ОҚО-да Елбасының қатысуымен «Continental Logistics Shymkent» А + санатындағы кешенді іске қосылды

 Мемлекет басшысының  қатысуымен өткен «Жаңа индустрияландыру: қазақстандық барыстың қадамы» ұлттық телекөпірдің ашылуына Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев пен «Қазақстан темір жолы» ҰК »АҚ вице-президенті Санжар Елубаев және орталық қызметкерлері қатысты. Елбасыға жаңа нысанның маңыздылығы туралы вице-президент баяндап берді.

«Құрметті Президент! Біз Шымкент қаласында мультимодельді көлік-логистикалық орталықтың құрылысын аяқтадық. Жыл сайын шамамен 1 млн тонна жүк өткізіледі. Біздің орталық — Шығыс-Батыс, Оңтүстік-Солтүстік ағынына қызмет ететін кеден аймағы мен толық сервистік желісі қамтылған заманауи кешен. Нұрсұлтан Әбішұлы, осы инфрақұрылымдық жобаны іске қосуға рұқсат етіңіз!», -деп рұқсат сұрады. Шымкент қаласында орналасқан көлік-логистикалық орталығындағы «Continental Logistics Shymkent» А + санатындағы кешені осылайша іске қосылды. 

Мұнда құрғақ және климаттық қоймалардан бөлек, контейнерлік терминал, кедендік ресімдеу аймағы мен ілеспелі құрылымдары бар. Қысқаша баяндай кетсек, аймақтың жүк жөнелтушілер үшін артықшылығы Cross Docking мультимодальды қызмет көрсету жүйесін енгізуі. Бұл жүйе қоймалардағы қарапайым жүктерді қоспағанда, әсіресе, үлкен көлемде Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан мен Ресейден жеткізілетін жеміс-көкөніс өнімдері сияқты бұзылатын тауарлар үшін өте маңызды болып есептеледі. 

Қазір жалпы аумағы 92 гектарды құрайтын «Оңтүстік» көлік-логистикалық орталығында инвестиция құны 35,6 млрд теңге болатын 8 жоба жүзеге асырылуда және оның аумағы – 242 500 шаршы метр. Мұнда кедендік рәсімдеу, фитосанитарлық және ветеринарлық бақылау қызметтері бір терезе қағидасымен жүргізілсе, бұған қоса уақытша сақтау қызметі де бар.  Шымкенттегі аталған КЛО халықаралық және республикалық жүк ағымына қызмет көрсету, сондай-ақ, тауарлардың қала мен өңірлерге таратылуы үшін қойма және ілеспе қызметтер ұсыну мақсатында құрылған.

Мамандардың ойынша, «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» магистралі мен теміржол желісіне жақын орналасқан «Continental Logitics Shymkent» жаңа көліктік-логистикалық орталығының географиялық тұрғыдан тиімді орналасуында. Бұл өңірді көліктік-логистикалық хаб ретінде қалыптастыруға және Қазақстанның аумағы арқылы айналымды ұлғайтуға күшті серпін беретін жүктерді шоғырландыру және консолидациялау орталығы ретінде дамытуға ықпал ететін көрінеді.

Олжас. Беркінбайұлы, Оңтүстіктен.