Тәубенің жолы қандай?

«Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ» деген даналы сөздің төркіні адам баласының болмысының бір сипатын танытып тұрғандай. Өйткені,  адамзаттың атасы Адамның (а.с.) да шалыс басқандығы жайлы  Аллаһтың ақиқаты жазылған Құран Кәрімде баяндалған (2/36; 7/21). Бұл белгі одан кейін келген пайғамбарлардың да бойынан табылған. Айталық, қауымына ашуланып ауылынан кетіп қалған Жүніс (а.с.) (21/87) пен жұбайының разылығын аламын деп ағаттық жасаған хазіреті Мұхаммедтің (с.а.у.) (66/1) жағдайы. Ендеше, қателесу, шалыс басу, ағаттық жасау, пенденің болмысымен  ұштасып  жататын  ерекшелік  деп  нық  сеніммен айта  аламыз.

 жақсылық пен жамандықтың, шындық пен өтіріктің, бір сөзбен айтқанда, ақ пен қараның айқасқа түсетін өмір майданында біз де өзіндік орнымызды тауып келеміз. Осындай бір қарбалас дүниеде таңсәріден  қара кешке дейін қаншама нәрсенің куәсі боламыз. Кейде адамдармен көңіліміз жарасып, мейлінше жақсылық жасаумен сауапқа кенелсек, кейде ренжісіп,  келеңсіз жағдайға тап болып жатасың. Жасыратыны жоқ, ал кейде алдамшы дүниенің жылтырағына алданып, бармақ басты көз қысты әрекеттерге барып, өкініштің өксігіне өртенетін кездеріміз аз болмайды. Бірақ ең бастысы шалыс баспау, қателік жасамау емес, сол қателікті қайталамау – дін талабы. Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір хадисінде бұл жайтты былай баяндайды:

«Барлық адам баласы қателеседі. Қателескендердің ең қайырлысы, қателігін екінші рет қайталамаған адам». (Тирмизи, Қиямет, 50).

Шын мәнінде, қателікті мойындаудың өзі екінің бірінің қолынан келе бермейтін ерлік. Қателікті мойындар болсаңыз, Адам ата сияқты адамдық танытқандығыңыз, ал қасарысып, тоңмойындық жасасаңыз шайтанның сарбазына айналғаныңыз. Адам ата қателігін мойындап, адамдық қалпын сақтап, Аллаһтың кешіріміне бөленсе, шайтан күнәсін ары қарай жалғастырып, қарғысқа  ұшырады.

Өйткені, Адам ата қателесу менің болмысымда бар деп ары қарай қателігін жалғастыра берген жоқ. Керісінше, адамдыққа сай ұстаным танытып: «Раббымыз, біздер өз жанымызға жәбір — зұлымдық істедік. Егер, Өзің бізді жарылқап және рақым етпесең, күдіксіз, зиян шегушілерден болып қаламыз» (Ағраф, 7/23) деп, жалбарынып, тәубе етті. Иә, біздің айтпағымыз осы тәубеге байланысты болмақ.

Егер Исламдағы осы іспеттес ұғымдарды дұрыс танып, дұрыс ұғынбасақ, амал-әрекеттеріміздің барлығы босқа кетері даусыз. Олай болса, тәубенің мәнісі, тәубенің Исламдағы орны, тәубе қалай жасалады, деген ойлар төңірегінде шамамыз жеткенше қалам тербетіп көрелік.

Тәубе – Құран сөзі. Тәубе, сөздікте «негізгі қалпына келу», деген мағынаға келеді. Терминдік мағынасы, құлдың істеген күнәсін мойындап, оған өкініп, енді қайта қайталамуға қарар беруі.

Адам баласы барша жаратылыстан өзгеше жаратылған. Оған берілген кейбір ерекшеліктер өзгелерге берілмеген. Сол ерекшеліктерінің бірі адамзат баласы өз өмірін өзгертуге әрі бойындағы жамандық атаулыға қарсы күрес жүргізіп қарсы шыға алатындығында.  Адам өз-өзін тоқтамға келтіріп, әрекеттерін тежей алады. Сондықтан адам баласының өзгеруі қас қағым сәтте. Ең бастысы күш-жігері бекем болса болғаны. Адам бойында шайтан сияқты қу, жыртқыш аң сияқты қанішер, шошқа сияқты қомағай, періштедей пәк қасиеттерге орын бар. Бұлар жаман және жақсы қасиеттер болып екіге бөлінеді. Міне, осылар адам бойын билеп төстеу үшін тынымсыз күрес жүргізіп, билікке таласады. Тізгінді қайсысына берсең өмірің солай құбылып шыға келеді. Өмір жақсылық пен жамандықтың бітпейтін күресінен тұрады деген қағиданың да шындықтың ордасынан алатын үлесі мол. Мына бір ғибратты оқиғаны бірге оқып көрейік:

Қария мен немересі үйдің алдында ырсылдап арпалысып жатқан екі итті қызықтап отырады. Иттердің біреуі ақ, екіншісі қара. 12 жасар немере ес білгелі осы иттер үнемі үйдің алдында арпалысып жататын.

Немере:
– Ата, иттеріңіз соншалықты үлкен ғой. Үйді қорғауға біреуі де жетпей ме? Неге екеуін бірдей асырайсыз? Түстері де қызық, біреуі ақ, біреуі қара? –деп сұрады атасынан.
Жасы 70-ке жеткен ата немересінің сұрағына риза болып, езу тартты да:
– Бұл иттер, мен үшін екі таңба, балам!
– Ненің таңбасы сонда?
– Жақсылық пен жамандықтың. Тура осы иттерге ұқсап, ішіміздегі жақсылық пен жамандық үнемі күресіп жатады. Иттерге қараған сайын соны ойлаймын. Сол үшін оларды қасымда ұстаймын.
– Қалай ойлайсыз, осы күресте қайсысы жеңіп шығады екен?
Атасы балаға күлімдеп қарап:
– Қайсысы дейсің бе, балам? Мен қайсысына көп тамақ берсем — сол жеңеді! Сондықтан біз де қайсы тарапқа азық беріп жүргенімізге бір үңіліп қарап қоюымыздың ешқандай артықшылығы жоқ.

Жамандыққа берілу үшін асқан күрестің қажеті жоқ, қолды бір сілтеп «әй, оны қайтесің» десең болғаны. Ал жақсылық үшін топырақтың арасынан алтын іздегеннен де қиын. 6 грамм алтын алу үшін 1 тоннаға жуық алтын араласқан шикі затты балқытуға тура келеді екен. Дәл сол сияқты жақсылық жолына жету үшін де біраз кедергілер мен шындықтың шарттарынан сүрінбей өтіп, талаптарын орындауымыз қажет.

Жамандықпен күресті алдымен ішкі жан дүниеден бастамасақ, істің ретінен айрылып, әбігерге түсеріміз сөзсіз. Оның алғашқы баспалдағы біз айтып отырған тәубе арқылы өтпек. Тәубесіз құлшылық болмайды. Алдымен арылу қажет. Тәубе сүресінің 9- аятында былай деп келеді: «…тәубе етулері үшін оларға тәубе жолын ашты». Ал енді бір аятта «Кім тәубе етпесе, онда, міне, солар залымдардың өзі» деп келеді. (Хұжұрат, 49/11).

Іштегі қатып қалған шер-шеменді талқандап, тәубе ету арқылы қарымды әрекетке бару керек. Бұл әрекет, әлбетте іштей жасалады. Маида сүресінің 5 — аятында « …ал, кім мұндай жәбір-зұлымдықтан кейін тәубе қылып, өзін түзетсе, әлбетте, Аллаһ оның тәубесін қабыл етеді». Аяттағы өзін өзгертсе деген сөздің төркінінде талай мән жатыр. Мұны Л.Толстойдың сөзімен айтар болсақ, «өмірдегі ең маңызды өзгеріс —  адамның санасындағы өзгеріс». Бұған жету үшін біреулердің сырттай түрткісі мен «әйт!» деуінің қажеті шамалы. Бауыржан ағамыз бұның жолын бір ауыз сөзбен былай түйіндеген: «Үлкен бастықтың оңдырмай сөккенінен адамды өз арының сөккені әлде қайда күшті».

Тәубе — адамның ішкі жан-дүниесіндегі психологиялық әрі рухани төңкеріс. Оны «Астағфируллаһ, Аллаһ мені кешірсін» деген құрғақ сөзбен шатастыруға болмайды. Тәубенің қалай жасалатыны жайлы хазіреті Алиден мынадай бір риуаят жеткен: Бір күні бәдуилердің біреуі хазіреті Пайғамбардың мешітіне келіп, «Астағфируллаһ уә әтубу иләйк-Аллаһым, мені кешіре гөр, Саған тәубе етіп, кешірім тілеймін» дейді де намазын оқиды. Мұны көрген хазіреті Али, намазын оқып бітіруін күтіп отырады да, біткеннен кейін: «Тек қана тілмен асығыс жасалған тәубе, жалғаншылардың тәубесі, Сенің мына тәубең, тәубе етуге мұқтаж болып тұр», —  деді. Сонда әлгі адам: «Ей, мүміндердің әміршісі! Олай болса, қалай тәубе ету керек?» деп сұрайды. Сонда хазіреті Али, былай деп түсіндіріп береді: «Тәубе, мына алты нәрсе арқылы мүмкін болмақ: 1- Істеген күнәларыңа өкіну және орындай алмаған парыздарды орындау; 2- Өзгелердің құқығын таптамау, жәбір көрсетпеу; 3- Қастық пен дұшпандықты доғару; 4- Күнә мен кінәраттар арқылы семіріп алған нәпсіні, Аллаһқа ғибадат ету арқылы кішірейтіп, оның әлсіздігін көрсету; 5- Жүгенсіз кетіп, күнәға машықтанып ауызбен жүруді әдетке айналдырған нәпсіге, құлшылық қылып, күнәдан алшақ тұрудың қиын екенін сездіру; 6- Әрбір күлген сәттеріңе бір жылап алу». (Тәфсир-и Кәбир, Шура 25- аятының тәфсирі; әл-Алуси, Руһул-Меани, 25/36; Тәфсиру Кады Бәйзауи, 3 т, 515 б.). Ал Әбубәкір Кердері қалай тәубе ету керектігін шумақтап былай келтіреді:

Тәубе қабыл болар ма,
Жастан әдет етпесе?
Өткен іске өкініп,
Көзден жасын төкпесе…(Он ғасыр жырлайды, 299 б. Дәуір, Алматы, 2006)

Сондықтан тәубе құрғақ сөзбен болмайды, тәубе — ішкі дүниенің жамандықтан жақсылыққа қарай бет бұрып, іштей үлкен өзгеріс жасауы. Ал егер тәубе еттім болды деп қателікті қайталай берер болса, «Бір еткеніңді екі етерсің. Екі еткеніңді үш етерсің. Үш еткеніңді әдет етпей не етерсің?!» дегеннің кері келеді. Екі-үш рет қайталанған істің әдетке айналғанын адам сезбей қалады. Бастапқыда ескермегендіктен, одан құтылу барған сайын қиындай түседі. Осының салдарынан адамдығынан айрылып шайтанның күйін кешеді.

Егер сөзбен емес, ішкі дүниемізбен тәубе қылсақ, Жаратушыға жақындай түсеріміз хақ. Құран Кәрімде бұл жайлы былай делінген: «Әлбетте, Аллаһ тәубе жасағандарды және әрдайым өздерін таза ұстағандарды сүйеді». (Бақара, 2/222)

Ендеше, тәубе етіп ішкі дүниемізде төңкеріс жасап, адамдығымызды сақтар болсақ, Аллаһтың алдына жүзіміздің жарқын болары хақ. Аллаһ бізден осыны ғана талап етпей ме? «Ей, мүміндер! Аллаһқа шынайы тәубе қылыңдар. Раббыларың жамандықтарыңды жойып, астарынан өзендер ағатын жұмақтарға кіргізуі үміт етіледі». (Тахрим 28/66)

Файзулла ТӘЙТАЛИЕВ
ДІНТАНУШЫ