Көп елді мекенге газ құбыры тартылды

Жаңа жыл қарсаңында Оңтүстік Қазақстан облысындағы көптеген тұрғындар қуанышқа бөленгелі отыр. Себебі, үстіміздегі жылы Оңтүстік Қазақстан облысында газ жүйесін тарту жұмыстары қарқынды жүрді. Қазіргі таңда оларды қысыммен тексеру және пайдалануға дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Биылдың өзінде Сарыағаш ауданындағы «Ынтымақ», «Көбек», «Жаңа дәуір», «Дмитриевка», Бәйдібек ауданындағы Боралдай, Шымкент қаласындағы «Ынтымақ-2» шағынауданы, сонымен бірге, Мақтарал, Төлеби, Қазығұрт, Сайрам аудандарындағы бірнеше ауылдарға газ құбыры тартылды. Егер жаңа тартылған көгілдір отын жүйелері іске қосылса, ауылдық жерлердегі тұрғындар қатты отын жинау, дайындау, күлін шығару секілді тірліктен қолдары босамақ.

Мұнан бөлек, газдың қосылуы жаңа кәсіп көздерінің ашылуына мұрындық болады деп күтілуде. Мысалы, тәтті нан, тоқаш секілді ұн өнімдерін дайындайтын цехтар мен отынды қажет ететін жылыжайлар қатары артуы бек мүмкін.

Бұған дейін Бәйдібек ауданының батыс жағынан кірген газ құбыры өңірдің 30-ға жуық елді мекенін көгілдір отынмен қамтамасыз етеді деп күтілген. Былтыр аудан орталығына берілген газ, үстіміздегі жылы өзге ауылдарға тартылып, жергілікті тұрғындарды қуантуда. Енді ауданның шығыс жағынан кірген құбыр қалған елді мекендерге көгілдір отын жеткізбек. Негізі 54 мыңнан аса халқы бар өңірде 52 елді мекен бар. Алдағы жылдары сол елді мекендер толығымен газ пайдаланбақ. Қазіргі көгілдір отынсыз отырған ауылдарға тартылатын газ жобасының сметасы дайындалу үстінде.

С.БАЙБОСЫН.