Ұл мен қызды бөлу дұрыс емес

Кейде қыз баласына қатал, оларды ұлдарынан кейінгі орынға қоятын ата-аналар табылып жатады. Бірақ олардың бұл әрекеті дұрыс емес. Себебі қыз баласын қазақ халқы бұрыннан еркелетіп, оларды төрге шығарып келген. Сол қыз арқылы ертең ұрпақ тарайтынын, өрісінің кеңейетінін жақсы білген.

Дінімізде қыздың орны ерекше. Бір күні бір кісі Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жанында отырған кезінде қасына ұлы келеді. Әлгі кісі ұлының басынан сипап, бетінен сүйіп, алдына отырғызады. Сәлден кейін қызы келеді. Қызын да алдына отырғызып алады. Бірақ бетінен сүймейді. Осыны байқаған Алла елшісі (с.ғ.с.): «Екеуін теңдей көрмейсің бе?», – деп ескерту жасайды.

Мұндай олқылықтарға жол бермеу үшін Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сахабаларға: «Балаларыңды бөліп-жармай, теңдей көріңдер» — деп өсиет айтқан.

Бір хадисінде: «Сенің балаларыңның алдындағы міндеттеріңнің бірі оларды алаламау (бөлмеу)» — деген. Тағы бір хадисінде: «Базардан қайтқанда үйлеріңе алып келген базарлықтарыңды үлестіруді қыз балаларыңнан бастаңдар» — деп қыз баланың психологиясын ескеріп, оларды құрметтеуге шақырған.