ОҚО-да 10 айда кедендік төлемдер мен салықтар бойынша жоспар 100 пайызға орындалды

ОҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мемлекеттік бюджет жоспарын «ОҚО ағымдағы жылдың 10 айында салық түсімі бойынша  103 пайызға орындады және  белгіленген жоспар 245 млрд. теңге болса, бюджетке нақты 251 млрд. теңге өндірілген»-деп облыстық Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Алтынсары Үмбеталиев мәлімдеді.

Қазіргі таңда Оңтүстік Қазақстан облысында 216 мыңнан астам шағын және орта бизнес өкілдері ағымдағы жылдың 10 айында мемлекеттік бюджетке 104,6 млрд. теңге көлемінде салық төлеген. Н.Ә. Назарбаевтың тапсырмасына орай,  облыстық Мемлекеттік кірістер департаменті тарапынан салықтық тексерулер саны 2017 жылы былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 57 пайызға кеміген болса ағымдағы жылдың 10 айында кедендік төлемдер мен салықтар бойынша жоспар 100 пайызға  орындалып, 51 млрд. теңгені құрап отыр. Облыстың сыртқы тауар айналымы ағымдағы жылдың осы кезеңінде 1 млрд. 438 млн. АҚШ долларын құрады. Оның ішінде тауар экспорты 5 пайызға, ал тауар импорты 36 пайызға  көбейген.

Департамент басшысы  Алтынсары Дүйсенбекұлының айтуынша, «мемлекеттік бюджет түсімдерінің өсу қарқыны 2016 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда едәуір артып келеді. Республикалық бюджетке межеленген жоспар 151 млрд. теңге болса, ол 101 пайызға орындалып, 152 млрд. теңгені құрады. Ал, жергілікті бюджет бойынша, 94 млрд. теңге жоспарланса, нақты 99 млрд. теңге өндірілді. Нәтижесінде жоспар 106 пайызға орындалып, жергілікті бюджет қоржынына артығымен 5 млрд. теңгенің қаржысы түсті», — деді.

Ержан. Тлепов, Оңтүстіктен.