МАҚТАРАЛДА КӨШПЕЛІ ҚАБЫЛДАУ ӨТКІЗДІ

Естеріңізге салайық, бүгінде 3 миллионға жуық тұрғыны бар оңтүстікте түрлі деңгейде 203 Қоғамдық келісім кеңесі әрекет етеді. Биылғы І жартыжылдықта 218 мәселені қарастырып, мемлекеттік құрылымдарға 149 ұсыным берген облыстық ассамблея жанындағы кеңестерінің отырыстарында мемлекет тарапынан берілетін субсидиялар, жер телімдерін ұсынуда ашықтық пен жариялылық үрдісін енгізу, ағынсу тапшылығы, жайылым жерлердің жетіспеушілігі, жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу жайы қаралды. Ауыл әкімдері мен мемлекеттік мекемелердің және учаскелік полиция инспекторларының есептерін тыңдау тәжірибеге енгізілген.

Оңтүстік Қазақстан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Қоғамдық келісім кеңесінің мүшелері 300 мыңнан астам тұрғыны бар әрі халқы тығыз қоныстанған Мақтарал ауданына келіп, Мырзашөл, Достық, Өркенді елді мекендерінде ауыл азаматтарын арнайы қабылдады.

Көшпелі қабылдауға жиналған жергілікті тұрғындар ауыл-аймақтағы бірқатар өзекті мәселелерді кеңес мүшелерінің назарына жеткізді. Елді мекендерге фельдшерлік-акушерлік пункт пен мектеп салу және ауылдарға табиғи газ тарту, Мырзашөлдегі мәдениет үйін күрделі жөндеу, ауыл шаруашылығын қолдау сынды жайттар қабылдауда ашық айтылды. Өз кезегінде облыстық қоғамдық келісім кеңесінің мүшелері мен аудан әкімдігінің жауапты қызметкерлері ауыл халқының талап-тілектерін тыңғылықты тыңдап, қойылған сауалдарға жауап берді. Бірқатар түйткілді мәселелерді түртіп алды.

Көшпелі қабылдауда ОҚО ҚХА төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов ассамблея жанынан құрылған Қоғамдық келісім кеңестерінің негізгі мақсаттарының бірі – жергілікті жерлердегі әлеуметтік мәселелердің шешілуіне ықпал етіп, қоғамды толғандырған өзекті проблемаларды жергілікті билікпен бірлесе реттеу екенін жеткізді. Осындай көшпелі қабылдаулардың жыл соңына дейін өңірдегі 3 ауданның ауыл-аймақтарында жалғасатынын хабарлады. Қабылдауға келіп, ауылдағы өзекті мәселелерді жасырмай жеткізген ауыл тұрғындарына алғысын білдірді. Сондай-ақ, көтерілген жайттар облыс басшылығының назарына ұсынылатынын айрықша айтты.

Б. Сабыржан