ЖАРТЫ ҒАСЫРДАН СОҢ АШЫЛҒАН ХАТ

Мектеп-гимназия директоры Ж.Орынбаеваның айтуынша елу жыл бұрын хатты салу рәсіміне ие болған Осипова Ольга, Шмарин Михаил, Гүлхан Сәдиқызы және Шприна Нелли бұл жиынға арнайы шақыртылған. Рухани сабақтастықты жаңғыртуға бағытталған шара мектеп қабырғасында әлі де жалғасуда. Білім ұясындағы әр сыныпта тәрбие сағаттары ұйымдастырылып, рухани жаңғыру бағдарламасымен орайластырылған игі істің мәні мен мазмұны түсіндірілуде.

Түркістан қаласындағы №9 Некрасов атындағы мектеп-гимназиясының ғасырға жуық тарихы бар. Көне заманнан сыр шертетін осы білім ұясының шәкірттері мен ұстаздары 1967 жылы ХХІ ғасыр тұрғындарына арнап хат жазып, оны мектеп ауласындағы соғыс құрбандары ескерткішінің іргетасына арнайы қорапқа салып қалдырған. Аталған хаттың елу жылдан соң ашылуы аманат етілген. Осы аманат хатты ашу бүгінгі ұрпақтың еншісіне бұйырыпты. Мектеп ұжымы мен ата-аналар комитетінің басқосуымен 4 қазан күні салтанатты жағдайда елу жыл бұрынғы оқушылар мен ұстаздардың аманаты ашылып, көпшілік алдында оқылды. Хат орыс тілді мектеп болғандықтан сол тілде жазылған (қазір қазақ және орыс аралас мектеп-гимназиясы). Мұнда мектеп ғимаратының 1939 жылы салынғаны, ол Түркістан қаласындағы тұңғыш екі қабатты нысан екендігі атап көрсетілген. Мектеп айналасы тап-тақыр топырақ болғаны, одан беріде шәкірттер мен ұстаздардың бірлесіп, жеміс ағаштарының отырғызылғандығы және сол ағаштардың мәуелі баққа айналғандығы жазылған. Сонымен бірге, хатқа Ұлы Отан соғысының қасіреті де арқау болыпты.

Елу жылда ел жаңа дегендей бүгінгі күндері еңсесі бәсеңдеген бұл екі қабатты мектеп жанынан 4 қабатты оқу ғимараты, спорт залы мен акт залдары бой көтерген. Бұдан бөлек қала көлемінде тоғыз қабат биіктікке дейін түрлі нысандар бой көтергенін айтсақ, соңғы елу жыл ішінде жаңа Түркістанның қалыптасқанын көзге елестету қиын емес.

Осылайша әсерлі басқосудың соңы бүгінгі мектеп ұжымының 2037 жылы оқылуы тиіс хат жазылып аталған ескерткіштің іргетасына орнатылды. Хатта әлемдегі дамыған елу елдің қатарына қадам басқан еліміздің мұраты қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде баяндалған. Ондағы мақсат латын қаріпіне көшу науқаны басты назарға алынса, қазақ, орыс тілдері мектептің бағытына сай негізге алынған.

 

Нұр Мекен