АДАМ СЕНБЕЙТІҢ АҢЫЗ.
ЖАМАН ХАБАР жерде жатпайды. «Аң патшасы Арыстан ет жемейтін бопты!» — деген суық хабар ораман ішін аралап, тау-тасты кезіп, суға сүңгіп, сазға батып, балшық кешіп,тентіреп кетті. О заманда бұ заман, азу тісті ағайынның өз еркімен еттен бас тартқаны хайуандыққа қасақана жасалған айуандық емес пе! «Апырау, мұнысы алжығандық па?!» — деген ойды жұрт ішінен ойласа да сыртқа шығаруға дәті бармай күпті болып қалды. Жөн білетін Жолбарысты, қол бастаған Қасқырды, тамыр ұстай білетін Түлкіні жұрт, жұрты несі құдай-ау, хайуандар, Арыстанның халін біліп, көңілін сұрауға жіберді.Үшеуі патша сарайына үнсіз келеді. «Патшаның бұл қай сасқаны? Онсыз да жыл сайын бір жарлық шығарып, өйтуге болмайды, бүйтуге болмайдының астына алып жатқаны аздай, мынаусы несі? Ата — бабасы қойдың етін жеп келген Қасқырды алты ай бойы Алтайдың ар жағына оқуға жіберіп, білімін жетілдіртіп алды. Қасқырдың сондағы бар үйренгені бақа-шаянның етін жеу. Енді «Қасқырға қойдың еті зиян екен!» — деп, заң шығартып, күллі қасқырды қой етінен ажыратты. «Қырандар көктен құйғытып келіп аң аулауы өздерінің қан қысымына зиян» — деген желеумен жарлық шығарып, қыран біткен жер бауырлап құрт-құмырсқа теріп кетті. Сардаланың аң біткені өмірі естімеген қолтырауынның тілін үйренсін деген жарлығы анау. Енді мынаусын неге жорысақ екен? Ақыры не болады? Даланың аңын Тайганың аюы мен Сібірдің сілеусініне тегін тасығанымыз аздай, енді езуімізден етті жырып береміз бе?» — деген күдікті ой үшеуін де мазалап келеді. Бір-біріне ашып айтуға қорқады. Себебі жыртқыштың жыртқышқа сенімі азайған.
Арыстан тақта отыр екен. Алдында жаюлы дастархан. Шынымен де бір тістем ет жоқ, кілең шөп-шалаң. Жолбарыс аз мәзіріне жиіркене көз тастады. Қасқыр қақалып қалды. Түлкі тыржиғанын сездіргісі келмей бетін бүркемелеп отыр.
— Арсеке, еттен неге жерідіңіз? – деп, Жолбарыс ептеп сөз бастады, — әлде, денсаулығыңыз сыр берді ме? Олай болса айтыңыз, Үндістанның тәуіп Үкісін алдырайық. Болмаса,Жапонның бақсы Жапалағын жеткізейік…
— Сіз дегенде аянарымыз жоқ, Арсеке, қолдан келген көмегімізді… – деп, Қасқыр күңк етті.
Арыстан аузын жапырақпен сүртіп, үшеуіне бастан-аяқ қарап шықты.
— Ормандастарым менің, — деді сосын, — бұл денсаулық деген шіркінге шөптен келер пайда ұшан-теңіз екен ғой! Білмей жүріппіз ғой.Қаншама битәмен, пайдалы, дәрілік қасиеті бар, Қорек десең қорек, қуат десең қуат. Бір киікті қуып жүріп, ентігіп, шаршап-шалдығып ұстайсың, оның етінен келер не пайда? Қан мен шикі еті. Сол бір киіктің етінің орнына үш арба шөп жеген әлде қайда пайдалы екен! Біріншіден, шапқылап жан қинамайсың, жатып ал да шайнай бер. Екіншіден, сынған сүйекке қақалмайсың. Міне мынау импортный, Нарынқолдан келген кәртүшке, дәмін татып көріңдер! – деп, астауды келгендерге тарта қойды.
Патшаның қолын қағатын жан екеу емес, үшеуі бір-бір тістеп көрді. Жолбарыс лоқсып жіберді. Қалған екеуі қып-қызыл болып, демін ішіне тартып, тұншығып отыр.
— «Қасқырдың аузы жесе де қан, жемесе де қан» — деген сүйекке түскен таңбамыз бар, ата-салттан аттағанымыз қалай болар екен? – деп, қанын ішіне тарта сыздықтата сұрақ қойды бір кезде Қасқыр.
— Заман талабы солай боп тұр ғой, — деді Арыстан, — заман солай. «Заманың түлкі болса,..» қалай еді, Түке?
— Есімде жоқ сол, — деп, Түлкі өзіне ұнамайтын мақалды айтқысы келмеді.
— Өздеріңдей орманның аюы алпамсадай денесімен ет сұрамай, бал жалап, өлмей жүр ғой. Басқа түссе баспақшыл деген осы. Оның үстіне қояндар қолдарына «Аңдардың құқығы қашан қорғалады? Жыртқыш болмасақ та аңбыз. Барлық аңның құқығы тең болсын! Жазықсыз жапа шеккіміз келмейді!» — деген ұран жазып, көшеге, ой, тойыс, көгалға шығыпты. Бүйте берсе ертең бүкіл халық, тойыс, хайуан көтеріледі! Алды-артына қарамай атойлап тұра шабатын Тайбурыл қай үйірден болса да табылмас деймісің!? Менің ойлағаным ха… хайуанның қамы, жануардың жан тыныштығы, тағының таңы, жабайының ертеңі! – деп, Арыстан кекіріп жіберді. Ол кекірген кезде көмейінен өтпей тұрған құланның тобығы топ етіп, дастарханға түсті.
— Апырмай, мынау не? – деді, Түлкі тобықты алыстан танып, көзі күлімдеп, — тобық қой! Құланның тобығы! Семіз екен өзі…
Қасқыр дереу столдың астына үңіліп еді, жас бұқаның балғын еті былқып тұр екен.
— Ойпырмай, мынау кеше ғана маған ұстатпай кеткен қасқа бұқа болмасын – деп, бір жұтынып қалды.
Жолбарыс Арыстанға қадала қарап, көзін сығырайтып, жауап күтті.
Патша сыр бермеді. Дастарханда жатқан бананды бір жалап қойды да:
— Енді, айтып отырмын ғой, шөп жегеннің пайдасы мол деп… Шөп құрғырың қалың болады… Ішінде кімнің жүргенін тіпті көрмей, білмей қаласың. Тіліңмен шөпті орай тартып жүргеніңде езуіңе байқамай ну қамыстың ортасында жүрген бірлі-жарым аң ілініп кетеді. Байқамай қаласың тіпті… – деген Арсекеңнің күлімсіреген күнәсіз көзі үшеуін жылдап сүзіп өтті.
Жыртқыштарға керегі де осы сөз еді. Бір-бірін ыммен ұға қоятын дарын ата-бабаларынан қандарында бар, жан-жағына шөпті үйе сала бұқаны бас салды.
Сорпа ішіп, тіс шұқып отырған кезінде Арсекең:
— Хал… Хайуандарға жарлықты жақсылап жеткізіңдер! Шөптің пайдасын дәріптеңдер, жазыңдар! Айтпақшы, енді жазуды Қырғауылдың қанатымен емес, Түйқұстың құйрығымен жазыңдар! Олар жаңа қаламға үйренгенше сендер шөп аралай беріңдер! – деп, тапсырмасын айтты.
Жыртқыштар жымиып, жаңа жарлықты жамағатқа, тойыс, жануарларға жеткізуге, әсірелеп, әспеттеп дәріптеуге жүріп кетті. Езулеріне бір сабақ шөп қыстыра кетті…
Асқар Наймантаев