Ананы,ананы тағыда ананы құрметтейік ағайын….!
Екі қызы бар бір таныс келіншек бар. Өзінің жасы 32-ден асып бара жатыр. «Енді бір ұл туып алғым келеді, бірақ күйеуім рұқсат бермей жүр. Екінші қызымды көтергенде де «алдырып таста, бір баланы əрең бағып жүргенде екіншісін кім асырайды?» деп ұрыс шығарған. Əне-міне деп жүргенде мерзім өтіп кетіп, алдырмадым. Қазір соған қуанамыз. Енді үшіншісін туайын десем де, баяғы əңгіме. Əйтпесе, қыздарымның шығындарының бəрін өзімнің айлығымнан жауып жүрмін, квартираға ақша төлеп жатқан жоқ, əке-шешемнің үйінде тұрып жатырмыз» дейді. Бұл — бір.
Тағы бір келіншектің отбасылық жағдайына ауруханада балалар бөлімінде жатқанда куə болдым. Ол да 32-ден асқан. Жеті айлық баласы ауырғасын үш жасар баласын балаларының əкесіне қалдырып, ауруханаға жатпай ма? Сөйтсе күйеуі сол үш жасар баланы бір апта баға алмады. Күнде телефонда айқай. «Мынау не ішетін еді? Бала құсып жатыр. Бүгін түнгі үшке дейін ұйықтамады, ақыры ұрып ұйықтаттым. Базарға шығуым керек, ақша жоқ. Бүгін базарға қасыма алып шығып едім, тоңдым деп жылап қоймады…». Əйел-баласын көруге ауруханаға бір-ақ рет келді. Онда да үш жасар баланың түрін көріп біз шошыдық. Беті-қолын неше күннен бері жумағаны, киімін ауыстырмағаны көрініп тұр. Ана келіншек «баламды ұрып тастар ма екен», «базарда тұрып қатып қалған шығар» деп күнде бір нəрсені уайым қылып жылайды. Ақыры əлгі күйеусымақ «кетем» депті. Ағасының үйіне барып, «мен шаршадым, Таразға, ағамның үйіне кетем. Бала-шаға да, қатын да керек емес» депті. Абысыны «күйеуің сүй деп жатыр» деп бұған қоңырау соққанда, «байым тастап кететін бопты бізді, балаларымды қалай бағам?» деп бұл маған қарап жылады. Мен не дейін, «контейнерлерің бар екен ғо, соны жалға беріп, балаңның айма-ай жəрдемақысын тамақ қып күнелтесің де, балаң қатайғасын балабақшаға беріп жұмысқа шығасың, өліп бара жатсаң төркініңе кетерсің, басқа салғанды көресің де» дедім. Бұл — екі. Тағы бір келіншек бар, оның жағдайы ана екеуінікінен жақсырақ. Күйеуі, өзі де мұғалім. Бір жаманы неше түрлі желілік маркетингті айтып миыңды ашытады. Əсіресе, босанып үйде отырғалы сол косметика сатудың соңына жалаңаяқтанып түскендей. «Осының бəрі саған не үшін керек?» десем, «ау, мен тамағымызды осыдан түскен тиын-тебенмен асырап отырмын. Құдай байдың қолына қаратпасын, үйге продуктіге ақша бермейді. Бұрын дүкеннен қарызға алып, кейін айлық алғанда төлейтінмін. Бірақ, соның үстінде үнемі ұрыс. Балаларға бірдеңе алсам тырысып қалады, мен бір даладан тауып келгендей осыларды. 8 сынып оқитын қызыма колготки, іш киім керек. Ондайдың бəрін күйеуіме айта берсем қырғын шығарады. Күнделікті ішіп-жемді, сондай майда-шүйде заттарды осы эйвонның ақшасына алам» деді.
Жақында кəмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияның отырысына қатыстым. Онда алты отбасының мəселесі қаралса, соның біреуінде ғана қамқоршы анасынан қашып жүрген бала туралы айтылды. Қалғандарының бəрінде өз туған ата-анасының кесірінен зардап шеккен балалар. 40-50 жас шамасындағы еңгезердей еркек «қатыным тастап кетті, үш қызымды баға алмаймын, интернатқа алыңдар» дейді. Бір жас келіншек «күйеуім екі баламмен тастап кетті, алимент төлемей жүр, балалармен жұмыс істей алмағандықтан қарызға белшемнен баттым, енді жұмысқа орналасайын деп едім» деп ол да балаларын интернатқа өткізгісі келеді. Əлгі отырыста ай сайын осындай мəселенің неше түрі қаралады, көбісінде сол балаларын асырай, тəрбиелей алмаған ата-аналар.
Иə, жақын бір-екі айда мен көріп жүрген адамдардың жағдайы осы. Ал мына жақта «рухани жаңғыру», «дамыған елу, отыз ел» туралы айтамыз тағы. «Халықтың санын көбейту керек, тоқал алу керек» дейсіңдер. «Ажырасқандарға айыппұл салу керек» дейді бір білгіштер. Меніңше, ажырасқандарға қомақты айыппұл салатын болса күйеуін пышақтап өлтіретіндер мен қатынын өртеп жіберетіндер көбейеді. Өйткені, ешкім де еріккеннен ажыраспайды. Осылайша, бала-шағасын асырай алмай жоқшылықтан бір, байдан бір көресіні көріп, жетер жеріне жеткеннен кейін ажырасады.
Əлеуметтік салаға жауапты басшыдан сұхбат алсаң аузы қисаймай: «тұрғындардың əлеуметтік жағдайы жақсы» дейді бақырайып. «Пəлен адам қоғамдық жұмысқа, түген адам түген жұмысқа тартылды» дейді. Оның тұрғындар санына шаққанда мыңнан бірге де татымайтыны, жұрттың жұмыс іздеп Алматыға тентіреп, құлбазарда күнұзаққа тұратыны туралы лəм демейді. «Мə, саған жағдай жақсы» деп бас бармағымды екі саусақтың арасынан өткізіп шошайтқым келеді сондайда. Бас дəрігерге барып «неге ауру көп те, дəрігер аз, учаскелік дəрігердің алдында кезекке бола күнде қырғын?» десең, ол: «дəрігер стандарт бойынша жеткілікті, халық сауатсыздығынан көп ауырады, дəрігерге көп келеді, əлеуметтік жағдай төмен, халықта дəрі түгіл тамақ алатын ақша жоқ, сондықтан сəл ауырса ауруханаға жатып тегін дəрі алып, тегін тамақ ішкісі келеді» деген мазмұнда əңгіме айтады. Не дерсің енді, бір жағы шындық, бір жағы өздеріне шаң жуытпау.
Иə, бізде жоғарыдағылардың бəрі аппақ, бəрі тамаша. Билік — аспанда, халық — жерде, əлде көрде. Бəрі өздерінше рухани жаңғырып жатыр. Екі арадағы көпір саналатын қалам ұстаған қауым да. Рухани жаңғырып жатқан рухы биік жазушыларға халықтың жағдайын қаз қалпында жазыңдаршы дегім келеді. Кенесарының басын, итін нағыласыздар. Оның бəрі өтті-кетті. Заңғар жазушылар заманының шындығын жеткізеді. Өз үйінде аштан өлген қазақтың өлігі қандай болатынын көз алдыңа сурет қылып əкелетін Əуезовтей бір жазыңдаршы. Көшедегі тышқан, үрген ит, тамаққа түскен тарақанды суреттеп қайтесіңдер, педофиль зорлаған баланың түрі, ойы қандай болады соны суреттеңдер. Мопассанның «Госпажа Батисті» сияқты.
Менің де жазушы болғым, сұрықсыз əңгіме жазғым келеді. Төрт баламен байы далаға тентіретіп жіберген əйелдің көз жасы, айдың күннің аманында тірі жетім болған баланың жылаған даусы қандай ащы еді, осыларды жазғым келеді. Ал əкесінің ше? Баласын тастап бара жатқан оның көзінде жас бар ма, жоқ па? Рухы биік, иманы мол, ел арасында қожа, ишан атанған қазақтың «ақсақалының» ақ дастархан үстінде, келін баланың көзінше қатынын қалай боқтайтынын суреттегім келеді. Қаз қалпында, бір əрпін де түсірмей жазғым келеді. Барлық жаман ат қазақтың қыздары мен əйелдеріне жабылып жатқан қоғамда қазақтың кейбір еркектерінің қандай арам, екіжүзді екенін, бабалары ел мен елді татуластыруға пайдаланған шешендік қасиетті бүгінгілердің қызындай қыздарды азғыруға пайдаланып жүргенін, артынан ұялмай əлеуметтік желіде адамгершілік пен өмірге құштарлық жайлы бөсіп, эфирден өнегелі адам болып сұхбат беретіні туралы жазсам деймін. Кезінде «Оралыңдар, қазағым» деген бір жантебірентерлік сөзді айтқан патшаның елінде енді сол оралған қазақтарға деген былайғы қазақтардың көзқарасы қандай екенін жазғым келеді. Мектепке жұмыс сұрап барған жас келіншекке директордың «Қалпақтан келгендерді жұмысқа алмаймын, айтып қояйын» дегенін, соны есіте тұра шарасыздықтан өзі оралмаса да, оралманға келін екенін жасырған келіншектің сол кездегі бейшара күйін суреттегім келеді…
Иə, сұрықсыз қоғам туралы сұрықсыз шығармалар жазу керек. Оқығанда денең түршігіп, өмірден түңіліп кетсең. Ал Сіздер көркем шығарма, эстетика, тіл байлығы дейсіңдер. Тап осы күні менің ешқандай бипаздап жазған көркем шығарманы оқығым, ешқандай көркемдікті, тілдегі, шығарма табиғатындағы əсемдікті көргім де келмейді. Əлем таныған Қазақстанның халқы қалай күн кешуде, осыны аймандай қылып əшкерелеп, жеріне жеткізе жазып, ұлтын жамандаған жазушыларға берілетін Нобель сыйлығын бір қазақ алса мен қуанар едім. Айызым бір қанар еді!
Өйткені, жетті! Адамдардың, əсіресе, бала туғысы келсе де байының ездігінің, баққанын міндетсігенінің, тастап кетер-ау деген қорқыныштың кесірінен туа алмай жүрген əйелдердің аянышты халін, шарасыздығын көре беріп ауырған жүрегімнен түк қалмады.
Мен бүгін жарылдым. Болды
Шынар Әбілдә Фб парақшасынан