Түймебаев кәсіпкерден домбыра сатып алды
Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Ордабасы ауданына барған іссапарын Бадам ауылында орналасқан «Ордабасы нан» серіктестігінің жұмысымен танысудан бастады. Жұмысын 2008 жылдың 2-ші тоқсанында бастаған серіктестік 2015 жылы өндіріс қуаттылығын арттыру мақсатымен диірмен құрылысын ұлғайтып, түрік технологиясымен жаңа қондырғылар орнатқан. Нәтижесінде мұнда тәулігіне 450 тонна бидай өңделіп, ұн өнімдері өндірілуде. Бұл жобаның жалпы инвестициялық құны 2 миллиард 680 миллион теңгені құрайды. Бүгінгі таңда «Ордабасы нан» өнімдері отандық нарықпен қатар Ауғанстан, Өзбекстан, Қырғызстан елдеріне экспортталуда.
Мұнан соң облыс әкімі Бөржар ауыл округіндегі «Миграж-Б» серіктестігінің мал бордақылау алаңын аралап көрді. Бұл кешен бір мезетте 200 ірі қара мал мен жылқы бордақылауға ыңғайластырылған. Мұнда жылына 70 тонна ет өндіру жоспарланып отыр екен. Сондай-ақ, облыс басшысының назарына «Өрлеу» бағдарламасы бойынша ауданда атқарылған жұмыстар ұсынылды. 2017 жылдың 10 айында бағдарлама аясында ауданда 1142 отбасыға 307 миллион теңгеден астам қаржы үйлестірілген. Азаматтардың дені алған қаржыны мал шаруашылығын жүргізуге жұмсауда. Жансейіт Түймебаев «Өрлеу» жобасымен алынған қаржылардың өз мақсатында жұмсалып жатқанына көңілі толып, осы бағдарламаның арқасында кәсібін дөңгелетее бастағана қолөнершіден домбыра сатып алды.
«Оңтүстікқазақстандықтар «Өрлеу» жобасының тиімділігін көре бастады. «Өрлеу» жобасы аясында бүгінге дейін жалпы сомасы 6 миллиардтан астам теңге болатын шартты ақшалай көмекті 20 мыңнан астам жерлесіміз алып, отбасылық табыстарын еселеп отыр. Сондықтан кәсіп ашып, тірлік істеймін деген азаматтарға мемлекет тарапынан жасалынатын жеңілдіктерді насихаттау қажет», -деді Жансейіт Қансейітұлы.
Өңір басшысы Төрткүл ауылындағы «Нұр Агро 73» серіктестігінің мақта өңдеу зауытының да жұмысымен танысты. Өз жұмысын 2016 жылы бастаған нысанның инвестициялық құны – 255 миллион теңгені құрайды. Мұнда бүгінде 300 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Оның 230-ы жергілікті тұрғындар. 14 өндірістік құрылғыда жылына 30 мың тонна мақта өңделеді. Облыс көлемінде Мақтарал, Шардара, Ордабасы аудандарынан мақта қабылданады. Төрткүлде дайындалған мақта талшықтары бүгінде Чехияға, Белоруссия мен Молдоваға экспортталуда. Мұнан өзге Шымкенттегі «Меланж текстиль» фабрикасына жөнелтіледі.
М.Райымбек,
ОҚО