Тұңғыш Президент күніне орай «Астана» тұрғын үй кешені пайдалануға берілді

«Бүгін «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасы аясында «Шымкент» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ы арқылы қалада салынған бірінші кезектегі 2 тұрғын үй пайдалануға беріліп отыр. Бұл үйлердің құрылысы тұрғын үй комбинаттарының өнімдерін қолдана отырып, іске асырылуы және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағытына ұқсас жүргізілуде»,-деді әкім.

Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы Шымкентте 1 желтоқсан — Тұңғыш Президент күні мерекесіне орай бірінші кезектегі «Астана» тұрғын үй кешені пайдалануға берілді.

Осылайша бүгін шымкенттік 96 отбасы баспаналы болды. Тұрғын үй кешеннің ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімі Ж.Түймебаев жаңа қоныс берекелі және ырысы мол үлкен ордаға айналуын тіледі.

Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғындарын қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында «Шымкент» ӘКК» ҰК АҚ құрылысқа 1,2 млрд. теңге көлемінде инвестиция салған еліміздегі алғашқы әлеуметтік корпарация болып отыр.

 

Қаланың әкімшілік және іскерлік орталығында орналасқан тұрғын үй кешенінде тоғыз қабатты 4 тұрғын үй бой көтерген. Мұндағы пәтерлердің жалпы ауданы — 14776,6 шаршы метрді құрайды. Бүгінде 2 блок, яғни 96 пәтер пайдалануға берілсе, қалған 2 блок келер жылдың бірінші тоқсанының аяғына дейін пайдалануға беріледі. Жобаның жалпы құны – 2,75 млрд. теңгені құрайды.

«Астана» тұрғын үй кешені екінші классқа жататын бір тұрғынға 25 ш.м. жеке кеңістікті есептеу арқылы салынған сәнді апартаменттер. Мұнда тұру жағдайлары мен инновациялық технологиялар үшін қажетті барлық мүмкіндіктермен қамтамасыз етілген.

Аталған тұрғын үйдегі «Өз үйім» бағдарламасы бойынша «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-нан пәтерлерді сатып алуға болады. Бағдарлама бойынша орташа

бағасы бір шаршы метр үшін 180 мың теңгені құрайды. Несиенің жылдық пайыздық мөлшерлемесі 5-тен 10 пайызға дейін.

Айта кетейік, тұрғын үй құрылысын жүргізген «Оңтүстік құрылыс сервис» ЖШС-гі құрылыс кезінде 300-ден астам адамды жұмыспен қамтыған.

Жалпы Оңтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері 525,4 мың шаршы метр тұрғын үй яғни, 5189 пәтер пайдалануға берілді. Ал, облысқа белгіленген жоспар 550,6 мың шаршы метр болса, жыл қорытындысымен жоспар артығымен орындалады.

Нұр Мекен