Ордабасыда футбол алаңы ашылды
Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қала мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталатынын, сол себепті, «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынғаны белгілі. Осы орайда Оңтүстікте нәтижелі істер көптеп қолға алынуда. Солардың бірі ретінде Ордабасы ауданының Қажымұқан ауылындағы жабық кіші футбол алаңының пайдалануға берілгенін айтуға болады.
«Ұлытау» спорт кешенінің ашулы салтанатында ауыл азаматы Ораз Үндемесов, бапкер, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Бақытжан Ибрагимов, тағы басқа азаматтар ізгі ниетін жеткізді. Еркін күрестен Қазақстаның 4 дүркін чемпионы, бірнеше халықаралық біріншіліктің жеңімпазы, Лондон олимпиадасының және әлем чемпионатының қола жүлдегері Ақжүрек Таңатаров, Шымкент қалалық жеңіл атлетика және велоспорт мектебінің директоры Нұрлан Айтбеков, Қазақ күресінің майталманы, Қазақстан Барысының қола, күміс жүлдегері Жұманазар Ерсұлтанов кешеннің лентасын қиды.
Елбасының жолдауын қолдау үшін туған жерінде футбол алаңшасын салдырған Алтай Оңғарбайұлының өзі еркін күрестен спорт шебері. Салтанатты шарада сөйлеген сөзінде Алтай Оңғарбайұлы былай деді:
«Бұл ауылда күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасұлы өмір сүрген. Атамыздың қабірі де осында. Ауылымызды Қыдыр қонған қасиетті мекен деп бекер атамаған. Қазір ауылдағы екі баланың бірі күреспен айналысады. 90-ға таяу спорт шебері бар. Дегенмен, қазір елімізде кіші футбол кеңінен қанат жаюда. Ауыл жастары көшеде бос жүрмесін, әрі жас футболшылар осы елден шықсын деген мақсатпен мынадай тамаша ғимарат салдық».
Кешеннің ресми ашылу салтанаты арнайы ұйымдастырылған доп додасымен жалғасты. Оған қатысқан 19 команда арасында Қайнар ауылынан келгендер бірінші, Отырар ауданының Темір ауылының командасы — екінші, көрші төрткүлдіктер — үшінші орынды иеленді. Жеңімпаздарға сый-сияпат тапсырылды.
Р. БАЛАБИ,
ОҚО,
Ордабасы ауданы.