Екі шағынауданға асфальт жол салынды

Оңтүстік Қазақстан облысының тізгінін Жансейіт Түймебаев қолға ала салысымен Шымкентті шынайы қалаға айналдыру жөнінде айтқан болатын. Одан әрі ойын тарқатыңқыраған әкім қаланың кейбір бөліктерінде коммуналдық мәселелердің әлі күнге шешімін таппағанын, шеткі шағын аудандарда асфальт көшенің жоқтығын да тілге тиек еткен. Шаһардағы көптеген шыршалардың қурағанын, қала көркінің сұрқай тартқанын да атап өтті. Сөйтіп, сол кездегі қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов аталған олқылықтарды жөндеу үшін бірқатар тапсырмалар берген болатын. Осыдан кейін Шымкент қаласындағы «Жаңа Тұрлан», «Ынтымақ-2», «Солтүстік саяжай»  шағынаударында көптеген жұмыстар атқарылды. 2016 жылы «Ынтымақ-2» шағынауданында көгілдір отын жүйесі жүргізіле бастады. 2017 жылы жоғарыда аталған үш шағынауданда «Әл-Фараби» А-2 жол құрылысы басталды. Ол жолды тек шағынаудан тұрғындары үшін ғана салған жоқ. Жоба қаланың батыс жағына шығатын «Темірлан» тас жолындағы көлік кептелісін азайтуды да көздеді.  Жаңа көше құрылысын «Отау Групп» жауапкершілігі серіктестігі мемлекеттік сатып алудан ұтып алған. Жоспар бойынша жолдың құрылысы 2019 жылы аяқталуы тиіс. Десекте, тынымсыз атқарылған жұмыстар нәтижесінде биылғы жылы көшенің «Жаңа Тұрлан» мен «Ынтымақ-2» шағынауданындағы бөлігі аяқталды. Келесі жылы «Солтүстік саяжай» шағынауданы тұсындағы жұмыстар жүргізілмек. Ал желтоқсан айының соңына дейін «Ынтымақ-2» шағынауданына көгілдір отын беріледі деп күтілуде.

Қыркүйек айында «Жаңа Тұрлан» шағынауданына газ құбырын жүргізу мәселесі көтерілген еді. Санаулы айдың ішінде оның жобасы жасалып, сараптамадан өтіп үлгеріпті. Сонымен бірге, тендер өткізіліп, жеңімпаз көгілдір отын жүйесін тарту жұмыстарына кірісіп те кеткен.

Бекнұр САЙЛАУ.