ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ҮЛКЕН КУБОГІ

Елордада «Зодиак» бильярд клубында Ұлт көшбасшысы – еліміздің тұңғыш Президенті күніне арналған 50 жастан жоғары адамдар арасындағы бильярд спорты бойынша «Ұлы Даланың Үлкен Кубогі» атты дәстүрлі республикалық бильярд турнирі өтті.

Атаулы турнирге әр өңірден, әр ауданынан іріктеліп келген қатысушылар қатысты. Ресейдің Омск қаласынан, Астана қаласы «Астана қырандары» командасы, Алматы облысынан Талдықорған «Жетісу» командасы, Өскемен «Асау Ертіс» командасы, Атырау «Батыс» командасы, Көкшетау, Петропавл қалаларының командалары қатысты. Республикалық турнирді Астана қаласы әкімдігі, «Ұлы Дала Қырандары» әлеуметтік, мәдени-спорттық қозғалысы, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және Дене шынықтыру істері комитеті,  «Астана қырандары» командасы ұйымдастырды.

Турнирдің негізгі мақсаты – аталмыш бильярд спортын дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау. Турнирдің салтанатты ашылуында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және Дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Елсияр  Баймұхаметұлы Қанағатов, Ұлы Дала Қырандары әлеуметтік, мәдени-спорттық қозғалысының теңтөрағасы Сәдібек Түгел, турнирдің бас төрешісі Ерболат Жұмағұлов, ұйымдастыру комитетінің төрағасы Қайрат Мирашев сөз сөйлеп барлық қатысушыларға сәттілік тілеп, спорттық шараның маңызылығына тоқталды.

Сәдібек Түгел осындай бильярд спорты бойынша жарыстармен кездесулер 2015 жылдың 22 наурызынан бастап бастау алғандығын, осы уақыттар аралығында он шақты командалық ойындар және жеке кездесулер өткізілгендігін, өңірлерде жыл сайын дәстүрге айналғандығын атай келе тастаяқ шеберлерін, тамаша ойын көрсеткен команда лидерлерін де ерекше атап өтті. Атап айтқанда, Шымкент қаласының «13 аймақ» (команда капитаны – Нұрлан Айтымбетов), «Астана қырандары» командасы, Өскемен қаласының «Асау Ертіс» командасы. Сонымен қатар жеке кездесулердегі чемпиондарды — Серік Ақтанов, Тоқтамыс Жұмағұлов, Бейсен Байғалиев, Сайлаубек Мусинов, Нұртілеу Иманғалиұлы, Мақсұт Иржанов, Данияр Юсупов, Өскен Қалтаевты атап өтті.

Турнирдің алғашқы күні яғни жартылай финал да тартысты өтті. Командалар аса дайындықпен келгендерін ойын барысында көрсете білді. Нәтижесінде командалық кездесулердің жеңімпаздары да анықталды. Салауаттылықты ұран еткен биылғы турнирдің жалпы командалық есебінде 1 орынды Шымкент қаласынан келген  «13 аймақ» командасы иеленсе, 2 орынды Шығыс Қазақстан облысының «Асау Ертіс»  командасы иеленді. 3 орынға «Астана қырандары» командасы ие болды.

Жеке құрамда I орынды Атыраудан келген «Батыс» командасының мүшесі Ким Виссарион иеленсе,  II орынды ШҚО «Асау Ертіс» командасы – Қайрат Адильбеков, III орынды ОҚО «13 аймақ» командасынан Юнусов Абдухамит және Ли Юрий /«Батыс» командасы/ иеленді. Екі күнге созылған аталмыш турнир жоғары деңгейде өтті. Барлық жеңімпаздар ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және Дене шынықтыру істері комитетінің арнайы дипломдарымен марапатталып, бағалы сыйлықтар тарту етілді.

 

Нағашыбай Қабылбек