Оралмандарды «қашқын» дейтіндерге жауап: «Алдымен тарихты оқы!»
Бұдан бұрын біздің сайтымызда «Сырттан келген қазақтар неге Қазақстанға адал емес?» деген мақала жарияланған болатын. Бірден айтайық, мақалада айтылған дүниелер редакция көзқарасымен сәйкес келе бермейтіні көзі қарақты оқырманға белгілі болар.
Әлеуметтік желіні аралап отырып, Бөрілі Байрақ атты қолданушының мына бір жазбасына көзіміз түсті. Сауатты, салмақты дүние екен. Көз ілмей өте шыға алмадық. Назарларыңызға қаз-қалпында ұсынып отырмыз. Түсінген адамға тұщымды дүниелер айтқан екен…
«Оралмандар»деген əңгіме айтылса, «қашқындар», «сатқындар» деп шығатын кейбір бауырларымызға айтар едім. Алдымен тарихты оқы. Қандай жағдайда, қандастардың шет елде жүргенін біліп ал, сосын оттайсың, аузыңа келгенді айтып.
Кеңестік заманның сұрқия саясаты Ресейге, Қытайға, Өзбекстанға, Қырғызға Қазақстан жерінің өте көп аумақтарын беріп жіберді. Ол жерлерде тұрып жатқан Қазақтар өз ата- баба қонысында отыр. Өзінің туған жерінде отыр. Ата- бабасының сүйегі көмілген жерде отыр. Сондықтан оларды «қашқын»,»сатқын» деуге қақың жоқ. Қазақтың үш биінің тек біреуі — Қазыбек би ғана Қазақстанда, Төле би — Ташкентте, Əйтеке би— Ресейде жерленген.
Сонда сол екі би қашып жүріп, сатқын болып өлді ме…?!
Репрессия мен аштықтың кезінде көп қазақтың жер ауып, көшкені бұл амалсыздықтан. Ана баласының етін жеген, бауыр-бауырды өлтіріп, əкеге бала қарай алмаған заманда ұрпағын аман сақтау үшін үдере көшуге тура келген. Шекара бойында совет өкіметі қаншамасын жосадай қырып жібергенін білмесең, ізден оқы. Ешкім туған жерін өз еркімен тастап кетпейді. Жол бойынша қаншама басқыншылыққа тап болып, Ауғанстан, Иран, Индияға т.б елдерге дейін босып кеткен. Елде қалған қазақтар мықты, олар сатқын емес деуден бұрын, ойланғаның жөн.
Репрессия кезінде қазақ қазақты сатқан. Ашаршылық кезінде қазақ өз баласын, өз бауырын жеген. Біз сол қазақтардың ұрпағымыз. 1962 жылға дейін Қазақстанда қазақтардың үлесі өте аз болған. Кеңес үкіметіне жұмысшы қолы керек болып, шекарасын уақытша ашып, Қытайдан неше мыңдаған қазақтар елге қайтып өткен.
Шекараны дереу жауып тастаған. Сонда арғы жақта өте алмаған қазақтарды қытайлар əскермен қайтарған. Қазақстанда қанша келімсектер жүр.
Жеріңді солардан қызғанбай, өз қандасыңнан қызғану — сорлылық, бейшаралық!
Қытай мен орыстан қызғанбай, Қазақтан Қазақтың жерін қызғануың ақымақтық. Кім көрінген сыйған жерге, кім көрінген қарындасыңды жар етіп алып жатқанда, үн шығаруға жарамай, ақылыңның жеткен жері қандастарымызды кемсіту болса — құлдық санадан ажырамағаныңның белгісі.
Мұстафа Өзтүрік, Қанат Ислам, Майра Мұхамедқызы, Серік Сапиев, т.б шеттен келген қандастарымыз жасағанды, өзің елің үшін жасап жатырсың ба?!
Қолыңнан келмей ме, аузыңа келгенді көки берме. Шеттегі қазақтардың өмірі жайлы білгің келсе, Қажығұмар Шабданұлының «Қаһарын» оқы. Жүрегің жылайды.Ол осы кітабын 25 жыл Қытай түрмесінде қамауда отырып жазған.
Қазақ осы əлемдік жаһандану заманында «ұлт» болып қалу үшін күресуде. Ұлт болып қалыптасу үшін тіліміз бен салт-дəстүріміздің, ата-бабадан келе жатқан дəстүрлі ислам дініміздің қайтадан күшейуі маңызды. Сондықтан өзіміздің қандастарымызды өзекке теппейік. Қайта бауырымызға тартып, елге келуге шақырайық. Қытай қаптаған заманда, сол миллиардтар ортасында отырып, өз болмысын сақтап отырған қандастарға мен ризамын.
Сол жақтағы қандастардың арасында қайта діни алауыздық жоқ.
Қазақылық бойларында сақталған, кеңестік құлдық санада болмаған, дəстүріміз бен тіліміз сақталған қандастарымыздың елге келуі — біз үшін үлкен көмек.
Қазір олардан мүмкін айырмашылық білінер, ішінде кейбір сізге ұнамайтындары болар, бірақ, ұрпақ ауысқасын олардың ұрпақтары осы өздерінің туған жеріне қызмет ететін болады. Қазақстандағы өз тілін білмейтін, салт-дəстүрін менсінбейтін, түрлі діни ағымдарға кірген бауырларымызға қарағанда, бойында иманы бар, дəстүрлі дініміздегі қандастарымыздың елімізге тигізер пайдасы мол.
Бауырлар, қандастар бөлінбейік. Бөлінгенді бөрі жейді. Кешегі жер дауында қазақтың жері де, тілі де қазақтан басқаға керек емес екенініне көзіміз жеткен жоқ па? Ендеше, қазақты бөліп, бір-біріне айдап салып отырғандардың тілегін бермейік. Қазақ біріксе, алынбайтын қамал екенін бəрі де біледі. Біздің күшіміз — бірлікте.
Автор шет елден көшіп келген жоқ. Бірақ мен үшін «әр қазақ – менің жалғызым», — деп сөзін түйіндепті автор.