Түлкібастың өнімі шетелдіктерді қызықтыруда
Кәсіпкерлікті дамыту үшін елімізде қабылданған бағдарламалар бүгінде өз жемістерін беруде. Соның дәлелі ретінде Түлкібас ауданындағы «Байтерек 4» серіктестігі жұмысының қарқын алғанын айтуға болады. Көкөністерді консервілеумен айналысатын бұл мекеме жылына 1,5 мың тонна болатын 28 түрлі өнім шығаруда.
Кәсіпкер тауарлардың басым бөлігін Алматы қаласы мен еліміздің батыс өңірлеріне жіберуде. Бүгінде табиғи, экологиялық таза өнімдерге Қытай халқы да қызығушылық таныта бастаған. Егер миллиардтан аса халқы бар Қытайдан сұраныс түсер болса, кәсіпорынның жұмысы бұрынғыдан да жанданып, қарқын алары анық. Бұл жөнінде «Бәйтерек 4» серіктестігі директорының орынбасары Бақытжан Оспанов былай дейді: «Күн санап біздің өнімге деген сұраныс күшейіп келеді. Бұл тұтынушылардың көңілінен шыққандықтан деп ойлаймын. Бүгінде шетелдік нарыққа аяқ басып отырмыз. Жазғы уақытта қырық адам жұмысқа тартылса, қазір жиырма маман жұмыс жасауда».
Өңделетін көкөністер көрші Сайрам ауданынан бөлек Қырғызстан, Өзбекстан елдерінен де сатып алынуда. Кәсіпкер алдағы уақытта шикізатты өзі өндіруді қолға алмақ. Осы жұмыстарды іске асыру үшін аудан әкімдігімен бірлескен түрде тиісті жұмыстар атқарылуда.
«Байтерек 4» серіктестігінің «Көкөніс консервілеу базасы 2015 жылы «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында іске қосылған. Жобаның жалпы құны — 115 миллион теңге. Өндіріс орны Қытай, Ресей және Болгария елдерінен алынған заманауи құрал жабдықтармен жабдықталған.
С.Сайлау