Оңтүстікте балық шаруашылығы көбеюде

Кеңес Одағы кезінде Бәйдібек ауданы Қазақстандағы артта қалған аудандардың бірі болатын. Тәуелсіздік алған кейінгі жылдары аталмыш аудан жұртшылығы үшін ортақ пайдаланатын кәсіп көзі табылмай, қиынға соқты. Өйткені, жазы аптап, қысы қатал өңірде кез-келген шаруаны дөңгелету оңайға соқпайды. Одан қалса, аудан нарықтық ортадан алыс, темір жолдан шалғай жатыр.

Десек те соңғы жылдары Бәйдібек ауданының жаңа тынысы ашылып келе жатқандай. Мәселен, осыдан біраз уақыт бұрын аталмыш ауданда тұт ағашы егіліп, тұрғындар жібек өндіруге бет бұрды. Ал Сауд Арабия кәсіпкерлері Бәйдібек жерінде дуадақ өсіретін кешен ашқан. Үнемі жел тұратын аймақта жел электр станциясының игілігін көруде маңдайға бұйырыпты. Аудандағы кәсіпкер Е. Шынқожа Шаян өзенінің жағасынан өз қаржысы есебінен 5,0 га жерге үш балық асырау бұғатының (бассейн) құрылысын бастаған болатын. Жақында сол үш балық асырау бұғатының екеуінің құрылысы аяқталды. Сөйтіп, оған 50 мың шабақ балықтарды салтанатты түрде жіберу рәсімі өтті. Салтанатты шараға Бәйдібек ауданы әкімінің орынбасары Н.Айтбеков, ауылдық округі әкімдері, бөлім басшылары мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері, ауыл ардагерлері қатысты. Бұғаттардың біріншісіне – 100 мың, екіншісіне 200 мың балық сияды екен. Алдағы уақытта құрылысы аяқталады деп күтіліп отырған үшінші бұғатқа да 200 мың шабақ жіберілмек.

Аталмыш бұғаттың ашылуы 7 жұмыс орнының ашылуына сеп болды. Үшінші бұғат іске қосылғанда тағы да бірнеше адамның «екі қолына бір күрек табылмақ». Е.Шынқожа бұл жерде тек балық көбейтумен ғана айналыспайды. Ол сонымен бірге, балық шаруашылығы маңынан жасыл желектер егіп, субұрқақ орнатып, демалыс аймағының құрылысын жүргізбек. Бұл жобаның құны балық асырау бұғаты құрылысы жұмысын қосқанда 55 млн теңге.

Бұған дейін де аудандағы Бестоғай елді мекеніндегі «Досан-Қарабас» су қоймасына жеке кәсіпкер «КазГолдФишт» ЖШС-і қаражаты есебінен 700 мың «Сазан» және «Ақ, қара амур» балықтарын жіберсе, үстіміздегі жылы мамыр айында Кеңестөбе елді мекенінен «Нұр-Ай» шаруа қожалығы 8 мың шабақ жіберген еді.

Т.БОРАЛДАЙ