«Ісінде кінәраты бар адамдардың есінде ұзақ сақталасың»

Құттыбек ЖАМАШЕВ, ОҚО Құрылыс басқармасының басшысы:

«Ақша болмағасын құрылыс қайдан жүрсін?!» 

– Сонау 1984 жылы Алматы сәулет-құрылыс институтын тәмамдай салысымен Ресейдің Краснояр өлкесіне қарай тартыпсыз. Жолдама ма, әлде тағдыр айдап апарды ма?

– Ол уақытта оқу орнын бітірген түлектерді мамандығына сәйкес Одақ көлемінде жан-жаққа бөлуші еді ғой, соның ішінде маған ұнағаны Украинаның Одесса қаласы мен Ресейдің Краснояр өлкесі болды. Бірақ алғашқысына балым жетпей қалды. Ал Красноярда Бүкілодақтық екпінді комсомол құрылысы аясында дүние жүзінде теңдесі жоқ Канск-Ачинск отын-энергетика кешенінің құрылысы жүріп жатқан. Онда көмір қоры мол ғой. Ол кезде жалындап тұрған жаспын, үйленбегенмін. Сол жерді өз көзіммен көріп, жұмыс істегім келді. Алайда ол жақта ұзақ еңбек ету бұйырмады, 4-5 айдан кейін-ақ әскерге алып кетті.

– Әскерге әкетпегенде, тұрақтап қалар ма едіңіз?

– Өзі қалыптасқан тәртібі бойынша, жолдамамен барған соң, екі жыл жұмыс істеуіңіз керек. Кеңес үкіметінің жас кадрларға деген қамқорлығының бір ерекшелігі ғой, бізді ол жақта аяғымызды жерге тигізбей қарсы алды. Жатақханамен қамтамасыз етті, жұмысқа орналастырды, жалақы берді. «Подъемныйы» (көтерме ақы) тағы бар. Бұдан артық қандай қолайлы жағдай керек?!

Оның үстіне Қазақстаннан барған жалғыз мен ғана емес едім. Қарағандыдағы политехникалық институтты бітірген біраз жігіттерді сонда жолықтырдым. Сондай-ақ Алматыдағы энергетикалық институтты тауысқан бір қыз бен жігіт болды. Бас-аяғы 4-5 жігіт бірге жүретінбіз. Шынын айту керек, бүкіл Кеңес Одағы өз еліміз болғандықтан, ол жерді бөтенсіген жоқпын. «Көрсем, білсем, танысам» деген қызығушылық сезім мені сонда жетелеп апарды. Әйтпесе Қазақстанның ішінде-ақ бір кәсіпорынға жолдама алуға да мүмкіндігім бар еді. «Ел көрейін, жер көрейін» деген жастық дәуреннің бір күш-қуаты ақыры Ресейге ала жөнелді ғой.

Алайда екі жыл әскери борышымды өтеп келген соң, қайта барғым келмей қалды. Ол жақтағы құжаттарымды алдым да, Шымкентіме оралдым. Әскердегі екі жылда ақыл толысты, көзқарас орнықты дегендей. Өз еліме жұмыс істеуге бекіндім.

Әйткенмен мұнда екі қолыма бір күрек бірден оп-оңай табыла қойған жоқ. Әуелі Шымкент тұрғын үй құрылысы комбинатына жай құрылысшы болып орналастым.

– Еңбекке араласуыңыз қайта құру кезеңімен тұспа-тұс келген екен ғой.

– Иә, тура «перестройканың» уақыты еді. Шебердің (мастер) орны бос болмағасын монтажшы болып жұмыс бастадым. Соңыра инженерлікке ауыстым ғой.    

– Бірақ 1993 жылдың аяғына таман құрылысты тастап, кеден саласына бет бұрыпсыз. «Құрылысшыдан қалай кеденші шықты?» деген сұрақ туындап отыр.

 Шымкент тұрғын үй құрылысы комбинатында 1986 жылдан 1992-ге дейін еңбек еттім. Ол жерден жаман болған жоқпын, біраз игілікке қол жеткіздік: пәтер алдым, балаларымызды балабақша орналастырдық, саяжай учаскесін берді. 1992 жылдың басынан «Южказэнерго» өндірістік бірлестігіне ауыстым. Өзім инженер-құрылысшы болғаныммен, жоғары оқу орнын «Теплогазоснабжение и вентиляция» («Жылу-газбен жабдықтау және желдету») мамандығы бойынша бітіргенмін. Біліктілігім сәйкес келгендіктен әрі жоғары санатты инженер болғандықтан, айлығым да қомақты шығады екен. Содан сол мекемедегі таныс жігіттермен хабарласып, жұмысқа қабылдандым. Мұнда екі жылдай тер төктім.

Өзі тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиындықтар бәріміздің есімізде ғой. КСРО тараған соң, жаңадан егемендігін алған мемлекет ретінде Қазақстанға еңсе тіктеу оңайға соққан жоқ. Өндіріс орындары тоқырай бастады, біразы ақыры тоқтап тынды. «Южказэнергоның» жағдайы анау айтқандай нашар болмаса да, еңбекақыны сәл кідірту басталып жатты. Ақша болмағасын құрылыс қайдан жүрсін?! Құрылыс саласының болашағы әзірге бұлыңғыр екенін көріп отырмын. Мемлекет салып жатқан осы Шымкенттегі «Отырар» шағынауданындағы бес қабатты үйлердің біразының, анау Қонаев пен Желтоқсанның қиылысындағы тоғыз қабатты үйдің қаңқасы қаңырап қалып қойды. Міне, қиын-қыстау заман келе жатқанын біліп, кеден саласына бардым. Шынын айтқанда, бәрі кездейсоқ болды. Бір кездері тізе қоса жұмыс істеген құрылысшы жігіт бар еді, ол сонда нан тауып жүр екен. Бос орынның бар-жоғын сұрадым.

– Қолда – құрылысшының дипломы…

– Иә. Ол уақытта кеден саласы өңірлік басқарудан қайта құрылымдалып, жаңа басқарма пайда болып, жаңадан қызметкерлер қабылданып жатқан-тын. Инспектор болып кірдім. Әрі қарай қызметтік баспалдақпен өрлеп, бас инспектор, бөлім бастығы атандым. Не керек, Оңтүстік Қазақстан облысы кедендік бақылау департаментінде табан аудармай 10 жылдан астам қызмет етіппін. Еңбегім елеусіз қалмады. «Кеден органдарындағы мінсіз қызметі үшін» белгісімен марапатталдым.

Әрине, ол жерден маған ешкім «кете ғой» деген жоқ. Бірақ жан-жағыма қарасам, құрылыс бірте-бірте жандана бастапты. Табиғатым – құрылысшы, мамандығың бәрібір тартып тұрады екен. Өз кәсібіме қайта оралғым келді. Бұл –  2004 жылдың бас жағы. Тура осы кезде Шымкент қаласында үлкен жоба қолға алынды. Басы-қасында жүргендер – таныс азаматтар. Оңтүстікке танымал, мақта шаруашылығының хас шебері Салдар Жамалов пен «Альянс «Русский Текстиль» ААҚ директорлар кеңесінің төрағасыЗейін Ахабаев. З.Ахабаев Мәскеуде тұрады. Осы Шымкенттегі пединститутта ұзақ жылдар бойына еңбек еткен тіл білімінің маманы, профессор Әдіхан Ахабаевтың ұлы ғой. Екеуі бірігіп, «Қазақ-орыс текстилі альянсы» ЖШС-н құрыпты. 

– Дәл сол тұста Үкімет тоқыма кластеріне ден қойып еді ғой.

 Мен теміржол саласындағы кеденде жұмыс істейтінмін. Олар фабриканың құрылысын сол теміржолдың қасынан бастағалы жатыр. Көршіміз. Құрылысшы болғандықтан, қарап тұрмай, консультация беріп жүрдім әдепкіде. Кейін «келсеңізші» деп шақырды. Шыны керек, ауқымды құрылысты көріп, өзім де қатты қызықтым. Сөйтіп, құрылыс саласына жауапты директор лауазымына тағайындалдым. Зауыт салуды бастап кеп жібердік. Бір жылда алғашқы станок іске қосылды. Бұл кәсіпорынға сол кездегі премьер-министр Даниал Ахметов екі рет ат басын бұрды. Өйткені 2005 жылы ол Шымкенттегі ең алғашқы үлкен өндіріс нысаны болатын. Сол жылы қыркүйек айында Елбасы тұсауын кесті.

Бұл уақытта зауыттың құрылысын толық бітірген болатынбыз. Не істеймін? Тоқымашы емеспін. Тура сол уақытта мемлекет басшысы осы фабриканы көріп, ОҚО-да арнайы экономикалық аймақ құрып, онда тоқыма кластерімен айналысатын әлгіндей кәсіпорынның он шақтысын салу қажеттігін айтты. Іле-шала «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы дирекциясы» мемлекеттік мекемесі құрылды. Сөйтіп, бір жарым жылды артқа тастап, соған ауыстым. Директордың құрылыс жөніндегі орынбасары болып. Тақыр жерден арнайы экономикалық аймақтың (АЭА) іргетасын қалап, алғашқы кірпіштерін қаладық. Аймақ аумағын қоршаулап, үш ғимарат тұрғыздық. Сонымен қатар аймаққа 80 Мвт қосалқы электростанция, су, канализация, газбен жабдықтау және теміржол тұйығы құрылыстарын жүргіздік. Бұл кезде инвесторлардың бастапқы легі келе бастаған-тын. АЭА әлі күнге дейін жұмыс істеп тұр ғой.

Ал 2007 жылдың көктемінде мені облыстық құрылыс департаментіне шақырды. Директордың орынбасарлығына. Мұнда бір жылдан сәл астам еңбек еттім де, 2008-дің маусымында ұсыныс түсіп, ОҚО мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы департаменті директорының орынбасары болып тағайындалдым.

– Білуімше, дәл қазір атқарып отырған қызметіңізге Сіз екінші мәрте келіп отырсыз ғой деймін. Оңтүстік Қазақстан облысының құрылыс басқармасын 2009 жылы да тізгіндеген едіңіз…

– Оныңыз рас. Облысты Нұрғали Әшімов басқарып тұрғанда, 2009 жылдың ақпанында құрылыс басқармасына бастық болдым. Алайда сол жылы наурыз айында облыста әкім ауысты. Н.Әшімов кетіп, Асқар Мырзахметов келді. Бәлкім, аталмыш басқарманы өз деңгейінде басқаруға толық дайын болмадым ба, әйтеуір өңірдің жаңа басшысының талабына сәйкес келмедім. Не керек, ұзын-ырғасы төрт-ақ айдан кейін ОҚО әкімі аппараты ұйымдастыру-инспекторлық бөліміндегі облыс әкімінің бас инспекторы етіп жіберді. Шынымды айтайын, маған бұл жұмыс ұнамады. Бір жарым айдан соң Шымкент қаласының құрылыс бөліміне кеттім. Бастықтың орынбасары болып. Кейін осы бөлімнің бастықтығы да бұйырды. Өстіп жүргенде екі жарым жыл өте шықты.

Ал 2011 жылы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің аумақтық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау департаменттері құрылды да, Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша аталмыш мекеменің директорлығына ауысу тәртібімен бекітілдім. Бұл 2011 жылдың қарашасы-тын. 2015 жылдың наурызында ол департамент облыс әкімдігінің қарамағына өтіп, Оңтүстік Қазақстан облысы мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы болып қайта құрылымдалды. «Мемлекеттік қызмет туралы» заңның 24-бабына сәйкес, менің орным сақталып, қайтадан басшы етіп тағайындады. Сөйтіп, ол басқармада биылғы маусым айының 17-сіне дейін жұмыс істедім. Ал мына құрылыс басқармасындағы басшының орны Салыхан Полатовтың Созақ ауданына әкім болып кетуіне орай бос тұрған-ды. Конкурс жарияланған соң, бағымды сынап көрмек ниетпен қатыстым. Оның үстіне құрылыс саласында әжептәуір жинаған тәжірибем бар. Екінші жағынан 2009 жылы осы басқармаға басшы болып келгенімде атқара алмай қалған, әттеген-ай дейтін істер бар еді. Құдайға шүкір, қазір 5 айдан асты, бар әлеуетімді салып еңбек етудемін. 

 

«Өзгелерден заңдылықты талап еткеннен кейін өзің де заңды бұзбауың керек»

– Құттыбек Рахматуллаұлы, қаншалықты рас-өтірігін білмеймін, әйткенмен ел аузында «Облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасын тізгіндеу қиындау. Оттың ортасы секілді. Дұшпан арттырасың…» деген әңгіме бар.

– Меніңше, жалпы, құрылыс саласының кез келген жұмысы жеңіл емес. Мысалы, Шымкент қаласының құрылыс бөлімін басқарудың өзі оңай деп айта алмаймын. Себебі, шаһардың құрылысын жүргізу өте қиын. Дәл қазіргі лауазымымнан да ол жердің күрделілігі бар. Неге? Өйткені қалада құрылыс жүргізу қиын. Біріншіден, жер мәселесі. Бір тірілік бастайын десең, жер мәселесі алдыңнан кесе-көлденеңдеп шығады. Екіншіден, бөлім деген аты болмаса, ондағы жұмыс көлемі үлкен. Мен басшы боп тұрғанда, ондағы мамандардың саны атқарып жатқан жұмыс көлеміне сәйкес келмейтін. Бір жылда он шақты мектеп салу, қаншама ауызсу құбырын тартып, қаншама электр желілерін жүргізу – орасан ауыр шаруа. (Қайта кейінсу, газ, электр мәселелері Шымкент қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне берілді ғой). Мердігерлермен тікелей жұмыс істейсің. Бес саусақтың бірдей еместігі секілді олардың да бәрі шетінен мықты дей алмайсың. Талапқа сай еместері табылады. Ал сонымен әуре боп жүргенің. Бір жағынан талап – бөлінген қаржыны дер кезінде игеру керек. Себебі, басқа салаға жетпей жатқан қаржыны құрылысқа бөлді ғой. Екіншіден, құрылыстың сапасы. Үшіншіден, техникалық қауіпсіздіктерді сақтау, заңдылықты бұзбау, т.б. бәріне қарап отыру өте күрделі. Сонымен қатар мердігер компаниялармен қарым-қатынас бар. Хат алмасасың. Өйткені жобаның өзінде дұрыс жасалмай қалған тұстар, кем-кетіктер болады. Сондайда шешім қабылдау қажеттігі туындайды.

Ал облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы жеке болсын, бюджеттік болсын, ұлттық компаниялар тарапынан жүргізіліп жатқан болсын, облыс көлеміндегі құрылыстың барлығының сапасына, құрылыс жүргізу заңдылығына бақылау жасайды. Одан бөлек субъектілердің өздеріне қойылған талаптары мен міндеттерін дұрыс орындауын, біліктілік талаптарының сәйкес болуын да назарда ұстайды. Лицензия беру, аттестациялау да аталмыш басқарманың міндетіне кіреді. Өзгелерден заңдылықты талап еткеннен кейін өзің де заңды бұзбауың керек. Иә, кейде басқарма мен құрылыс компаниялары басшылары арасында түрлі жағдайлар орын алатыны жасырын емес. Айталық, «Менің мекемем пәлен жылдан бері құрылыстың отымен кіріп, күлімен шығып келе жатыр, қуаттылығым түген. Сөйте тұра, неге сіздер біз салып жатқан нысанға ескертпе жасайсыздар немесе шара көресіздер? Айыппұл не үшін?» дейді бір құрылыс компаниясының қожайыны. Содан түсіндіре бастайсың: «Сіздің мекемеңіздің тәжірибесіне таласым жоқ. Бірақ бүгінгі атқарған жұмысыңызға сіздің бұрынғы абыройыңызға қарап көз жұма алмаймыз. Сапаны нашарлатуға құқыңыз жоқ, барлық уақытта талапқа сай болуыңыз керек». Немесе «Менің пәленбай жылғы еңбек өтілім, қалыптасқан рейтингім бар, біліктілік талапты неліктен тексересің?» дейтіндер де кездеседі. Ал шындығында ол кәсіпорынның дәл сол кезеңде жұмысшылары жеткіліксіз, білікті мамандары жоқ боп қалуы мүмкін. Өмір ғой. Мекеме әрқашан бір биіктікте тұруы мүмкін емес. Алайда талаптың аты – талап. Сай болуы керек әрдайым.

Жеке құрылысты салушылар да заңдылықтарды сақтауы керек. Өкінішке қарай, көбісі оған қарамайды. Жерді алады да, өзіне тиесілі аумақтан асыра пайдаланады. Немесе жердің нысаналы мақсаты тұрғын үй болса, оған тойхана салады. Болмаса салып жатқан нысанның жобасын өзгертіп жібереді: екі қабатты етіп тұрғызудың орнына қызды-қыздымен төрт қабатты етеді. Міне, осының салдарынан адам өміріне қауіп төнуі ықтимал. Сондықтан облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының басшысы құрылыс компанияларының бұрынғы абыройына емес, атқарған жұмысының сапасы мен заңдылығына баға беріп, шешім қабылдауы қажет. Әрине, ол көп адамға жақпайды. Әдетте тірлігі үнемі тап-тұйнақтай құрылыс компаниялардың басшылары басқарманың осынау қатаң талаптарына ешқашан үрке қарамайды және одан астар да іздемейді. Тура мағынасында, қалыпты жайт ретінде қабылдайды. Ал ісінде кінәраты бар адамдардың есінде басқарма басшысы ұзақ сақталады. «Пәленшеге тиіспеді, маған шүйлігіп алды» деп, абың-күбің әңгіме айтатындар да – солар. Қарап жатпай, үстіңізден жан-жаққа арыз боратады. Ондайлармен ақырында соттасқан кездеріміз де болды.

Құдайға шүкір, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы органында 6 жыл еңбек еттім, әрине, «бәрін керемет қылдым» деп ауыз толтыра мақтанған ұят шығар, бірақ шама-шарқымша кез келген мәселені әділ шешуге тырыстым. Жұрттың бәрінің көңілінен шығу мүмкін емес қой.        

– Сырт көз сыншы ғой, ең бастысы, Құтеке, соңыңыздан бөтен сөз ерген жоқ. Енді бүгінгі шаруаңызға ойыссақ. Құрылыс басқармасына табан тіреген 5-6 айдың ішінде нені жоспарлап, нені жүзеге асырып үлгердіңіз? 

– Ағымдағы жылы облыс аумағында облыстық құрылыс басқармасы бағдарламаның әкімшісі, ал аудан-қала әкімдіктері тапсырыс беруші болып табылатын 233 инвестициялық жобаның іске асырылуына 68,8 миллиард теңге қаралған-тын. Соның ішінде 115 нысанды биыл пайдалануға берсек, 118-і келер жылға өтпелі. Осы жылға межеленген нысандардың бүгінде 99 пайызын ел игілігіне тапсырып қойдық. Желтоқсанның еншісінде тек санаулысы ғана қалды.

Әлеуметтік нысандар құрылысы бойынша айтып өтейін. Білім беру саласында жалпы 81 нысанда құрылыс жұмыстарын жүргізуге 31,9 миллиард теңге бағытталған. Оның ішінде Ұлттық қордан «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында 35 мектеп құрылысын жүргізуге 17,4 миллиард теңге қаралып, биыл 16-сын ел игілігіне бердік, үшеуі жыл соңына дейін пайдалануға берілмек. 2018 жылға 16 мектеп өтпелі еді, алайда Сайрам ауданының Қарасу елді мекеніндегі тағы біреуінің құрылысын мерзімінен бұрын ағымдағы жылы бітірдік. Сонда осы жылы 20 білім ошағы іске қосылды деген сөз. 

Одан бөлек республикалық бюджет есебінен 4 мектеп пен 1 мектеп-интернаттың құрылысы жүргізілудеОларға5,2 миллиард теңге қаралған. Бәрі де ендігі жылға өтпелі.

Ал облыстық бюджеттен қарастырылған 8,8 миллиард теңгеге 38 мектеп пен 3 колледждің құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұл қаржы негізінен 100, 150, 200 орындық мектептер мен мектептердің қосымша құрылыстарына бағытталған. Жыл соңына дейін 12 мектеп құрылысын пайдалануға беру жоспарланып, бүгінгі күнге соның 9-ының тұсауы кесілді. 29 нысан құрылысы 2018 жылға өтпелі. Жыл қорытындысында жалпы 81 нысанның 31-ін пайдалануға беру жоспарланса, қазіргі таңда соның үшеуі ғана қалды.

Денсаулық сақтау бойынша 38 нысанда құрылыс жұмыстарын жүргізуге облыстық бюджеттен 3,7 миллиард теңге бөлінген-ді. 4 емхана құрылысы ғана келер жылға өтпелі. Биылға 34 нысанды пайдалануға беру жоспарланған-тын, қателеспесем, жыл соңына дейін енді соның тапсырылуы тиіс екеуі ғана қалды.

Әлеуметтік қамтамасыз ету саласы бойынша Шымкент қаласында 1 нысанға облыстық бюджеттен 104,7 миллион теңге қаралып, ағымдағы жылы шілде айында пайдалануға берілді.

Ішкі істер органдары нысандарын дамытуға облыстық бюджеттен 80,8 миллион бөлініп, Сайрам ауданындағы ішкі істер басқармасы жанынан уақытша тергеу абақтысының корпусын салып жатырмыз. Ол 2018 жылға өтпелі.

Мәдениет саласына облыстық бюджеттен қаралған 434,8 миллион теңгеге 4 нысан (мәдениет үйі) құрылысын жүргізу жоспарланған. Екеуі биыл тапсырылады да, екеуі – ендігі жылдың еншісінде.

Спорт саласына облыстық бюджеттен қаралған 1 374,0 миллион теңгеге 3 нысанның құрылысы жүргізілуде, алайда келер жылға өтпелі.

Ауыл шаруашылығы саласында облыстық бюджет есебінен 341,9 миллион теңгеге Түркістан қаласына қарасты Үшқайық ауылында 1 су қоймасының құрылысын аяқтап, жуырда ғана пайдалануға берілді.

Абаттандыру саласында облыстық бюджеттен қаралған 365,0 миллион теңгеге 2 нысанның құрылысы жүргізілуде, 2018 жылы пайдалануға беру жоспарланған.

Сонымен қатар биыл Түркістан қаласындағы мұрағат ғимаратының құрылысын жүргізуге облыстық бюджеттен 100,0 миллион теңге қаралған. Оны да елдің игілігіне беру келер жылдың үлесіне қалып отыр.

Қоршаған ортаны қорғау саласы бойынша облыстық бюджеттен қаралған 172,2 милллион теңгеге Шымкент қаласындағы бұрынғы қоқыс қалдықтарын тастайтын орында құрылыс жұмыстарын жүргізіп, ағымдағы жылы мамыр айында тәмамдадық. Енді онда абаттандыру жұмыстары басталып жатыр.

Моноқалалар бойынша облыс қазынасынан бөлінген 228,9 миллион теңгеге Кентау шаһарында инфрақұрылым желілерінің құрылысы жүргізілді.  

 Тұрғын үй құрылысының қарқыны қалай?

– 2017 жылы барлық қаржыландыру көздері арқылы облысымызда 279 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Ол дегеніңіз – 14 мың 694 пәтер немесе 995,7 мың шаршы метр. Жыл соңына дейін 109 үйді тапсырамыз (371,8 мың шаршы метр, 5893 пәтер). Оның ішінде мемлекеттік бюджет есебінен (арендалық) салынып жатқаны – 88 үй, 47-сі тапсырылады (116,9 мың шаршы метр – 2176 пәтер). Облигация арқылы (кредиттік) салынып жатқаны – 31 үй, 11-і тапсырылады (31,5 мың шаршы метр – 588 пәтер). Ұлттық компаниялар есебінен салынып жатқаны – 45 үй, 37-сі тапсырылады (143,3 мың шаршы метр – 2305 пәтер). «Шымкент» ӘКК» АҚ (үй комбинаттары) есебінен 4 үй бой көтеріп жатыр. Оның екеуінің тұсауы Тұңғыш Президент күні қарсаңында кесілді. Оған ОҚО әкімі Ж.Түймебаев қатысты. Мұндағы пәтерлердің жалпы ауданы 14776,6 шаршы метрді құрайды. Бүгінде 2 блок, яғни 96 пәтер пайдалануға берілсе, қалған 2 блок келер жылдың бірінші тоқсанының аяғына дейін дайын болмақ. Жобаның жалпы құны – 2,75 миллиард теңге.

Жеке салушылар, яғни 16 компания есебінен 107 үй тұрғызылуда, биыл 10-ы тапсырылады (65,0 мың шаршы метр, 648 пәтер).

Жалпы, «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасының 5 бағыты бар. Оның 1-бағыты – ипотекалық кредит берудің қолжетімділігін арттыру. Яғни жаңадан салынған үйді ипотекамен алуда халыққа қолайлы жағдай туғызу. Бұл ретте сіз екінші деңгейлі банктен несие алсаңыз, мемлекет оның үстемеақысының 7 пайызын төлейді.                  

2-бағыт: Жеке құрылыс салушыларды ынталандыру.Әлгінде айтқанымдай, 2017 жылы облыста 16 жеке салушы есебінен 107 көп қабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде (430,6 мың шаршы метр, 5405 пәтер). Ағымдағы жылы 10 үйдің құрылысын аяқтап, пайдалануға тапсыру жоспарланса, 97 үйдің құрылысы 2018 жылға өтпелі. 5 жобаны іске асыру үшін екінші деңгейлі банктермен жұмыстар жүргізілуде. Өйткені аталмыш құрылыс компанияларының екінші деңгейлі банктерден алған несиесінің үстемеақысының 7 пайызын мемлекет төлеп береді. Бұл тұста айта кетерлігі, ОҚО-да Өңірлік үйлестіру кеңесі құрылған. Төрағасы – облыс әкімі Ж.Түймебаев. Біздің басқарма соның жұмыс органы саналады. Осы жылы 9 қарашада Өңірлік үйлестіру кеңесінің отырысында 3 жобаны іске асыру үшін субсидиялау мәселесі қолдау тапты. «МерейLTD» ЖШС – 1 (237 миллион теңге: 3,3 мың шаршы метр, 45 пәтер), ал «ТРЦ Ақмойнақ» ЖШС 2 жобамен (258,6 миллион теңге: 6,9 мың шаршы метр,102 пәтер) іске кірісті. Енді «Отау строй» ЖШС мен «Ақ ордасы» ЖШС де қамданып жатыр.
3-бағыт: Тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі арқылы кредиттік тұрғын үй салу. 2017 жылы Ұлтық қор, республикалық, облыстық бюджеттер есебінен және ұлттық компаниялар («Бәйтерек», «Самұрық») арқылы облыс көлемінде 84 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүруде. Жыл қорытындысында жалпы ауданы 189,9 мың шаршы метр немесе 3039 пәтерді құрайтын көпқабатты 52 үй пайдалануға тапсырылады. Оның 11-ін (31,5 мың шаршы метр, 558 пәтер) облигацияларды сату есебінен өзіміз салып, жоспардағы қаржыны (2 773,3 миллиард теңге) толығымен игеріп, тұрғын үйлерді биыл 29 қыркүйекте пайдалануға тапсырдық. Ал қалғандары «Бәйтерек» (34 үй: 119,2 мың шаршы метр, 1928 пәтер), «Самұрық» (3 үй: 24,1 мың шаршы метр, 377 пәтер) сынды ұлттық компанияларға тиесілі. Бұл пәтерлердің барлығы «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ арқылы сатылады. Жеке құрылыс салушылардың тұрғын үйлері де аталмыш банк арқылы сатылады. 4-бағыт: Халықтың әлеуметтік әлсіз топтары үшін жалға берілетін (арендалық) тұрғын үй құрылысы. Біздің алдымызда арендалық тұрғын үй қорын ұлғайту міндеті тұр. Сол себепті биыл облыстық бюджеттен – 14,1 миллиард теңге, Ұлттық қор қаражаты есебінен 1,6 миллиард теңге бөлінді. Осы шеңберде облысымызда 88 үйдің құрылысы жүргізілуде (166,0 мың шаршы метр, 3088 пәтер). Жыл аяғына дейін 47 үй пайдалануға берілмек (116,9 мың шаршы метр, 2176 пәтер). Бүгінгі таңда 31 үйдің құрылысы бітті (58,4 мың шаршы метр,1024 пәтер).41 үйдің құрылысы 2018 жылға өтпелі. Айтпақшы, келер жылға тағы жаңа арендалық баспаналардың құрылысына 15 миллиард теңге қаралып жатыр.
5-бағыт: Жеке тұрғын үй құрылысын дамыту. Мұның аясында облысымыздың аудан, қалаларында мемлекеттік бюджет есебінен 21 инфрақұрылым нысаныныңқұрылысын жүргізу үшін 8,9 миллиард теңге бөлінді (республикалық бюджеттен – 7 нысан, Ұлттық қордан – 7 нысан, облыстық бюджеттен – 7 нысан). Ағымдағы жылы 8 нысанның құрылысын аяқтадық, ол 5704 жеке жер учаскесін қамтамасыз етеді. 13 нысанның құрылысы алдағы жылға өтпелі.

Бұл бағыттардан бөлек пилоттық жобамыз бар. Оның мәнісі – біркелкі жеке тұрғын үй құрылысын бір компанияға салдыру. Ол бойынша «Бозарық», «Бозарық-2» атты жобалар жасалуда. Ондағы жеке тұрғын үйлер коттедж қалашығы үлгісінде бой көтереді. Алдын ала болжам бойынша ол жақтағы баспаналардың шаршы метрінің құны 120 мың теңгеден аспайды. Мұндағы үйлерді де «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ және ипотека арқылы алуға болады.  

– Жоспарға сәйкес қанша жеке тұрғын үйдің еңсе тіктейтінін, олардың аумағы қанша шаршы метрді құрайтынын айта аласыз ба?

– Мәселен, «Бозарық» шағынауданындағы 20 гектар жер телімінде жеке тұрғын үй коттедж қалашығы бойынша инвесторларды тарту есебінен 166 тұрғын үйдің құрылысы жоспарланған. 83 үй – 120 шаршы метр, 50 үй – 150 шаршы метр, 33 үй 180 шаршы метр көлемде салынбақ. Бас-аяғы – 23,4 мың шаршы метр. Бүгінгі таңда тұрғын үй және инфрақұрылым жүйелерінің жобаларын әзірлеу бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Ал «Бозарық-2» жеке тұрғын үй коттедж қалашығының құрылысы бойынша 84 гектар жер аумағында 600 жер учаскесі (600 үй – 120 шаршы метр, барлығы 72,0 мың шаршы метр) үшін инфрақұрылым жүйелерімен қамтамасыз ету мақсатында  жобаларды әзірлеуге облыстық бюджеттен қажетті қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылуда.  

– Бұл пилоттық жобаны жүзеге асыруға құлшыныс танытып отырған құрылыс компаниялары белгілі ме?

– Біреуінің тапсырыс берушісі – «Шымкент» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы. Оның мердігері белгілі. Ол жобасын да әзірлеп қойды. Тіпті жол жүргізу, учаскелерді бөлу, уақытша ғимараттары мен үй-жайларын салу, электр желілерін тарту секілді дайындық жұмыстарын бастап кетті.

Ал екіншісі – әзірге жоба күйінде. Әрине, қызығушылық танытып жатқандар жоқ емес.

– ОҚО-ның өзі де тұрғын үй саласында мықты құрылыс компанияларынан кенде емес шығар.

– Әрине, баршылық. Мысалы, «Отау строй» ЖШС, «Ақ ордасы» ЖШС-ін айтар едім. Салып жатқан тұрғын үйлерінің көлемі аталмыш екі компанияныкіндей көп болмаса да, «ТРИ А ПЛЮС» ЖШС өзін жақсы қырынан көрсетіп жүр. Сонымен қатар «СИТИстрой» ЖШС бар. «Корпорация АТАМЕКЕН» ЖШС бюджеттік тапсырыстардан бөлек жеке салушы болып та жұмыс істеп жатыр. Қазір бұрынғыдай сақалды құрылыс жоқтың қасы ғой.

– «Қара тізімге» ілініп қалған мекемелермен қарым-қатынастарыңыз қалай?

– Ондай мекемелер арагідік болмаса, көп емес. Жалпы, «қара тізімді» жасауға біздің құқымыз жоқ. Тек сот арқылы ғана анықталады. Егер тапсырысшы ретінде біздің жұмысымызды орындамаса, келісімшартты біржақты бұзамыз да, оны жосықсыз тізімге енгізу үшін сотқа береміз. Соттан сондай шешім шыққан кезде ғана ол компания «қара тізімге» ілінеді. Әдетте «қара тізімге» итермелейтін факторлар конкурсқа қатысқанда, кейде мердігерлік міндеттерін дұрыс орындамағанда орын алады. 

– ОҚО-да тұрғын үй кезегінде тұрғандардың саны қанша?

– Облыс бойынша 54 мыңнан астам адам кезекте тұр. Әрине, оның ішінде әлеуметтік жағынан әлсіз топтардың саны көбірек: 30 мыңға жуықтайды. Бірақ олардың бәріне арендалық 30 мың тұрғын үйді қайдан табамыз?! Меніңше, тек арендалық үйді бере бермеу керек. «Аш адамға балық берме, қармақ бер» демекші, олардың жұмысқа орналасуын қадағалап, ипотекалық үйге бағыттап немесе «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ына салымшы ету керек.

Тағы атап өтер жайт, қазір салынып жатқан арендалық үйлерді әлсіз топтар бұрынғыдай басыбайлы сатып ала алмайды. Ол мемлекеттің тұрғын үй қорында сақталып тұрады. Сол арендалық пәтерде отырған азаматтар күндердің күнінде жағдайы жақсарып, өзіне жеке үй салып немесе сатып алып жатса, өзі нешеме жыл паналап келген баспананы мұқтаж адамға босатып береді. Кеңес заманында солай болушы еді ғой. Мысалы, маған Красноярда пәтер берген-тін. Жұмыстан шығарда, босаттым да, кеттім. Кейін Шымкентте Некрасов көшесінің бойынан 1 бөлмелі пәтер алдым, отбасымыздың өсуіне байланысты оны өткізіп, 3 бөлмеліге қол жеткіздім. Бірақ кейін заң өзгерді де, үш бөлмелімді жекешелендіріп алдым.   

– Саланы басқарып отырғандықтан, Сізге анығырақ көрінетін шығар, бүгінгі таңда құрылыс саласында қаржыландыру көзіне байланысты қай жобалардың үлес салмағы басымырақ: инвестициялық  па, әлде бюджеттік пе?

– Біздің басқарманың бақылап отырғаны – әлеуметтік нысандар мен тұрғын үй құрылысы ғана. Мысалы, зауыт-фабрикалардың құрылыстарынан бейхабармын. Ал облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасындағы тәжірибемнен айтар болсам, облыста ірілі-ұсақты 1700-дей нысанның құрылысы жүргізілсе, соның жартысынан көбісі жеке құрылыс салушыларға тиесілі еді. Айталық, Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғыртуға бағытталған құрылысты инвестициялық жобаға жатқызуға болады. Оған пәленбай миллиард теңге жұмсалуда. ОҚО аумағы арқылы «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» транзиттік дәлізі өтеді. Оған да салынып жатқан қаражат қыруар. Сондықтан инвестициялық жобалардың үлесі басымдау деп айта аламын.    

– Оңтүстіктегі әлеуметтік нысандар құрылысы қай уақытқа дейін қарқынды болуы мүмкін? 

– Ендігі жерде денсаулық сақтау нысандарына қатысты мұқтаждық біртіндеп азаюы қажет. Үш ауысымды һәм апатты мектептер де сиреп жатыр. Алайда бізде халықтың өсімі күшті. Мәселен, жылына мектепті бітірген бала мен мектеп табалдырығын аттайтын баланың айырмашылығы 30 мың. Егер мұндай өсім сақталса, жылына 1000 орындық 30 мектеп керек болады деген сөз.

Ал жалпы құрылысқа келсек, соңғы жылдары жол салу мен ауызсу мәселелері облыста едәуір шешімін тапты. «Көгілдір отынмен» қамтамасыз ету де реттеліп келе жатыр. Әсіресе, Түлкібас ауданында ауызсу, электр, газға қатысты түйткілдер түйінінің 90 пайыздайы тарқатылған. Төлеби ауданы да сол тақылеттес. Мақтаарал ауданы әзірге сәл күрделілеу. Сарыағаш ауданында да біраз проблема бар. Сондықтан даму, ілгерілеу, демографиялық өсім бар жерде құрылыс тоқтамайды.

Оның үстіне Шымкент агломерациясын аумақтық дамытудың өңіраралық схемасы әзірленіп, аумағы айқындалды. Енді сол аумаққа кіретін елді мекендердегі құрылыстың нормативтері өзгереді. Яғни бұрынғыдай ауылдық талаптар емес, қалаға жақын талаптар қойыла бастайды. Темірлан, Ақсукент, Ленгер спутниктік қалалар мәртебесін алады. Шымкент қаласын аумақтық дамытудың өңіраралық жобасына сәйкес, контрмагниттер ретінде бірқатар аудандардың әкімшілік орталықтары анықталған. Оңтүстік бағытында – Сарыағаш қаласы, батыс бағытында – Арыс қаласы, шығыс бағытында – Т.Рысқұлов селосы. Мұның анық-қанығын сәулетшілерден сұрасаңыз, тәптіштеп айтып береді.

Сондай-ақ шекаралы аймақтарды дамыту міндеті де тұр. Қысқасы, талап өзгерген сайын салынатын құрылыс та өзгеруі әбден ықтимал. Сол себепті әлеуметтік саладағы құрылыстарды әрі қарай дамыту, жетілдіру, қосымша салу тоқтамайды.

 

«Адам өмірінің қауіпсіздігі айрықша маңызға ие ғой»

– Мегаполистікке бет алған Шымкент қаласының бас жоспары қайта әзірленіп жатқаны жайлы естіп қалдық. Үкімет қайбір жылы ғана бекітіп беріп еді ғой…

– Бас жоспарда «актуализация» деген ұғым бар. Яғни бас жоспар қайта жасалмайды, өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі, бүгінгі заң талабы мен өзгерген нормативке сай жаңарып тұрады. Өйткені қала тірі ағза іспетті. Мәселен, үнемі көлік кептелісі орын алатын жолдарды кеңейтеміз, жолайырық саламыз, т.б. Бас жоспарда мұндай қажеттіліктердің барлығын алдын ала қамту мүмкін емес.          

– Бір сөзбен түйгенде, актуализацияңыз қаланың бас жоспары заман көшіне ілесіп отыру үшін қажет дүние десеңізші. Ал мына бір талапты қалай түсіндіресіз? Мысалы, Шымкенттегі қарапайым халыққа жеке тұрғын үйлердің құрылысын жүргізу бұрындары пәлендей талап қойылмайтын. Үйін салып алып, тиісті құжаттарын жинайтын. Енді құрылысты бастамай тұрып рұқсат алып, біраз мекеменің есігін қағып, құжаттар жинау қажет көрінеді.

– Негізі біздің облыс сейсмикалық қауіпті аймаққа жатады. Оған тек бес аудан ғана кірмейді: Түркістан, Кентау, Созақ, Отырар, Бәйдібек. (Онда да Бәйдібек ауданы түгелдей кірмейді, жартысына сейсмикалық қауіп бар). Бұл аудандарда тұрғын үй құрылысына қатысты талап жеңілдеу. Жеке тұрғын үй салушы жұмыс жобасы емес, эскиздік жобамен құрылыс жүргізе алады. Сондай-ақ мердігермен, жобалаушымен келісудің қажеті жоқ. Шаруашылық әдіспен тұрғызып, үйін өзі  актімен қабылдайды да, декларациялап, әділет органына тіркейді. Ал сейсмикалық жағынан қауіпті аймақтарда жобаны міндетті түрде лицензиясы бар мекеме жасауы керек. Алайда, мойындау керек, заң талабы бізде толық орындалып келе жатқан жоқ. Себебі тұрғын үй салушының мердігер жалдауға шамасы келе бермейді. Біз 2016 жылға дейін бұл талаптың үдесінен қалай шығып жүрдік? Соған дейін сәулет және қала құрылысы, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы, санитарлық қадағалау, өрт қауіпсіздігі мекемелеріне шаруашылық негізде салынған тұрғын үйлерге техникалық тексеру жасататынбыз да, солардың қорытындыларына сәйкес басқаларымыз қол қоятынбыз. Ал 2016 жылдан бері қарай тәртіп өзгерді. Тек мердігер, автор, техникалық қадағалаушы үшеуі қабылдайтын болды. Комиссия жоқ. Бұл үшеуі шаруашылық әдіспен жүргізілген құрылыста жоқ. Мен бұл заң қабылданар кезде жобасынан бастап атсалыстым. «Ертең тағы орындалмай қалатын заң болады. Баяғы техникалық тексеруді қалдырайық…» деп шырылдадым. Бірақ ұсынысым өтпеді. Өйткені бұл жерде адам өмірінің қауіпсіздігі айрықша маңызға ие ғой.

Несін жасырайын, 2016 жылы заңның талабын орындау өз деңгейінде болған жоқ. Облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасында жүргенімде көп шара көруге тура келді. 50-60 техникалық қадағалаушының жұмысын тоқтатып тастадым. Сотқа, ішкі істер органдарына шағымданған сәттер болды. Ал биылдан бастап тәртіпке келіп қалды. Мыңнан астам жеке тұрғын үйді салушы мердігермен, техникалық қадағалаушымен бірлесіп жұмыс істеді. Алайда солардың барлығы сол нысанның құрылысына 100 пайыз қатысып жатқан жоқ. Халық бәрібір шаруашылық әдіспен жүргізеді.

Қазір осы мәселе тағы қаралып жатыр. Тек ОҚО-да ғана емес, Алматы, Жамбыл, Шығыс Қазақстан облыстарының барлығының басындағы проблема бұл. Енді қайтадан жеке тұрғын үйді шаруашылық әдіспен жүргізуге рұқсат беруді қарап жатыр. Онда да бір қабатты үйді. Ал екі қабатты үйдің құрылысын арнайы мекеме жүргізсін деген талап сақталатын сияқты. Әзірге пәлен-түген деу ерте.       

– Жарайды, ол заңға өзгерістер енемін дегенше, біршама уақыт кетеді. Дәл қазір жеке тұрғын үй құрылысын жүргізетін адамдар не істеуі керек?

– Жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін ең әуелі жер телімі керек. Жер теліміңіз болса, сәулет-жоспарлау тапсырмасын (АПЗ) алуыңыз керек. Соның негізінде жоба жасалады. Үй салушы азамат өзінің жер телімінің жағдайына қарай өзі сызып алған жобасының нобайын жобалаушыға апарып көрсетеді. Ол іргетас тұғыры, іргетастың өзі, кірпіші қандай болу керектігін көрсетіп, жұмыс жобасын жасап береді. Ол шамамен әрі кеткенде 30-40 мың теңгені құрайды. Оны біздегі 200-300-дей жобалаушы мекеменің қай-қайсысы да жасай алады. Қазір тұрғын үйге сараптаманың (экспертиза) қажеті жоқ. Мұнан соң бір мердігер мен техникалық қадағалаушыны жалдау керек. Қазекем үшін ең қиыны осы екеуі ғой.

– Қарапайым халық мердігер мекемені қайдан табады?

– Осы «Нұрсәт» шағынауданындағы облыс әкімдігі ғимаратында орналасқан облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасына кірсеңіз, мердігер компаниялар туралы толық мәліметті береді. Онда байланыс телефондары мен мекенжайлары көрсетілген. Шамасы, басқарманың сайтында да қажетті мәліметтер болуы керек. Білуімше, олардың қарасы мыңнан кем емес. Айтпақшы, қазір телеарналардағы жүгіртпе жол мен газеттердегі жарнамалардан да «үй салып беремін, жоба жасаймын» деген мәтінді де жиі байқауға болады.

Мердігер және техникалық қадағалаушымен келісімшарт жасасқаннан кейін облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасына хабарлама бересіз: «Мен мына үйді салу үшін «Құрылысшы» деген мердігер мекемемен, «Проектстрой» деген жобалаушы мекемемен, «Балғынбаев» деген техникалық қадағалаушымен жұмысымды бастадым» деп, мысалы. Кейін құрылыс біткен соң, сол үшеуі үйіңізге қол қойып береді. Үшеуінің қолымен сәулет және қала құрылысы бөліміне тіркейсіз. Мұнан соң облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасына хабарлама беруге міндеттісіз. Өйтпеген жағдайда айыппұл салады. Сондықтан хабарлама бере салған жөн. Кейін әділет департаментіне апарып тіркейсіз. Болды.          

– Ал ешқандай рұқсатсыз-ақ, күні бұрын құжат жинамай-ақ жеке тұрғын үй салып қойғандар не істейді? Тығырықтан шығудың, жаңа баспанасын рәсімдеудің бір амалы бар шығыр?

– Бір жолы бар. Сот арқылы. Ол үшін аттестаттаудан өткен, аккредиттелген мекемелерге үйіңізге техникалық зерттеу жасатасыз. Олар сіздің жеріңізден бастап зерттейді. Жерді нығыздау жұмыстары дұрыс жүрді ме, жүрмесе, «Жерге нығыздау жүргізілсін» деп ұсыным (рекомендация) береді. Одан кейін іргетастың арматуралануы дұрыстығын тексереді. Дұрыс болмаса, іргетасты күшейту жөнінде ұсыным береді. Соңыра кірпішіңізді көреді. Талапқа сәйкес болмаса, «бұз» дейді. Одан төбенің қалай жабылғанын тексереді. Егер бәрі дұрыс жасалса, «Бәрі дұрыс, мынау үй құламайды, қабылдауға жатады» деп қорытынды береді. Сол қорытындыны алып, «Менің үйімінің меншік құқығын танып беріңіз» деп сотқа жүгінесіз. Жауапкер әкімдік болады. Яғни сәулет және қала құрылысы бөлімі. Сот «меншік құқығы танылсын» деген қаулы шығарып берсе, сәулет және қала құрылысы бөліміне тіркетіп, сосын әділет органына барасыз.

Өкінішке қарай, қазір соттар бұл мәселеде көбіне-көп бас тартып, жұмыс істемей жатыр. «Жобаңды жасат, мердігермен, техникалық қадағалушымен қабылда» дейді. Әйткенмен сот арқылы қабылданып жатқан тәжірибелер бар. Тіпті үлкен ғимараттардың өзі қабылданғанын білемін.  

Жалпы, сейсмикалық аймақта мекендейтін, тұрғын үй салуға ниетті азаматтарға маман ретінде берер кеңесім, жоғарыда айтып өткен тәртіппен әрекет ету. Біз біртіндеп осы жүйеге келе жатырмыз. Себебі бұл жерде тек адам өмірінің қауіпсіздігі тұр. Үй – адамның өмірі. Қазір жұртшылық жеке тұрғын үй құрылысының нормативтері бар екенін түсініп келеді. Таным-түйсігі өзгеруде. Ал бұған дейін көбінесе немқұрайдылыққа салынып келгені өтірік емес қой. «Цементін мол қос» дейді. Алайда кейде іргетас құрамында цементтің артық болуы зиян. «Арматураның жуанын сал» дейді. Алайда мың жерден жуан болғанымен, егер қаңқасы бір-біріне дұрыс байланбаса, ол арматура әншейін тұруы мүмкін. Бірде бір жолдасым үй салып жатыр. Үлкен швеллермен құйып жатыр іргетасын. Құрылысшы болғасын «Мұнда швеллерді қор қылудың қажеті жоқ, арматура да жетеді» деп, кеңесімді айттым. «Пайдасы болмаса, зияны болмайды» деп, дес бермеді. Қазір үйінің ара жабыны солқылдайды. Ол жерге 16-лық арматураны пайдаланғанда, швеллерден 10 есе арзанға түсер еді әрі солқылдамас еді. Өйткені швеллер бетонды көтеріп тұр.     

– Бүгінде жастардың құрылысшы мамандығына ықыласы қандай?

– Қазіргі таңда жастардың құрылысшылыққа қызығушылығы жақсы. Бір жағынан құрылыс саласына жан біткендіктен де шығар. 1990-жылдардың аяғы мен 2000-жылдардың бас жағында ешкім құрылысшы мамандығына аяқ баспай қойды ғой. Өйткені құрылыс тоқтаған еді барлық жерде. Бүгінде сол жастарды осында –  мемлекеттік қызметке де алып жатырмыз. Тіпті бізде жүрген мамандарды құрылыс компаниялары өздеріне шақыруда.

Тағы бір аңғарғаным, бұрындары жобалаушылар негізінен орыс ұлтының өкілдері болатын. Өмір ғой, «олар қартайса, орнын кім басады?» деп алаңдаушы ем. Жоқ, қазақтың жап-жас жігіттері де осы кәсіпті меңгеріп, бұрынғыдан да жап-жақсы жобалар жасап жатыр. Қазіргі жастарда ізденіс бары қуантады.      

– Соңғы жылдары ОҚО тізгінін ұстаған әкімдер тарапынан Шымкент қаласында көпқабатты үйлерге қарағанда жекелерінің үлесі басым болып кеткені жиі айтылып жүр.  

– Ол рас. Меніңше, қазір көпқабатты үйлердің саны 30 пайызға жетпеуі де мүмкін. Негізі, үлкен қалаларда бұл көрсеткіш керісінше болуы керек. Көпқабаттылардың үлесі – 70 пайыз, жеке үйлердікі – 30 пайыз. Алайда бізде жағдайы нашарлардың көбісі жеке үй салып алады. Негізі дамыған мемлекеттердің қалаларында әл-ауқаттылар ғана көпқабатты үйге қарағанда жекені тәуір көреді. Жалпы, көпқабатты үйден қашудың керегі жоқ.

– Менің ойымша, қазақтың табиғаты көпқабатты үйде тұруға келмейді-ау. Өз ауламыздың болғанын, еркіндеу жүріп, еркіндеу тыныстағанды қалаймыз ғой. Оның үстіне Оңтүстік Қазақстан қазақы өңір ғой.

– Ойыңызға қосыламын. Дегенмен мен былай ойлаймын: жас кезде бірден үй салып, басты қатырудың не керегі бар? 25 жасар жігіт отбасы құрды делік. 10-15 жыл пәтерде тұруы керек. Өзіміз сол сатыдан өттік. Жағдайыңды жасап, ақша жина да, қырықтан кейін үй сал. Жас кезінен бірден құрылысқа кіріссе, шағылып қала ма деймін. Оның үстіне ол уақытта үлкен үй тұрғызуға шамаң жете бермейді, әрі барса, «времянка» саласың. «Времянкада» тұрған жақсы ма, әлде барлығы жайлылығы қарастырылған пәтерде тұрған жақсы ма? Сондықтан әлденіп барып бірден үлкен үйге кіріскен жөн. Жас отбасылар оған дейін пәтерде тұрғаны дұрыс емес пе? Оның үстіне қазақ көпбалалы. Қолыңда бір балаңды алып қаласың да, қалғанына енші бересің. Оның бәріне үлкен үйді салып беруге шамаң жете ме, жетпей ме? Перзентіңіздің өзі жәрдем берсе, жақсы. Ал сіздің тапқаныңыңыз оларды өсіруге, оқытуға кетеді ғой. Сондықтан 4-5 балаңыз болса, бөлек шығаратын балаларыңызға 1-2 бөлмелі пәтер алуға әрекет жасаған абзал. Салымшы болып дегендей. Пәтерде отырған бала ертең өзі де қамданады ғой. Жер алып, үй көтеріп. Ал біз қайтеміз? Суы, жарығы жеткізілмеген қаланың бір шетінен жер аламыз да, «времянка» сап беріп, баланы «енді күніңді көр» деп, «қуып» шығамыз. Ол байғұс ана жерден қашан үлкен үй саламын дегенше бәрібір қырыққа келеді. Қанша қиындық көреді. Ал сол жерді алып, «времянка» салғанша, екі бөлмелі пәтер алған дұрыс. Бұл – менің ойым. Бірақ өмір сүрудің ортақ рецептісі жоқ қой.  

– Құтеке, өзіңіз де бір шаңырақтың иесісіз. Бала-шағаңызға осы тәсілді кәдеге асырып жатырсыз ба?

– Екі қызым – тұрмыста. Екеуі де пәтерде тұрып жатыр. Бірі – Астанада, бірі – Шымкентте. Күйеубалаларым – мемлекеттік қызметте. Қыздарымның екеуі де жұмыс істейді. Астанадағылардың шағын пәтері бар. Ал осындағы қызым Шымкент мұнай өңдеу зауытында еңбек етеді. Айлығы тәп-тәуір. Салымшы болып ипотекамен үй алған. Уақыты келгенде өздері жеке үй салатын шығар. Олардың бәріне бірдей үй салып бере алмаймын ғой. Әрқайсысы өз еңбегімен жетуі керек. Ұлым өзіммен бірге.

– Әке жолын қуып, құрылысшы болған перзентіңіз бар ма?

– Бір ұл, төрт қызым бар. Бір қызым Астанадағы Еуразия Ұлттық университетінде құрылыс мамандығын оқып жатыр. Ұлым да – негізі құрылысшы. Магистратураны тәмамдап жатыр. Бірақ басында басқа мамандық оқыды. Кейін жобалауды оқыды. Алайда көп уақыт логистика саласында жұмыс істеді. Қазір жаймен құрылысқа қызығушылық танытып жүр. «Бірақ уақтысында оқымаған соң сенен құрылысшы шықпайды. Одан да логистикаңды жалғастыра берсейші» деймін. Ағасымен бірге жұмыс істейді.   

– Қазір 57-десіз. Алла өмір берсе, 6 жылда пайғамбар жасқа толасыз. Қариялыққа дайындығыңыз қалай? Зейнеткер Қ.Жамашев немен айналысуы мүмкін? Бәлкім, бизнеспен айналысарсыз.

– Бизнесмен бола алмайтын шығармын. Өйткені ұзақ жылдар бойына мемлекеттік қызметте келе жатырмын. Осы уақытқа дейін істемеген кәсіпкерлікпен қалай айналысамын?! 1989-1990 жылдары Қазақ химия-технология институтында «часовик» болып сабақ бергенмін. Одан кейін 2007-2010 жылдардың аралығында ізденуші болып техника ғылымдарынан кандидаттық диссертация қорғадым. Сондықтан зейнетке шыққасын жоғары оқу орнында болсын, колледжде болсын, ұстаздық ететін шығармын. Білген-түйгенімді кейінгі жастарға үйретсем деген ойлар бар.

– Латын әрпіне көшуге бет бұрдық. Сізге игеру оңайға түсе ме?

– Латын әрпі мектептен де, институттан да таныс қой. Шет тілін оқыдық. Сол себепті латын әрпін танимын, жаза да аламын. Ал қазіргі латын әрпі тура біз оқығандай болмаса да, соған жақын ғой. Кейбір санаулы әріптерінде ғана өзгешелік байқалады. Сондықтан игеруде қиындық туындамас. Заманның талабы. Қателеспесем, Н.Назарбаев 2012 жылғы желтоқсан айында жария еткен «Қазақстан-2050» Стратегиясында алғаш рет 2025 жыл­дан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз керектігін мәлімдеді. Одан бөлек Елбасының бағдарламаға айналып кеткен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында да бұл мәселенің маңыздылығы зор екені егжей-тегжей айтылды. Менің ойымша, латын әрпіне көшу ұлт үшін қажет. Бүгінге дейін ТМД елдерінің жартысынан астамы латын әрпіне көшті. Сондықтан бір Ресейге қарап қалған болмайды. Дүниежүзіне қарағанымыз дұрыс. Егер латын әрпімен мектеп қабырғасынан оқытсақ, кейінгі жастар қиналмайды.

– Президент аталмыш мақаласында жергілікті биліктің «Туған жер» бағдарламасын жинақылықпен және жүйелі­лікпен қолға алуға тиістігі турасында айтты. «Туған жеріне көмек жасаған жандарды қолдап-құрметтеудің түрлі жолдарын табу керек» деді. Яғни «Туған жер» бағдарламасы жалпыұлттық патриотизмнің нағыз өзегіне айналатынына ерекше назар салды. Өмірбаяныңызға үңілсек, Жетісай ауданының Абай селосында туылыпсыз. Үлесіңіз қандай?

– Сол жерде кіндік қаным тамғанымен, 2 жылдан кейін – 1963 жылы әке-шешем Қазығұрт ауданының Жаңабазар селосына қоныс аударған. Мен сол жерде ес білдім. Атақонысымды сол жер деп есептеймін. Алайда осы уақытқа дейін ол ауылда бірдеңені жапырып, қызмет еттім деп ауыз толтырып айта алмаймын. Әйткенмен бірдеңе істеген күнде де мақтану ұят шығар. Бірақ әйтеуір бүйрегіміз бұрып тұрады. Еліміз үшін қызмет атқаруға қай уақытта да дайынбыз ғой. Өзінің туған жерін, ауылын сүймеген Қазақстанды да сүйе алмаса керек. Сондықтан қолдан келсе, туған жеріңді түлетуге атсалысқанға не жетсін! 

– Ауылға барыс-келісіңіз қандай?

– Бір атадан 4 ұл, 4 қызбыз. Құдайға шүкір, ата-анамыз аман-есен. Жаздыгүні ауылда болады, қыста – біздің үйде. Қарашаңырағымыз – ауылда. Өзімнен кейінгі інім тұрады. Ауыл шаруашылығымен айналысады. Өзінің шаруашылығы бар. Одан кейінгі інім – Астанада. Бизнеспен айналысады. Кенже інім – логистика саласында. Кәсіпкер. Төрт қарындасымның бірі Шымкенттегі жоғары оқу орнында ұстаздық етеді. Филология ғылымдарының кандидаты. Екіншісі – Алматыда. Ол да – жоғары оқу орында оқытушы. Үшіншісі – балабақша меңгерушісі. Әке-шешеміз барлығымызды оқытты. Жоғары білім алуымызға жағдай жасады. Бәріміз өмірден өз орындарымызды тауып, біреуден ілгері, біреуден кейін күн кешіп жатырмыз. Уақыт тапсақ, ауылға тартып тұрамыз. Әке-шешенің үйі деген керемет қой. Өзіңнің балалық шағыңмен қауышқандай күй кешесің! Ауылдағы жора-жолдас, сыныптастарыммен де қарым-қатынасымыз үзілген емес.

– Әңгімеңізге рахмет!

Дереккөзі:http://aq-qara.kz/bukpesiz-agime/item/489-k-ttybek-zhamashev-oko-k-rylys-baskarmasyny-basshysy-isinde-kinaraty-bar-adamdardy-esinde-zak-saktalasy

Сұхбаттасқан Тұтқабай ФАЗЫЛБЕК.