«Білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы»
Бүгін Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Ерлан Кенжеғалиұлы Сағадиевтің бұқаралық ақпарат құралдарымен «Білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» тақырыбында брифингі өтті.
Брифинг барысында Ерлан Кенжеғалиұлы, мектепке дейінгі және орта білім, ақпараттық технологиялар департаментінің директоры Жаңыл Алпамысқызы Жонтаева және «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма Төрайымы Күләш Ноғатайқызы Шәмшідинова баяндама жасады. Ерлан Сағадиев кездесу барысында білім беру және ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасының негізгі даму бағыттары жөнінде хабарлады. Ол министрлікке басшы болып тағайындалғалы бері ҚР білім беру жүйесіндегі бірқатар стратиегиялық маңызы бар құжаттарға қол қойған. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Президенті жарлығымен Білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бекітілді, оны іске асыру бойынша іс-шаралар жоспары қабылданып, қолданыстағы мемлекеттік білім беру стандарты жаңартылды. 250-ден астам кездесулер мен талқылаулар өткізілген. Соның ішінде Израиль, Ұлыбритания, Латвия, Венгрия, Италия елшілерімен, үкіметпен, ЕҚЫҰ, ЭЫДҰ елдері, Әлем Банкі, Қазақстандық ҮЕМ өкілдерімен, журналистер және қоғам қайраткерлерімен өткізілген кездесулерді ерекше атай кеткен жөн. Ерлан Кенжеғалиұлының үлесіне бұдан бұрынғы министрлердің бастамаларын толыққанды енгізу сәті тиді. Президенттің тапсырмасы бойынша бұл жұмыс 15 жыл бұрын басталған.
Ал, Жаңыл Жонтаева білім беру мазмұнын жаңарту, 12 жылдық білім алу, көп тілділік туралы баяндап өтті.
Өз кезегінде Күләш Шәмшідинова Қазақстан Республикасының орта білім берудің жаңартылған мазмұны шеңберінде педагогикалық кадрлардың біліктілігін арттыру мәселелерін атай кетті.
Еліміздегі жалпы білім беретін 30 пилоттық мектептерде өткізілген сынақ қорытындысы бойынша 2016 жылғы 1 қыркүйекте Қазақстандағы барлық бірінші сыныптарында білім берудің жаңартылған мазмұны енгізіледі. Осыған байланысты, 2016 жылғы мамыр мен тамыз айлары аралығында бастауыш мектеп мұғалімдерінің біліктілігін арттыру курстары ұйымдастырылады.
ДББҰ НЗМ Педагогикалық шеберлік орталығы және «Өрлеу «Біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» тарапынан барлық облыстық орталықтар, Астана және Алматы қалаларында ұйымдастырылған біліктілікті арттырудың арнайы өңделген бағдарламалары бойынша мұғалімдерді оқыту жүргізіледі. Тренерлердің алыстағы аудан орталықтарына жолға шығуы қарастырылған.
К.Н. Шәмшідинова атап өткендей, жазғы демалыс кезінде бастауыш мектептің 73 мыңнан астам пән мұғалімдері мазмұны жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша курс өтетін болса,
ұстаздардың оқу қорытындылары бойынша кейінгі сертификаттау мүмкіндігімен бағалау рәсімі ұйымдастырылады.
Білім беру бағдарламасын іске асыруда педагогтарды қолдау үшін курсты аяқтаған кезде әрбір мұғалімге сыныптағы толыққанды жұмыс үшін қажет электрондық ресуртардың толық жинағы үлестіріледі (Барлық пәндер бойынша мүғалімдер оқыту құралы; ОМК; бағалау бойынша әдістемелік ұсыныстар; мәнерлеп оқу, музыка бойынша әдебиеттер; сөйлеу мәнерін дамыту үшін постерлер және т.б.).
Сонымен қатар, Жүйелік-әдістемелік орталық құрылған. Онда бастауыш мектептегі білім беру бағдарламасы бойынша онлайн режимде сабақтардың үлгісі, дидактикалық материалдар, видео, фото, аудио, анимациялық ресурстар еркін қолжетімділікте салынған.
Мұғалімдерден басқа 15 261 директорларды, директор орынбасарларын, облыстық білім беру басқармаларының әдіскерлерін, қалалық/аудандық білім беру бөлімдерін оқыту жоспарланған.
ҚР Білім және ғылым министрлігінің мәліметтері бойынша дайындалды