АШ АДАМ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚТЫҢ ШЫҢЫНА ТЕЗ ЖЕТЕ МЕ?
Бұл ҚР Мәдениет және спорт министрi Арыстанбек Мұхамедиұлының Үкімет отырысында айтқан тұжырымды ойы. Оған келісу, келіспеу әр адамның өз еркіндегі шаруа.
Негізі Үкімет отырысында көп нәрсе қаузалды. Халықтың көкейінде жүрген түйткілді ойлар да айтылды. Мәжiлiс депутаты Қуаныш Сұлтанов Мәдениет және спорт министрінен «өнер, мәдениет еңбеккерлерiнiң еңбекақысын төлеу жүйесiне түбегейлi реформа қажет деп ойлайсыз ба?» деген төңіректе сауал жолдады. Оған министр мысалмен былай деп жауап берді: «Қазiр бiзде өнер саласындағы жалақы өте төмен деңгейде. Дегенмен, өздерiңiз де көрiп отырсыздар, бiздi — өнер адамдарын ешкiм еркелетiп отырған жоқ. «Аш адам шығармашылық шыңына жетедi» деген пiкiр бар ғой. Оған Бетховен, Моцарт пен тағы басқалар мысалға келтiрiледi. Бұл тұлғалар кедей тұрса да, ұлы шығармаларды өмiрге әкелген. Қаржыгерлер дұрыс айтатын шығар. Аз қаржыландыру көлемiне қарамастан бiздiң таланттар халықаралық деңгейде танылып жатыр. Дегенмен, әрине жоғары деңгейдегi әртiстер жетiстiктерге өз талантымен жетедi. Ал кiтахана, музей мен мәдениет үйлерi сияқты осал салалар қаржыландыруды талап етедi», — дедi ол.
Осы тектес тағы бір сауалға Қаржы вице-министрi Татьяна Савельева 2005-2011 жылдар аралығында мәдениет қызметкерлерiнiң еңбекақысы 5 рет ұлғайтылғанын айтып ақталды.
Ал Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау вице-министрi Светлана Жақыпованың мәлiметiнше, ең осал салаларға кiтапханашылар мен мұрағатшылар жатады екен. Бүгiнгi күнi кiтапханашылардың жалақысы 50 мың теңгеден 70 мың теңгеге көтерiлсе, мұрағатшылар жалақысы 44 мың теңгеден 62 мың теңгеге ұлғайтылған көрінеді.
Нағашыбай Қабылбек