Айтсақ жәйін суы бал, шөбі шүйгін құт мекен — Ырғыз       

Ырғыздың тарихы – тым терең. Әуелгі атауы – Жармола.  Бұл жерге  1845 жылы әскери Орал бекінісі салынады. Бұлай аталуының да өз себебі бар: Жармоланың атақты Орал тауының сиырқұйымшақтанып бітер сілемдерінің ұшына тақау орналасқандығынан екен. Бекіністің сол кездегі көрнісін украин ақыны һәм суретші Т. Г. Шевченко «Ырғыз қала» атты қазақ тарихы үшін маңызы зор картинасына арқау қылған-тын. 1868 жылы Ырғыз қала мәртебесін алып, уездің орталығына айналды.

Орынбор шәрінде шекара комиссиясы жанындағы мектепте Шаһмұрат Құлыбеков есімді қазақ баласы білім алып, 1857 жылы бітіреді. Ол 1864 жылы қазанның 25-інде Ырғызда тұңғыш бастауыш қазақ мектебі ашады. Бұдан кейін Ыбырай Алтынсарин де осы өңірде ағартушылық жұмысын жүргізеді. Оның 1879 жылы екі кластық орыс-қазақ училищесін ашқаны тарихта таңбаланып қалған.

Бұл мекенде есімдері алашқа жайылып, даңға шыққан тұлғалар дүниеге келген. Солардың бір қатарын атап өтсек, Ахмет Тұңғашин, Ұзақбай Құлымбетов, Темірбек Жүргенов, Бәймен Алманов, Тел Жаманмұрынов, Телжан Шонанов т.б.

Тұңғыш дәрігерлердің бірі саналатын Мұхаметжан Қарабаев  алғашқы аурухананы Ырғызда ашып, бірнеше жыл қызмет істеген.

Ырғыз топырағына халық компазиторы, әнші әрі ақын Мұхит сал Мералыұлының да табаны тиген. Бабамыздың «Зәуреш» әнінің тарихы осы мекенмен тікелей байланысты. Ән кейіпкері Зәуреш Ырғызда ғұмыр кешкен.

Қазіргі кезде Ырғыз ауданын Тәуіп, Жайсаңбай, Аманкөл, Нұра, Қызылжар, Құмтоғай, Ырғыз ауылдық округтері құрайды. 15 мыңдай халқы бар.

Аудан территориясында 2007 жы­лы «Ырғыз-Торғай» мемлекеттік табиғи резерваты» құрылған. Мұндағы негізгі мақсат – киік санын кө­бей­ту. Географиялық ерекшелігіне байланысты «Атан басы», «Ала­көл» делінген жүйелерге бөлінген. «Ырғыз-Торғай» мемлекеттік табиғи резерваты» ерекше қорғалатын аймақ болғандықтан кіруге тыйым салынған…

Әбілқайыр хан ордасындағы рулардың атақтысы да, беделдісі де Шөмекей руы болған деп тайға таңба басқандай қып таңбалап кеткен орыс офицерлері Рычков та, Левшин де өз еңбектерінде. Шөмекейлердің мұндай дәрежеде болуы экономикалық жағдайына қатысты еді.

Бүгінгі ырғыздықтар «сексен көл тек Көкшетауда ғана ма екен, бізде де бар» дейді. Бала кезімізде осының жиырма әлде отызын анық көріп ек… Әр қырдан асып түскен сайын дөңгелек-дөңгелек көлдер, бетінде қиқулаған нешеме құс… айнала жап-жасыл дүние еді! Бірақ сексен көлдің біразы қазір ортайып, тартылған дейді…

Ырғыз ауылдық округінің әкімі Алтынбек Сарин бүй дейді:

– Ырғыз ауылдық округі бағынысында 4 елді-мекен бар, олар: аудан орталығы – Ырғыз, Ақши, Қалалыкөл және Қалыбай ауылы. Округке қарасты халық саны – 7300, оның 6200-і аудан орталығында тұрады. Негізгі айналысатын кәсіп түрі – мал шаруашылығы. 49 шаруа қожалығы, бірнеше өндірістік кооператив, жауапкершілігі шектеулі серіктестік бар. Кәсіпкерлік субъектілер саны – 260-тай.

Президент Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласына байланысты аудан, облыстардан арнайы келген топтар халықпен кездесулер өткізіп, сұхбат құрды, пікір алысты.

Өңірімізде ғұмыр кешкен белгілі тұлғаларды еске алып, алқап, ұлықтау шараларын жүргізіп жатырмыз. Бұған дәлел келтіре кетсек, Орқабай есімді алып кісі өткен екен. Құтикөл жақта. Сол тұлғаның қабіріне тақта-белгі орнатылып, ас берілді.

Ауылымыздан шығып, есімдері алашқа жайылған боздақ ерлерімізге «Арыстар гүлзары» деген алаңқай ашпақпыз. Жерлес еңбек ерлерінің, мемлекет қайраткерлерінің бюсттері орнатылады онда.

Ырғыз – тарихқа бай мекен. Келбеті де жақсы болуы керек. Сондықтан көріктендіру мақсатында биылғы көктем, күз айларында 2 мыңға жуық ағаш отырғыздық. Парк ашуға да талпыныс жасап жатырмыз.

Жарын Ырғызда 300 балаға арналған мектеп, 100 орындық интернат құрылысы басталады. Бұның сметалық жобасы жасалып, қаржысы қарастырылған. Ырғыз ауданы әкімшілігі ғимаратының құрылысы келер жылы тәмамдалады. Ақши елді-мекенінде де екі қабат мектеп салынды. 100 оқушыға. Алдағы жылы мәдени-сауықтыру орталығын ашуды жоспарлап қойдық. Мақсат – спорт түрлерін кеңінен дамыту. Мұнда жүзу бассейні болады. Сонымен қатар, ұлттық ойындардың да кейбірі енгізілмек.

Ырғыздың жаңалықтары осындай болып жатқан. Елдің игілігі үшін әлі де жоспар көп, іс көп…

(Енді бұдан әрі Ырғыз ауданының әлеуметтік-экономикалық жағдайын толық баяндаған деректерге көз жүгіртейік.-Б.К.)

      Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы

                   көрсеткіштері (2017 жылдың 9 айы бойынша )

  1. Ауыл шаруашылығы тынысы

         Аудан бойынша, 2017 жылдың 1 қазанына  дейінгі ауыл шаруашылығы құрылымдарының саны – 246, оның ішінде 19-ы жауапкершілігі  шектеулі серіктестік, 10-ы өндірістік кооператив, 206-ы шаруа қожалықтар, 11-і ауыл шаруашылығы кооперативі.

Ауыл шаруашылығы жалпы өнімдерін өндіру (салыстырмалы бағамен есептегенде). 6 млрд. 141 млн. 971 мың теңге, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 103,2 пайызды, ағымдағы бағамен есептегенде 6 млрд. 415 млн. 600  мың. теңге, өткен жылдың осы  кезеңімен салыстырғанда  103,8 пайызды құрады.

Мал  шаруашылығы.  Меншіктің барлық  түрлері бойынша мал басы               өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда  мүйізді ірі  қара 36508  бас немесе  103,5  пайызға,  қой-ешкі  131051  бас, немесе  104,3  пайызға, жылқы  9030 бас немесе   111,2  пайызға, түйе 1309  бас немесе 105,9  пайызға, құстар 13437 бас  немесе 100,6 пайызға орындалды.

Өсімдік шаруашылығы. 2017 жылы  293,3 га жерге  суармалы егіс салынды. Оның 155 гектарына картоп, 64,3 гектарына көкөніс, 74 гектарына бақша дақылдары егілді. Былтырғыдан  53,5 гектар артық.

Ауданда дәстүрлі емес ауыл шаруашылығы түрлерін дамытуда, ауылдық округ әкімдерімен бірлесіп тиісті жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі күні 2 жеке кәсіпкер 19 бас қоян өсірумен, 1 жеке кәсіпкер 45 бас тауық өсірумен, 2 шаруа қожалығы, 1 жеке кәсіпкер, 100 бас қаз, 300 бас үйрек өсірумен, 1 шаруа қожалығы 50 бас бөдене және  1 шаруа қожалығы  116 бас ешкі сауып, сүт өндірумен айналысып жатыр.

Балық шаруашылығы. 2016-2017 жылдары аудан аумағында орналасқан 16 су айдыны үшін «Жергілікті маңызы бар балық шаруашылығы су айдындары және (немесе) учаскелерін бекітіп беру» бойынша конкурстар өткізіліп, 6 жеке кәсіпкер және 3 ауыл шаруашылық құрылымдарына пайдалану хұқығы бекітіліп берілді. Ауданға 145,758 тн балық аулауға квота бөлінген еді, үстіміздегі жылдың 1 қазанына шейін 43,4 тонна балық ауланды, жыл аяғына дейін межеленген жоспар толық орындалады. Балықты көбейту мақсатында осы  жылы су айдындарына 801800 шабақ жіберілді.

Ауыл шаруашылық кооперативін ұйымдастыру. Осы жылдың 1 казанына дейін 10 етті және 1 етті, сүтті бағытта барлығы 11 ауыл шаруашылық кооперативі құрылып, қазір жұмыс жасауда.

Құрылымдарды несиелендіру. Ауданда мал шаруашылығы өнімін өндірушілердің несие алуына қол жеткізуі үшін ауданда «Ырғыз»  несие   ЖШС  жұмыс  жасайды. Биылғы жылдың  1 қазанына  дейін  серіктестіктің 31  құрылтайшысы 168 млн.  014 мың  теңгенің несие қаражатын алды.

  1. Орта және шағын кәсіпкерлікті дамыту

       2017 жылдың қазанында ауданда 57 заңды тұлға, 206 шаруа қожалықтары, 319 жеке кәсіпкерлер, барлығы 598 субъект тіркелген.

Шағын бизнес кәсіпорындарының белсенді субъектілері саны – 593. Шағын кәсіпкерлікке қамтылғандар – 1177 адам. Кәсіпкерлікте өндірген өнім, көрсетілген қызмет көлемі 513,0  млн. теңгені құрады

2017 жылдың 9 айында  9 заңды тұлға, 5 шаруа қожалығы,  86  жеке кәсіпкер тіркелген.

 

(Материал Ырғыз аудандық әкімшілігі аппаратының ақпараттары негізінде дайындалды).

 

Бөрібай Кәртен