. Үнсіз барып, жанына жайғасқаным сол еді:
-Ренжіме! Шекпеймін деп саған сөз берген болатынмын. Бәстескен 100$ ертең беремін!
-Ондай 100$ ларды жинайтын болсам Алматыдан бір үй алып алатын едім ғой, — деп еріксіз күлдім.
-Сөзім де тұрып үнемі берем ғой! Өзің ғой алмайтын! Бүгін сен кінәласың! Адамның жынын ұстатып… Болды бүгіннен бастап шекпеймін, — деп темекінің қорабын лақтыра салды да, қалтасынан сағыз шығарып шайнай бастады. Маған да ұсынды.
-Сөзіңде тұрып ақша ұсынғанша, сөзіңде тұрып шекпей-ақ қойсаң болатын еді, — деп жерде жатқан қорапты алып қоқыс жәшігіне тастадым.
-Кетші! Жүр қайттық па? Маған әлі ренжіп тұрсың ба? Сені ренжіп қалады деп ойламадым, — деді.
-Жоқ! Артық кетсем, кешір, — дедім.
-Адам ренжітіп алып, кешірім сұрамай-ақ қойшы, — деп еркелей қолымнан ұстады. Сол қол ұстасқан күйі жүріп келеміз. Г. такси тоқтатпақ болды. Мен қарсы болып едім:
-Есің дұрыс па? Әлі үйге дейін біраз жер бар ғой, — деді.
-Қойшы! Жаяу-ақ шығарып саламын! Содан кейін таксиге мен төледім деп шығасың, — деп күлдім.
-Қоймайды екенсің! Маған бәрібір жүре берем, — деді де әдеттегідей нәзік қолымен иығымнан төмпештеп жіберді…
Біраз жер жүрдік. Ол да, мен де үнсіз. Біздің қабағымызға қарай ма кім білсін күн тұтылып, жаңбыр тамшылай бастады:
-Такси ұстаймыз ба?, — деп Г. маған қарады.
-Қажеті жоқ! Жүре берейікші, — дедім. Жаңбыр құя бастады. Қарсылық білдіргеніне қарамай, жолсерігіме үстімдегі күртемді шешіп бердім. Ол екеумізде «су болмайық» деп күртені басына жамылып маған жақын жүруге тырысты. Бір сағатқа жуық жүріп, малмандай су болып Г.ның үйіне де жеттік. Жаңбыр бастапқыдағыдай емес саябырсыған. Г. қолымды қатты қысып:
-Сенің жүрегің жұмсақ! Бірақ маған келгенде…, -деп сөзін аяқтамады.
-Саған келгенде не болыпты?. — деп таңырқай қарадым. Көзіме ұзақ қарап мойныма асылып, көптен бері кеседен басқа жерге тимеген ернімнен сүйе бастады. Мен артық қимыл істемедім. Тек белінен қапсыра құшақтап тік көтеріп алдым да:
-«Дос», «дос» деп не істеп жатырсың, сен қыз?!, — деп жүзіне күлімсірей қарадым.
-Аңқаусың ғой! Қыз бен жігіт дос болмайды, — деп жерге түсіруін өтінді. Үнсіздік…
-Сен мені сүймейтін шығарсың, — деп жалынышты көзбен қарағандай болды. Мен не дерімді білмедім. Жүрегімнің не деп жауап беретінін өзі де білетін сияқты. Расымен мен оны сүймейтінмін. Ақылына көркі сай сұлуды «сүйем» деп әлек етіп жүре беруге тағы болмас.Үнсіз ойға шомып отырғаным да:
-Жүр! Дүкенге барып келейікші, — деп Г. құшақтады.
-Өзің барып кел! Әйтеуір менсіз жүре алмайды екенсің, — деп әзілдеп көтеріп алдым.
-Ой’ жынды жібер, құлатасың, — деп мойнымнан қаттырақ қысып құшақтап алды. Бірақ даусы осы жолы сондай шаттанып шықты.
-Не аласың?, — дедім жерге түсіріп.
-Сыра! Саған жыным ұстап тұр! Қаласаң бүгін менікіне қонсаң болады. Үйде ешкім жоқ, — деп сөзін аяқтады.
-Бағанағы қаңғыбас жігіт өгей шешесіне жыны ұстап ішіп кетіпті. Сен маған жының ұстап ішіп кетесің бе?, — деп астарлы әзілдеп күлдім. Бұл әзілім ұнамаса керек:
-Сен қаласың ба? Кетесің бе?, — деп зілді дауыспен сұрады.
-Кетем, — кеткім келмесе де кетем деуіме тура келді. Г.дай сұлумен бір шаңырақ астында бір күн түнегесін кірер есік бар да, шығар есік жоқ екенін жақсы білдім…
-Кетсең кет, — деді де қоштаспастан подъездге кіріп кетті. Тұрған қалпымда ештеңе деместен қарап тұрып қалдым. Іштей Г.ны ренжітпей, сондай-ақ өзімді де ренжітпей кіре салу керек пе еді деген ой мазалайды. «Болар іс болды» деп үйге қарай бет алдым. Жол бойы ойланып келемін. Тәп-тәуір жігіт өгей шешесіне өкпелеп ішіп, қаңғып кетсе, Г. маған ренжіп шылым шекті. Тіпті өкпесі басылмай сыра ішпек болды.. Адамдар өзгелерге өкпелеп өзіне зиян тиетін әрекеттерге барады екен ғой. Әсте бәзбіреуге ерегесіп негативті девиант мінез көрсету бірінші өзгеге емес, өзіңе зиян емес пе?! Әй’ осыны түсінбейміз ғой… Кенеттен бағанағы өгей шешесімен өлмеген әкесінің үйіне таласып жүрген «мен де жағдай жоқ. Маған кім көмектеседі? Бауыр да, дос та қарайласпайды» деген қаңғыбас жігіттің сөзі есіме түсті. Кім көмектесу керек?! Осы сұрақ санамда туындағаны сол еді… Жадымда жатталған ескі аңызды біреу дауыстап оқып жатқандай болды:
-Баяғыда бір білімді кісі болыпты. Бір күні жол жүріп келе жатып қанаты сынған өздігінен ұшалмайтын қыран құсты көреді. Апырай?! Мына бейшара құс қалай күнелтіп жүр екен деген ойға қалады. Қызығушылығы артқан білім иесі сапарын тоқтатып, бақылайды. Көп ұзамай қанаты сау қыран өлексені мүгедек қыранның алдына әкеліп тастап қайта ұшып кеткенін көреді. Ойға қалған білім иесі «О’ Жаратқанның құдіреті! Еңбек етпей жүре берсең де Тәңірі өзінің ырыздығын береді екен ғой» деп сол күннен бастап, еңбектенуден, ғылым іздеуден бас тартады. Күндер өтіп, азып- тоза бастайды. Расымен «өлмегенге өлі балық жолығып» күнелте береді. Бір күні өзінен де ақылы асқан ғұлама естіп арнайы іздеп келеді де:
-Бұлай өмір сүруді кімнен үйрендің?, — деп сұрайды. Білім иесі көрген оқиғасын толығымен баяндап, мүгедек қыраннан үлгі алғанын айтады. Әр сөзін мұқият тыңдаған ғұлама:
-Соншалық білімді бола тұра мүгедек қыраннан емес, дені сау қыраннан үлгі алу ойыңа келмеді ме?!, — деп қатты кейіген екен. Ғұламаның осы сөзінен кейін білім иесі ойланып баяғына қалпына келіп, бұрынғысынан бетер жетістікке жетіп, аймағындағы міскіндердің бәріне қорған болыпты-міс…
P.S. Бұлтпен таласа көкке көтерілмесемең де, дені сау қырандай қанат қаққанға не жетсін?!…

Аяз Бидің Фб парақшасынан