Арыстық әкім «Нивалы» болды
Күз айының соңы — шаруаның жиын-терімнен қолы босап, ала жаздайғы еңбегінің жемісін көретін кезі. Жылда осы уақытта әр аудан мен қалада шама-шарқына қарай той-тойлап, «Алтын күз» мерекесі ұйымдастырылады. Арыс қаласында дәстүрге айналған «Алтын күз» жәрмеңкесі 20-қараша күні Әл-Фараби алаңында өткен болатын. Қала әкімі мен орынбасарлары, зиялы қауым өкілдері шаруалардың өндірген өнімдерімен танысып, жәрмеңкені аралап, тұтынушылармен жүздесті. Аталған жәрмеңкеде ақшаңқай киіз үйлер тігіліп, ауыл еңбеккерлері өндірген өнімдерден ұлттық тағамдар әзірленді.
Салтанатты шара барысында шаһар басшысы Мұрат Қадырбек мырза мерекеге орай тұрғындарға ізгі тілегін білдіріп, Елбасының тапсырмаларымен мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруда, қаланың жаңарып, гүлденуіне, әлеуметтік экономикалық дамуына ерекше үлес қосқан азаматтарды «Еңбек даңқы» белгісі мен «Алғыс хат», «Құрмет грамоталарымен» марапаттап, бағалы сыйлықтар табыс етті. Ал ауыл шаруашылығы өнімін өндіруде жоғары нәтиже көрсеткені үшін «Алтын күз-2017» жеңімпазы — Ақдала ауылдық округ әкімдігіне су жаңа «Нива» автокөлігінің кілті салтанатты жағдайда табыс етілді.
Осы мүмкіндікті пайдаланып, ақ нивалы болған Ақдаланың әкімі Ақатай Тәженовты әңгімеге тартқанда ол кісі былай деді:
— Жыл басында бізге облыстық ауыл шаруашылық басқармасынан ауыл шаруашылық және мал шаруашылығында алынатын өнім көлемі көрсетілген жоспар келеді. Біз сол талаптардың барлығын жоспардан тыс орындадық. Біздегі «Жаңа Ақдала» агрофирмасының өзі 2700 гектардай суармалы жерге ие. Оның 383 гектарына қызанақ еккен. 170 гектар бауы бар. Бізде үлкен сиыр фермаларынан өндірілетін сүттің де мөлшері көп. Осындай жетістіктер ескерілсе керек, қала басшылығы бізді жеңімпаз деп тауып, көлік сыйлады. Сенімдері үшін рахмет. Келесі жылы да осы биіктен төмендемеуге тырысамыз.
Арыстықтарды арзан өніммен жарылқаған жәрмеңкенің соңы Арыс аспанын әнге бөлеген концерттік бағдарламаға ұласты.
М. РАЙЫМБЕК