Елді мекендердің маңындағы жайылымдар ауыл тұрғындарына қайтарылады
АСТАНА. ҚазАқпарат — Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Премьер- Министрінің орынбасары — Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов ауыл маңындағы жайылым алаңдарын айқындайтынын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Заң жобасымен жергілікті тұрғындардың аула малына жайылым жетіспеушілігін шешу мақсатында елді мекендер айналасында жайылым алаңдарын айқындайтын норма көзделуде. Осы мақсатта айқындалған жайылымдарды Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғаларына жалға беруге тыйым салынатын болады. Бүгінгі күні елді мекендердің маңындағы жайылымдардың көбі жеке және заңды тұлғаларға беріліп кеткендігін ескеріп, әкімдіктерге ол жерлерді қайтару үшін мемлекеттік мұқтажға жатқызу құқығы беріліп отыр», — деді А. Мырзахметов жер қатынастарын реттеу заң жобасы бойынша баяндамасында.
Белгілі болғандай, жалпы заң жобасымен Жер және Әкімшілік құқық бұзушылық Кодекстеріне, «Жер кодексінің жекелеген нормаларының қолданысын және 2015 жылғы 2 қарашадағы Заңының қолданысқа енгізілуін тоқтата тұру туралы» және «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңдарға түзетулер енгізіледі. Заң жобасының кейбір нормалары республикалық бюджеттің шығыстарының ұлғайтады, олардың барлығы РБК да қаралып, қолдау тапты.
«Құжат ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жалға берудің жаңа жолдарын белгілей отырып, оларды тиімді пайдалануға бағытталған. Қаралып отырған жаңа нормалар жергілікті атқарушы органдар қызметінің жариялы болуына ықпал етеді, сондай-ақ жерлерді беру жүйелерін ақпараттандыруға және қоғамдық пікірдің кеңінен ескерілуін көздейді», — деп түйіндеді сөзін Асқар Мырзахметов.
Айта кетейік, Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлдады.