Арыстың әлеуеті артып тұр

Тоғыз жолдың торабында орналасқан Арыс қаласының экономикалық әлуеті соңғы кездері қарқынды дамып келеді. Елбасының тапсырмасы негізінде қабылданған үкіметтік бағдарламалардың халыққа берер пайдасын да арыстықтар облыста бірінші болып сезінді десек, артық айтқандық емес. Мемлекет басшысының тапсырмалары қай деңгейде орындалып жатқанына көз жеткізу үшін Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Төлеген Сарсембаев жуырда Арыс қаласында іссапарда болып қайтты. Өз сапарында Төлеген Қапсалықұлы қала әкімі Мұрат Қадырбек және коммуналдық салаға жетекшілік ететін мекеме, кәсіпорын басшыларымен бірге қаладағы бірқатар нысандарды аралап, жұмыс барысымен танысты.

Іссапар «Оңтүстік ауызсу», «Казсушар» РМК филиалының Арыс топтық су жүйесі өндірістік бөлімшесінің Ақдала ауылдық округіндегі №2 су көтеру станциясының жұмысымен танысудан бастау алды. Томат өңдіру және өңдеумен айналысатын Агрофирма «Жаңа Ақдала» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің зауытында, «Қазына жер LTD» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің сүт өндіретін асыл тұқымды сиыр фермасында болды. Одан кейін қаладағы көпқабатты үйлер мен әлеуметтік нысандарды жылумен қамтамасыз ететін орталық жылу қазандығының жұмысымен және Ә.Байжанов көшесіндегі жаңғыртылған көпқабатты тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстарымен танысты. Қала көлемінде атқарылып жатқан жұмыстармен танысып, оң бағасын берген облыс әкімінің орынбасары Төлеген Сарсембаев нысандарды аралау барысында бірқатар тапсырмалар беріп, алдағы атқарылар жұмыстардың тиісті мерзімде және сапалы орындалуына баса назар аударуды тапсырды.

Р. БАЛАБИ,

ОҚО.