Өлең қайда, Өлең қайда деймін мен…

Хамит ЕСАМАН:

1986 жылы Жамбыл облысы, Т.Рысқұлов ауданы, Тереңөзек ауылында дүниеге келген. 2008 жылы «Жалын» баспасынан мемлекеттік тапсырыспен «Ағаштың бүрі», 2013 жылы «Жазушы» баспасынан «Қараша хаттары» өлеңдер жинағы жарық көрген. Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің лауреаты. Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі.

 

АҚ ЛӘЙЛЕК

 

Жылғаларым жыр жолындай жатты ағып,

Келемін мен бір аруға хатты алып.

Сары түсті сағынышым әлі де,

Жанарымда қалған екен сақталып.

 

Бір кездері ұшып кеткен бағынан,

Қайта оралды құстар бүгін салып ән.

Көктем бейне күліп тұрған сұлу қыз,

Гәуһар сезім төгілетін жанынан.

 

Күміс қанат құстар келді бізге де,

Бұдан асқан көркем ләззат іздеме.

Көктем неге ақындарға мейірбан,

Адамзатқа қатал екен күз неге?!.

 

Құспен бірге үміт келді өлеңге,

Түнде туған жақсы жырға сәлем де.

Жылғалардың жауһарына елітіп,

Гүлдер сезім жайлы айтады төменде.

 

Көктем кеші таңдайыма тәтті ой кеп,

Тәтті ойларды қабыл алдым пәк қой деп.

Сол аруға сәлем айтып қойыпты,

Арманымды бұрын білген ақ ләйлек.

 

Ақ ләйлегім, арманымды алып ұш,

Алып ұшып сыйла маған тағы күш.

Өртенбесін өзектегі өлеңім,

Сарқылмасын көзімдегі сағыныш.

 

                                               * * *

Қайта айналып келер ме екен дәуренім,

Күндерімді қайтара алмай әуремін.

Шабыт буған шақтарымды сағынам,

Тұнығынан қанып ішкен сәуленің.

 

Түу қиырдан естіледі бір сарын,

Көз алдымда күміс түстес кіл сағым.

Гәуһар кештің көрігінде ой балқып,

Өлең қылып өретін кез гүл сәнін.

 

Жырлайтын шақ арулардың арманын,

Ұрлайтын сәт табиғаттың таңдарын;

Ол бір дәурен дидарында қоңыр мұң,

Қоңыр мұңның татып көрген бал дәмін.

 

Өкінішті емес бірақ бұл күндер,

Алаулы таң, гәуһар кештер, гүл түндер.

Шуағынан шабыт өріп жататын,

Жанарыма жаһұт құйған шіркіндер.

 

Келмейді ғой, келмесе енді келмесін,

Шәрбатына шабыт шіркін шөлдесін.

Ұмытпасын мен сияқты ақынын,

Ұмытпасын мен сияқты пендесін.

 

КҮЗГІ БАЯН

Күрең күз, бір ақынға жанын ашар,

Көңілді қоңыр салқын әні басар.

Көктегі құстың күйі белгілі ғой,

Жердегі жапырақтың халі нашар.

 

Көбелек жоқ қызыққан гүл дәміне,

Көңіл қимас көктемгі күнді әлі де.

Бұлт көзінен тамады аяулы жас,

Кәрі қурай салады мұңды әніне.

 

Ән салады, бірақ та күрсінбейді,

Жанарынан жас ағып тұрсын мейлі.

Бұтақты пана көрген бозторғайдың,

Жұдырықтай жүрегі дүрсілдейді.

 

Бұрымын өріп күздің бұла таңы,

Салқын түсті сәулені ұнатады.

Жұмбақ қыздың жанары мұңға бөлеп,

Жетім құстың жүрегі жылатады.

 

Қарапайым заңы осы тіршіліктің,

Қалтылы қасіреттей бір шыбықтың.

Сүмбіле туған күні көл мұңайып,

Жатады ұлылықпен күрсініп құм.

 

Мезгіл мұңын арқалап құба далам,

Топырағын түлетіп бір аунаған.

Құс сияқты қасірет шекпейді ақын,

Себебі оның тілін ұғады адам.

 

Күзгі баян… ескі мұң есімдегі,

Білдірді қызыл гәуһар кешің нені…

Жазылмай қалып кетті жанарыңда

Жұмбақ боп қоңыр өлең бесіндегі.

 

ҚАРА АҒАШ

 

Өмір қызық, бақ пен соры аралас,

Бұл бір базар мәңгілікке тарамас.

Алғаш рет хат жазғанмын түбіңде,

Тамырымды танығанда қара ағаш.

 

Жанымда едің бара қалсам қайда да,

Сыр айтқансың сезім жайлы жәй ғана.

Бала ақын боп жүрген шағым аяулы,

Қара шашты қарап тарап айнаға.

 

Үмітіме үкі таққан ұяңым,

Сезіміммен саған ғана сыямын.

Жапырағыңнан жыр оқыған көңіл-ай,

Бұтағыңды қалам қылған қиялым.

 

Кірбіңі жоқ көңіліме кез келдің,

Сенде тұрып сұлу қызға сөз бердім.

Алғаш рет өлең жазған шағымда,

Өмір жайлы ойға түсіп, өзгердім.

 

Білесің сен бақыт жайлы хатымды,

Түсінгенсің бала қиял ақынды.

Енді ұмытпа қайсар мінез қара ағаш,

Қара кітап құшақтаған сәтімді.

 

Қара ағашым – көзімдегі қарашық,

Көңілімде күмбірлі күй таласып.

Өзің алғаш таныстырған күнімнен,

Қара өлеңмен кете бардым жарасып.

 

Одан кейін қара қасты жыр еттім,

Тамырыма қара түсті гүл ектім.

Енді бүгін сезіп тұрмын қара ағаш,

Сенде қалып кеткендігін жүректің.

 

  БАҚЫТ

Өлеңімді ойып жазып құмға мен,

Жаңбырлы түн жылап ақтым жылғамен.

Баяны жоқ дүниенің көзінде,

Бармақтай бір бақытымды бұлдап ем.

 

Мені көріп күрсінеді көктем де,

Бақыт жайлы сыр айтады өткенге.

Бұлдап жүрген сол бақыттың түрі де,

Басқаша еді мен ауылдан кеткенде.

 

Уақытты ешкім тұрмайды екен тоқтатып,

Күндер өтер өрнегімен жоқтатып.

Құмға жазған сол өлеңнің ішінде,

Енді бүгін бұлдайтұғын жоқ бақыт.

 

Бәрінен де жалыққан ғой жарықтық,

Ал біздер ше?

Бақыт іздеп зарықтық.

Ол біреуді алып қылған кезінде,

Ол біреуді жібереді ғаріп қып.

 

Құм көшеді біз жүретін жолға тік,

Жаңбыр төкті сезімімді сорлатып.

Өлең қайда,

Өлең қайда деймін мен,

Егер содан аман қалса, сол бақыт…

 

Тараз қаласы.