ОФФШОРЛЫҚ КОМПАНИЯЛАР – «ҚОЙ ТЕРІСІН» ЖАМЫЛЫП ҚАЗЫНАНЫ ТОНАП ЖҮР!

Осыдан екі апта бұрын халықаралық қауымдастық «Жұмақ құжаттары» деп аталатын  кезекті оффшорлық жанжалды жариялап, елді дүр сілкіндіргені есте.  Бұл жолғы оффшорлық дау Батыс Қазақстан облысында туындап отырғаны белгілі. Осы мәселеге қатысты «Ақжол» партиясы депутаты Кеңес Абсатиров Ішкі істер министрі  Қалмұханбет Қасымов пен Қаржы министрі Бақыт Сұлтановқа депутаттық сауал жолдады.

Депутат сауалында: «Бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған деректерге қарасақ, Оралдағы барлық стационарлық жылдамдық өлшеуіштерін әлемдегі ең ірі оффшорлық аймақтардың бірінде — Кипрде тіркелген «MidagiHoldingLTD» компаниясы иесі болып табылатын «Жаңа жобалар ғылыми-техникалық орталығы» ЖШС орнатып, қызмет көрсетеді. «Жаңа жобалар ғылыми-техникалық орталығы» серіктестігін оффшорлық компаниялардың мемлекеттік сатып алуға қатысуын жасыратын жамылғы ретінде пайдаланады деп болжауға негіз бар. Бірден 13 өңірдің ішкі істер департаменттері серіктестіктің тұтынушылары болып табылады, ал мұның өзі Ішкі істер министрлігінің қызметіне оффшорлық схемалардың жүйелі енгені туралы түрлі сауалдар туындатады» деп, бұл қитұрқы істе күдік барын жасырмайды..

Осы жерде «Ақжол» партиясының  ұрланған миллиардтарды іздеп, бүкіл әлем бойынша алаяқтарды ұстауға күш-жігер жұмсағанша, капиталдың заңсыз шығарылуын болдырмау дұрысырақ деп аттандап жүргенін айта кеткеніміз дұрыс. Тіпті осы тақырыпқа байланысты жолданған депутаттық сауалдары қаншама. Тізбелесек, 2013 жылдың 3-ші ақпаны мен 25-ші қыркүйегінде, 2014 жылдың 16-шы ақпанында, 2015 жылдың 13-ші мамырында,  2016 жылдың 11-ші мамырында, осы жылдың 27-ші қыркүйегінде. Айтпақшы осы 27-ші қыркүйектегі депутаттық сауалда «Ақ жол» фракциясы депутаттары соңғы жылдары Қазақстаннан оффшорлық аймақтарға 100 миллиардтан астам АҚШ доллары шығарылғаны туралы сауал жолдағаны бар…

Енді депутаттық сауалға қайта оралайық. «Оффшорлық юрисдикциялардың күмәнді және тіпті жемқорлық сипаты туралы біздің елімізде де, әлемде де өте көп айтылады. Мемлекеттік мекемелер Маршалл аралдары арқылы жабдықтарды нақты құнынан 3-4 есе жоғары бағамен сатып алғаны туралы Есеп комитетінің алдыңғы есептерінде келтірілген мысалдардың біреуін ғана еске салайық. Осындай операциялардың мақсаты — 3 еселенген айырмашылықты оффшорлық шоттарға шығарып және сол жерде жемқор шенеуніктердің пайдаланылуында қалуы,  мемлекеттің қаражатын ұрлау болып табылады», — деп атап өтті депутат. Сондай-ақ ол, бұл схемаларға қарсы тұру үшін «Ақжол» бес жыл бұрын оффшорлық аймақтар арқылы пайда табатын компанияларды мемлекеттік қолдау шараларынан, соның ішінде салық жеңілдіктері, несиелік субсидияларды және басқа да артықшылықтарды қолдануға тыйым салуды ұсынғанын еске салды.

Депутат Кеңес Ғарапұлы сөзінің соңында, жиілеп кеткен жемқорлық оқиғаларға тосқауыл қою үшін,  халықаралық сыбайлас жемқорлық дауларын тиянақты шешу үшін «Ақ жол» фракциясы атынан мынадай ұсыныс жасады:

  1. Ішкі істер министрлігінің департаментерінің және басқа да мемлекеттік органдардың «Жаңа жобалар ғылыми-техникалық орталығы» ЖШС-мен кез-келген жабдықты жеткізу және қамтамасыз ету үшін мемлекеттік сатып алу бойынша жасалған барлық мәмілелерін нарықтағы бағамен салыстырылып, тексерілсін, ал бағалар көтерілген жағдайда — осындай мәмілелердің күшін жою туралы мәселе қарастырылсын.
  2. Мемлекеттік сатып алу және квазимемлекеттік сектордың сатып алу жүйесіндегі барлық мердігерлер мен жеткізушілердің түпкілікті иелерінің оффшорлық аймақта тіркелген компаниялары бар-жоқтығы толықтай тексерілсін. Құрылтайшылардың арасында осындай компаниялар анықталған жағдайда — келісімшарттарды бұзу туралы мәселе көтерілсін.
  3. «Ақ жол» фракциясы ұсынған «Ұлттық экономиканы де-оффшоризациялау туралы» заңның әзірленуін және енгізілуін күтпей, өз құрылтайшылары арасында офшорлық компаниялары бар мердігерлер мен жеткізушілердің мемлекеттік сатып алу және квазимемлекеттік сектордың сатып алуына қатысуға тыйым салудың заңды тәуелді актілері қабылдансын, сондай-ақ оларға мемлекеттік қолдау шараларын алуға, соның ішінде салық жеңілдіктері, субсидияларды және басқаларға да тыйым салынсын.

«Ақ жол» депутаттары мұндай шаралар де-оффшоризациялауға нақты қадамдар жасауға, нарықта адал бәсекелестікті қамтамасыз етуге және Қазақстанның ұлттық мүдделерін қорғауға жағымды рөл атқаратынына сенімді.

 

Нағашыбай Қабылбек