Әйтекебиліктердің шаруа жәйі  

Астық өнімдері. Әйтеке би ауданы үстіміздегі 2017 жылы 200411 тонна астық алды. Оның ішінде бидай 193180 тонна, арпа 6761 тонна, тары 200, сұлы 180 тонна. Ал майлы дақылдан 1500 тонна, картоп 4203 тонна, көкөніс 1884 тонна, бақша өнімдері 427 тонна.

       Мал өнімдері. Ет өнімі биылғы жылы 8073,4 тонна, сүт 20535,1 тонна, жұмыртқа 5225,6 дана, жүн 108,3 тонна өндірілді.

       Ауданда мал тұқымын асылдандырумен айналысып жатқан 3 шаруашылық бар, олар:

  1. «Әсем-Наз» ӨК (ірі қара)
  2. «Алуа» ШҚ (жылқы)
  3. «Қонысбай» ШҚ (жылқы)

Әйтеке би ауданының әкімі Ибрашов Мәлімбет Ерғалиұлымен сұхбаттасқан едік, көңіліндегісін қысқа ғана баяндап, ойын былайша түйіндеген-ді сонда: 

       – Аудан егін шаруашылығы болғанмен, мал өсірумен де айналысады. Сондықтан осы салада да кейбір түйткілді жайттар бар. Айтпағым, әр адам өзінің қорасында өсіріп отырған малына бизнес көзі ретінде қарауы керек. Уақыт талабы бұл. Көретін пайдам қаншалықты, еңбегімді ақтай ма деген сияқты сұрақ болуы тиіс көкейде. Сондықтан малды асылдандыруға көңіл бөлгені жөн. Мүмкіндігінше аз шығынмен, жақсы сапаға, нәтижелі пайдаға жету. Көбіне-көп ауыл тұрғындарының сонша еңбектеніп баққан малы жөнді өнім бермейді. Мұның бәрі селекциялық жұмыстарға мән бермеуден. Жалпы ауылшаруашылығы ғылыммен байланыстырыла жүргізілуге тиіс. Сонда жетістік болады. Осыны қолға алғымыз келеді, бірақ асылдандандыру жұмысын жан-жақты білетін білікті селекционер мамандар жоқ. Сонда да ауыл тұрғындары арасында бұл тұрғыда түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеміз. Селекцияға қатысты мәселені шешу – ойда жүр.

Ауылшаруашылығын дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында үйдегі қосалқы шаруашылықты дамыту мен пайда табудың жолдары қарастырылған. Осыған орай, республикамыздың жер-жерінде кооперативтер құру істері жүріп жатыр. Ауыл адамдары үшін бұл – қолайлы. Әрқайсысы сүтін, қаймақ пен майын тапсырып, өнімінің тиісті құнын алады. Ал әрі қарайғы жұмыс өз ретімен жүре береді. Біз де осы іске кірісіп жатырмыз.

СССР-дің кезінде кооперативтің жұмысын Германияда болғанымда елді-мекендерінен көргенім: сүт қабылдаушы арнайы орынға қойылған бидондардағы сүттерді құйып алады да, тапсырушылардың ақшасын ыдыстың қасына қойып кетеді. Халқымыз осындай мәдениетке қалыптасуы керек деп ойлаймын келешекте…

Қорыта айтқанда, малдың саны емес сапасына, елді кооперативке ұйыстыру, сол арқылы үй жағдайындағы қосалқы шаруашығын дамытуға жұмыстанып жатқан жәйдамыз. Ал бұлар – ауылдың дамуының бір тетігі.

…………………………………………………………………………………………………………………

Егіні де бар, малы да бар, жерінде тіпті кені де бар…

Әйтеке би ауданы әкімінің орынбасары Бақытжан Мулькаевтан аз-кем уақыт бөліп, өңір шаруашылығына байланысты сұрақтарымызға жауап беруін сұраған едік. Қаныққан сол бірсыпыра мәліметтерді назарға ұсынып отырмыз.

– Аудан – астықты өңір, биыл өнім қалай болды?

– Облыстағы егінмен айналысатын ауданбыз ғой. Алқабымыз – 184 мың гектар.  Бидай, арпа, күнбағыс, қара бидай, жүгері егіледі. 2 мың га суармалы жеріміз бар. Оған көкөністер егіледі. Биыл егін бітік шықты. 14,1 центнерден өнім алдық әр гектардан. Қазір кәсіпкер А. Ф. Чемоданов басқаратын «Қарашатау» ЖШС астық тұқымының сапасын жақсартумен айналысуда…

– Ауылшаруашылығы кооперативтерін құру жәйі не боп жатыр сіздерде?

– Ауданымызда 8 ауылшаруашылығы өндірістік кооперативі құрылды. Қазір жұмыс істеп жатыр. Бұл –  кәсіпкер үшін тиімді де, пайдалы да. Себебі, сатып алған техникасына (трактор, комбайн т.б.) субсидия беріледі, яғни, жар құнын мемлекет көтереді. Бұлай қолдау көрсетудегі негізгі түп мақсаты –адамдарды еңбекке ынталандырып, жұмыспен қамту, сол арқылы ауылшаруашылығын да кеңінен дамыту, жеке қожалықтарды ірілендіру. Айта кетер жайт, мемлекеттің субсидиямен көмектесуі еңбекке жаңа серпіліс берді. Қазір алынған өнімге, оның сапасына қарай беріледі. Бұрындары дихан егін шықса да, шықпаса да көлеміне қаржылай көмек алып отыратын…

      – Басқа да істер бар шығар қолға алынған ауылшаруашылығы саласына қатысты?  

– Аудан орталығы – Комсомол поселкесінен мал сою алаңын аштық. Бұл салада да субсидия ілгерілікте малдың басына беріліп келген еді, енді соңғы талап бойынша қанша келі ет тапсырады соған байланысты алады. Онда да сою алаңынан өтіп, тіркелуі міндетті.

             – Ауыл адамдарының үй жағдайындағы өнімдерін өткізу үшін жәрдем ретінде жер-жерде жәрмеңкелер ұйымдастыру жақсы дәстүрге айналып келеді. Сіздер ше? 

– Бұл дәстүр бізде де бар. Апта сайын аудан орталығында әр округ жәрмеңкесін тұрақты өткізіп тұрады. Онда үй жағдайында өсірген қоян, қаз-үйрек, ірі қара еттерін, құс жұмыртқасын, тары мен сүт-қаймағын, жармасын, жем-шөбін т.б. сатады. Өнімдер бағасы қаладағыдан 15-20 пайыз арзан. Келушілерге концерт қойып, өнерлерін көрсетеді…

       – Әйтеке би ауданы тек астықпен, малмен шұғылданбайды, жер асты табиғи кен көздері де бар өңір. Қиыршақ тас, мыс өндіріліп жатқанынан құлағдармыз, осы жөнінен…

– Қиыршақ тас өндіретін «Текше Тас» ЖШС 2010 жылы іске қосылған-ды. Әйтеке би ауданы Бөгеткөл ауылы террриториясында орналасқан. Жылдық жоспары 150 мың тонна қиыршық тас өндіру. 30 адам еңбек етеді. Компанияның 2015 жылға дейін өндірген өнімдері аудан өңірінде жүргізілген жергілікті, республикалық маңызы бар жол құрылыстарына жіберілді.  Мұнан соң обьективті себептерге байланысты тас өндіру жұмысы уақытша тоқтаған еді. Биыл қазан айынан бастап, іске қайта қосылды. «Теңіз Шевройл» ЖШС жыл соңына дейін 80 мың тонна сатып алатын боп отыр. Айта кетер жайт, біздің қиыршақ тасымыздың сапасын сараптамада өте жоғары деңгейде деп бағалаған…

– Істеріңізге дәйім береке берсін!

………………………………………………………………………………………………………………….

           Ауылдың хал-ахуалын жақсарту – туған жерді сақтау! 

Хромтау ауданынан соң Әйтеке би ауданына бағыт түзедік. Жолай шаруашылықтармен таныса кету үшін Қызылжұлдыз ауылдық округіне қарасты Арай қыстағына ат басын бұрған едік (Тарихи атауы – Аралтоғай. – Б.К.). Шаруа жәйімен таныстырып тұрған округ әкімі Ербақыт Қаржаубаевқа мынадай бірер сұрақ қойғанбыз-ды:

– Шаруашылықтан ақпарат беріп өтсеңіз…

– Бұл – «Мырзалы» қой шаруашылығы аталады  2010 жылы құрылған. Отарда мың жарымдай бас бар, оның 700-і саулық, 500-і осы жылғы тоқты. Бұлардың еркегі марқайған соң етке өткізіліп отырады. Өзіміздің ауданға, Ақтөбе қаласындағы сауда орындарына. Биыл 200-і сатылды. Ал қалған жаңағы 500 тоқтыға келер күзде, тұқымды асылдандыру мақсатында әкелінген 30 еділбай қошқары қосылады. Осы  үрдіспен малдың сапасын жақсартып келеміз. Тек жүнін, терісін өткізу қиын шаруа болып тұр. Бұның мәселесін шешу көкейде жүр. Жалпы ауылшаруашылығы өнімдерін өңдейтін орындарды ашу қажеттілігі туып тұр.

Шаруашылықта он бес адам еңбек етеді. Басқарушысы – Ысмағұлов Талғат есімді азамат. Қарамағында 3,5 га жер бар, малдың қысқы азығын өздері содан дайындап алады…

       – Өзіңіз басқаратын ауылдық округтің әлеуметтік жайы қалай?

– Округте 804 тұрғын бар. Мектепте 150 бала оқиды. 34 мұғалім бар. Бала бақша жұмыс істейді, ондағы бүлдіршін саны – 25.

Биыл ауыз су құбыры жүргізіліп жатыр. Үйлерді газдандыру мәселесі де оң шешімін тапты. Құбыр тарту жұмысы басталып кетті. Ауыл округінің орталығы – Қызылжұлдыз Ақтөбе – Қостанай тас жолының бойында орналасқан. Аудан, облыс орталықтарымен қатынас жақсы.

       – Қазір облыс аумағында «Туған жерге тағзым!» атты акция жүріп жатыр, осы жөнінен де айтарыңыз бар шығар… 

– Жастардың өз бастамаларымен қаржы жинап, кіреберіс жолға аулымыздың белгісін орнатты. 500 мың теңгеге. Бізде меценаттық жасайтын «Жақия» атты қайырымдылық қоры бар. Ол мектептің спорт алаңына күрделі жөндеу жүргізді. Жасанды газон төседі. Жүгіру жолағы бар. Дене шынықтыру сабағына тиісті құрал-жабдықтар алып берді талапқа сай қып… (Уақыттың тым тығыздығына байланысты осы тұстан сұхбатты үзуге тура келді)

– Бұл серпіліс, қайырымдылық ұзағынан болсын, жоғалмасын дәйім!

………………………………………………………………………………………………………………….        

                             Үй өнімдері жәрмеңкеде

       Әйтеке би ауданының орталығы – Комсомол поселкесінде өтіп жатқан ауылдық округтердің жәрмеңкесіне келдік. Музыка ойнап тұр. Қара құрым халық. Көңілді. Қатысушының бірі – Сарат ауылдық округі екен…

Алынған мәлімет бойынша, Сарат аулында қазір 550-дей тұрғын бар көрінеді. Шаңырақ саны жүзге жуық дейді. Он шақты шаруа қожалық жұмыс істейді. Бала бақша, мектеп бар. 85 оқушы білім алады екен.

Жәрмеңкеге аудан орталығы тұрғындарына өткізу үшін сараттықтар 150 келі қой етін, 250 келі сиыр етін, 10 қаз және 7-8 үйрек етін, тары, жарма, құрт-май т.б. ауылшаруашылығы өнімдерін әкеліпті. «Қой етінің келісі 1100 теңгеден, сиыр еті 1300 теңгеден, – дейді Сарат ауылдық округінің әкімі Байдрахманов Кеңшілік бізге мәлімет беріп тұрып. – Ал құс еттерін, атап айтсақ қаздікін 4000 теңгеге, үйректікін 2500 теңгеге өткізбекпіз. Бұлардың бәрісі ауыл тұрғындарының өз ауласында бағып, өсірген малдарының, құстарының өнімі».

Ауыл округі әкімінің айтуынша, тек аудандық емес, облыстық деңгейдегі жәрмеңкелерге де жиі қатысып тұрады екен. Былайғы кезде де адамдар сұраныс жасайды, ондай жағдайда сол қажет еткен өнімдерін келісім негізінде жөнелтіп тұрамыз дейді.

 

Бөрібай Кәртен