Сын деген не?
Шыншыл сынсыз әдебиетіміз жетім
Мен қатардағы сыншымын. Сын туралы кітап шығарудан бұрын әдебиетіміздің сын жанры жөніндегі ойларымды көппен бөліскім келді.
Бірде Қазақстанның осы заман әдебиетінің белді сыншысы Бақыт Сарбалаев досымнан бір әңгіме үстінде: «Әдебиеттің сын жанрына не деп анықтама берер едіңіз?»— деп сұрағаным бар. Ол жұлып алғандай: «Сын дегеніміз не болушы еді? Сын дегеніміз — әдеби еңбекті бағалау, сұрыптау; жақсысын жарқыратып, төрт жағын түгел көрсету, нашарын (ауруын) бейне дәрігер сықылды, дәрі беретініне дәрі береміз, қатты науқасына операция жасаймыз. Ем қонбасына шараң не?» — деп жауап берген еді. Менше де дәл жауап осы. Ендеше, сыншы кім? Бұл сұрауға өзім жауап бердім. Ол — әдебиеттің сапасын тексеретін сарапшы. Ол қаламгердің кейде әкесі, кейде досы, ағасы, жанашыры, кейде ақырып сөйлейтін атасы да бола алады. Мәселе оның сынды неге, не үшін, қалай, қайда, қашан жазуында жатыр. Ұлт әдебиетінің сапалы болуы үшін, сол ұлт әдебиетінің сыны сапалы болуы керек. Әдебиет сыны жақсы болу үшін сыншы сапалы, сыншы сапалы болуы үшін, сыншы жасаған қоғам сапалы болу керек. Әдебиет сапасының түп тамыры сыншыда. Сыншының өзі сапалы, көзі түзу, сөзі өткір, жаны таза болуы қажет, осы төртеуі түгел болса, сыншының ақылы мен моралі төртеуін жетектеуі тиіс. Өзі сапалы болуы дегеніміз — өзінде сыншыға лайықты тума дарын мен талант болу керек. Ақын, әнші Әсет Найманбайұлы: «Ақынмын, атым Әсет арындаған. Арындап ән салар ма дарымаған»,— депті. Демек, «дарымаған» адам ақын да, сыншы да бола алмайды. Ортан қолды сыншы туатын шығар, пәлендей сыншының туылуы екіталай. Иә, сыншы болам десең, өзіңді өзің бағала, өзіңді өзің тәрбиеле! Қорықпа да, торықпа! Енді «көзге» келейік. Сонымен сіз сыншы болдыңыз. Сыншы болған екенсіз, бұл — сіз көркем әдебиеттің биі немесе кесім айтар сотшысы болдыңыз деген сөз. Менше сын — әдебиеттің бағдаршамы. Ендеше «бидің» көзі түзу, шамы жарық болуы шарт. Бұл тұғырда Отаның мен ұлтыңды жан-тәніңмен сүйетін азаматтық мораль, адамгершілік, ұлт әдебиетін сапаландырам дейтін ұлтжанды азаматтық намыс тұр. Осы өткелден өте алсаңыз, сыншы боласыз. Әйтпесе, ірілі-уақты сыншы боласыз, немесе мүлде болмайсыз. Бұл араға қазақтың: «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ»,— деген мақалы дәл келеді. Өкінерлігі — қазір қазақ пен қазақ әдебиеті бар да, сыншысы аз, тіпті, жоқтың қасы. Қабырғаға бататыны — «имансыз» сыншылар көп. Тура би таппайсыз, тура айтпайды. Біліп айтпайды, білмей тұрып шала айтады, жала айтады. Кейбіреулер сын дегеннің не екенін білместен қалағанын айтады. Сыншылардың ойына шайтан толып алған. Адамзатты жауластырудың қамында жүреді. «Би жоқта құл жүреді жораға. Ит жоқта шошқа үреді қорада»-ның кері баяғы. Бұрып, жырып, бұзып айтады. Жалпақтап, қалтақтап, «мал табу» үшін жазады. Тағы бір түрлі сыншы пайда болды. Қалтасында ақшасы бар, қолында билігі бар қаламгер-сымақтың жанынан шықпайды. Олар әлгілердің кітабын оқымай, көрмей тұрып-ақ жалған мақтап алғы сөз жазып береді. Міне, жемқорлықтың сын саласына жеткені. Сын дамысын, ұлттық әдебиетіміз гүлденсін, сапалансын дейтін, аз да болса сәулесі бар адамдар ақша мен билікті әдебиетке, әсіресе сынға араластырмасын! Білмей тұрып білгішсінбесін! Осы жағы сабақ болсын деген ниетпен өз басымнан өткен бір жәйтті айтайын. 1990-ы жылдардың ортасында Шынжаң қазақтарының ішінде Гүлнар Қуанбекқызы атты поэзяда жетіліп келе жатқан жас ақын болды. Бір күні газет қарап отырсам, Гүлнар ақын тосыннан сыншы бола қалыты. Онда өздерімен бірге істейтін бір көрнекті жазушыны бағалаған екен. Оқып көрсем, әлгі жазушының еңбегін емес, өзін мақтаған. Бұл дәуір Шынжаң қазақ әдебиетіне жаңадан заманалық жан кіре бастаған, оның үстіне жөнсіз кесім айтқыш, ат-атағы бар адамдарды жөнсіз сыпыра мақтайтын жаман әдет пен сындағы балалық пен шалалық та көбейіп бара жатқан кезең болатын. Осы бағытқа сілтей отырып: «Сында автор бағаланбайды, шығарма бағаланады»,— деген сынға сын мақала жазып жарияладым. Шынжаңның сын саласы желпініп, елеңдеп, желігіп қалды. 2000 жылы сол Гүлнәрмен кездестім. Ол маған ренжудің орнына: «Аға, мен үшін сауап іс жасадыңыз. Маған ақындығым да жетер еді. Енді сын жазбаймын»,— деді. Көңілі қисық адамның «көзі де» қисық болады, «Көзі» қисықтардан сыншы шықпайды. Шықса, әдебиетімзді бүлдіреді. Сөзі түзу болуға келсек, бұл — сынның оқырманды сендіруі, көзін жеткізуі пәрменінің күштілігіне қаратыла айтылатын сөз. Факті толық болғанмен, сынның тілі жұтаң болса, ондай сынды ешкім оқымайды.
Бас араздық тудырғандар сыншы емес, мещандар
Қазақ тілінің ұлылығын шебер пайдалана отырып, сөздің орнын тауып қолдану — сын жазудағы тұлғалық білімінің белгісі. Дәмі жоқ мақаланы қазақ айтылымында «шатып-бұтқан» деп келеке етеді. Оқырман жақтырмайды. Әрі түсініксіз болады. Бұл — бір жағы. Екінші жағы: тіл мәдениеті — көркем сынның жаны. Балағат, жалған жала, авторды масқаралау, қалпақ кигізіп, намысына тиетін сөздер қолдану сыншыға жараспайтын қылық. Сын жазғанда дәлелі дәйексіз, сыдыртып өтірік айту, жалпаң қағып немесе жалтаңдап автордың алдына түсіп, құлдың сөзін айту — көркем сын емес, надан, кеудемсоқ қаламгердің қараниетпен жасаған шабуылы ғана. Ондай сыннан да, сыншыдан да ештеме күтуге болмайды. Сөз арқылы көпе-көрнеу басараздық тудыруға ұрынған адамдар — сыншы емес, мещандар. Осындай сындардың редактордан өтіп кетуі — әдебиетімізге деген селбескен қастық болса керек. Осылардың өзінен-ақ көркем сынның — майдан, әділет пен әділетсіздіктің сайысы екенін көру қиын емес. Жақсы сын өскелең мәдениет пен білімді, әдебиеттану ғылымын, автор сапасын керек етеді. Сында қолданған сөздер адамды иландыру үшін жанын тербеп, әсерлендіріп жетектеп отыруы шарт. Қайталанған, пайдасыз сөздерді батыл кесіп тастау қажет. Ұлылардың сөздерінен қисынсыз цитата қаптату арқылы оқырманды иландырмақ болу — қаламгердің қарымы жетпеген әлсіздігінен туады. Немесе адамды қорқытпақ болған бөтен ниеттен де болуы мүмкін. Сондай-ақ бұл — мақтаншақтық пен тіл жетімдігігінің бейнесі деуге де келеді. Цитата сыйымды болса, өзіндік сендіру, иландыру күші болады. Төртінші, жан тазалығына келсек, оқырман жанын тербіренте алатын алтын сын — сыншының жан тазалығынан туады. Жан тазалығы деген сөз — адам жүрегінің (ниетінің) Отанына, ұлтына деген терең, тұнық тазалығы мен адалдығы. Ұлтын сүймейтін, ұлттың тарихы мен өмір салтын, писхологиясын түсінбейтін, ұлттық тілі, ділі, діні жоқ, салт-дәстүрі жұтаған немесе азған ұлт пен оның қаламгерлерінен жөнді әдебиетші, сыншы шықпайды. Одан адал, алып та, шалып та айта алатын «тура би» де тумайды. Біз қазір өмір сүріп отырған қазақ елінің әдебиетінің хал-жағдайы да осыдан аспаса керек…
Экономиканы ет десек, руханият — қан
Қазақ әдебиеті 80-і жылдары бодандықты бұза-жара ілгерілеп, әлем әдебиетінің биігіне қарай беталды. Осыған сәйкес әдебиетіміздің сын жанры да өз жалынын көрсетті. Қазір қайда? Қазір жоқтың қасы. Әбділда Тәжібаев, Зейнолла Қабдолов, Мұқаметжан Қаратаев, Сағат Әшімбаев, Бақыт Сарбалаев, тағы басқалар қайда? Өлгені өлді, өлгенін кім еске алып жатыр? Тірісін кім сыншы ретінде қадірлеп жүр? Мен бодандық дәуірдің сыншыларын іздеуші емеспін, бодан ұлттың әдебиеті дамуының себептерін іздеушімін. Ол заман — ұлтты жоюды, ұлттың салт-дәстүрін құртып, санасына бодандық, құлдық сана қалыптастыруды қолдаған дәуір еді. Алайда әдебиетіміз өзіндік биігіне қарай ұмтылыс жасап, белгілі табыстарға жетті. Неге? Оның себебі — сол кездері Қазақстандағы билік басында отырғандар ұлтымен бірге ұлттық әдебиетін қорғай білді. «Серкесі бар елдің сенері бар, сергелдеңі болмайды» деген, міне, сол. Ол кезде әдебиет пен сын жанрының иесі бар еді. Иә, бір мемлекеттің әрі сол мемлекетті билеуші ұлттың экономикасының өркендеуі мен ұлттық руханиятының гүлденуі бір дененің ішіндегі қан мен ет сынды. Экономиканы — ет десек, руханият — қан. Тіршілектегі ауа мен су тәрізді әрқандай билік бұл заңдылықты өз ниетіне бағындырғысы келгенмен, бағындыра алмайды. Бұл — аксиома, өзгермес заң. Руханият Бағындырушыға бағынбайды. Әлгі өзімшіл дара билеушілер осы қателігі үшін тарих алдында жауап береді. Уақыт пен тарих мұны әлдеқашан дәлелдеп, оларға үкім шығарып қойған. Әдебиет — сол ұлы руханияттың өзегі, өзені. Сын — өзектің, өзен — құрылыстың жобалаушысы, инженері, ремонтшысы. Қай қоғамда болсын әдебиеттің халі нашар болса да, ол бәрібір адамзат дамуында өз жолын, өз орнын табады. Ал, «Басшысыз ел — бағытсыз кеме» десек, иесіз, қамқорсыз әдебиет — жетім әдебиет. Ал қазіргі Қазастанымыздың әдебиеті — жетім болмаса да, өгей баланың күйін кешуде. Халі дімкәс мұндай әдебиеттің сын жанрының күні де оңбайтыны сондықтан. Бүкіл бір мемлекетте әдебиет сыны жөнінде арнаулы бір тал сын журналының болмауы, бұрын барын бақилық етуі — сөзімнің болаттай дәлелі. Енді азырақ әдеби сынның ерекшелігіне тоқталсақ. Сын жанрына әдебиеттің барлық жанрларына араласып, өз ойын айтуына болады. Ал әдебиетте (мейлі, көркем не публистикалық әдебиет болсын, бәрібір) ондай ерекшелік жоқ. Әдебиеттердегі әрбір жеке шығарма өз бағыт-мақсатын ғана айта алады. Сыннан басқа әдебиеттер басқалардың жеке шығармаларына өз көзқарасын айта алмайды. Оларға өз көзқарасын айту — сынның ғана міндеті. Ал сынның да жүгенсіз сөйлей беруіне болмайды. Сынды жолға салу — сынның ғана міндетіне жүктелген. Бұл біздің әдеби тілімізде: «Сынға — сын», — деп аталады. Тағы бір басы ашылуы тиіс мәселе — сын жанры әдебиеттен басқа шығармаларға араласпауы керек. Адамдардың тұрмыс-тіршілігіндегі өмір кешу тәсілі, көзқарастары туралы айтылған сын, қоғамдық саяси көзқарастарға айтылған пікір-таластар — әдеби сын емес. Ондайларды қоғам мен өмірдегі пікір-таластар демократиялық жолмен өздері шешу тиіс. Ал көркем шығармалардың мазмұндары, мейлі ашық, мейлі астарлап болса да қоғам мәселелерін тіліне тиек еткен болса, онда әдеби сын өз міндетін орындауға міндетті. Десе де, сынның қоғам мәселелеріне араласатын, сөйлейтін кезеңі болады. Бұл ұлы тарихтың бір аунап түскен дәуірі. Екінші сөзбен айтқанда, адамзаттың, ұлттың жаңа қоғамға көшу дәуірі. Мысалы, біздің кеңестік кер заманның бодандық саясатынан құтылып, ұлттық кемсітуден, зиянынан босаған, еркін ел болып, өзінің ұлттық тәуелсідігін алған, Қазақ ұлты билеуші ұлтқа айналған дәуірдегі әдебиетіміз бен оның сын жанры өткен дәуірлеріміздің әдебиетінің ақ-қарасын айқындауға, талғап-талдауға, бағалауға міндетті. Мынадай кезеңде әдеби сын әдебиет пен саясатқа теңдей араласуға еріксіз.
Ұлттың өзіндік өркенді үлгісін жазу — басты парызымыз
Ендігі біздің сынымыз — Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқан «рухани жаңғыру» (менше жаңару) үшін қызмет ету. Кеңестік заманда, жоғарыда айтқанымыздай, біздің ұлттық әдебиетіміздің әлемдік биіктерге көтерілген дәуірі де болды. Биіктен құлап, көтенішегі үзілген мезгілі де болды. Биіктеуге екі себеп бар еді. Біріншіден, қазақ ұлтының тілі дамыған, соғыстан кейінгі елдің етек-жеңін түріп, ес жиған дәуіріне тура келді. Соғыс пен Гитлер билігі зұлымдығының шет жағасының дәмін татқан Кеңес билігі уақытша жеген таяғынан сабақ алып, ұлттық әдебиетіміз бен тіліміздің дамуына аз да болса еркіндік берді. Екіншіден, ұлттың бағына туған Дінмұхамет Қонаев сынды халық жанашырлары ұлт әдебиетіне қамқорлық жасады. Үшіншіден, ашаршылық пен отызыншы жылдардағы репрессиядан кейін өшіп қалған ұлт рухы мен ұлт мәдениеті қайта жандана бастады. Тәуелсіздіктің алғашқы алауы болған 1986-ы жылғы желтоқсандағы ұлт азаттық көтеріліс — сол кезеңдегі еңсе көтерудің рухани базасы болды. Дегенмен, кеңестік озбырлық саясат мұнымен тоқтап қалған жоқ. Есін жиған шовнизм ұлтты жоюға жанталасты. Кеңес билігі ең алдымен ақшаны жұмсай отырып, ұлттың әдебиет әлемін өзіне тартты. Қаламақымен қамтамасыз етіп, қаламгерлердің жағдайын жасады. Сөйтіп қаламгерлердің басым тобы да, қаламгердің қадағалаушысы — сыншы да кеңестік саясаттың әнін айтып, жырын жырлады. Осыны пайдаланып, қазақтың бір топ есті, намысты жазушылары әлем әдебиетіне қарай бейімделіп, ұлт бітімін өздірінің өрелі мәңгілік шығармаларында жазып үлгірді. Ол — өмір мен қоғамның шындығы болатын. Осы сөзіме дәлел үшін бір мысалды айтайын. Мен Қытайдан туған топыраққа оралғаннан кейін, сыншы ретінде қазақ елі әдебиетінің тағдырына шамамша көңіл бөле бастадым. Осы негізде ұлттың болмысы мен болашағының оқулығы есепті болған кітап — Ділда Матай қызы Тасмағанбет келінінің «Айналайындарым менің» атты кітабын бағалап мақала жаздым. Қызығы, осындай бір ұлт бітімінің жоғын жоқтаған, тарихын ұрпаққа тапсырған, барын бағалаған керемет кітаптың Қазақстанда бар екенін көпшілік қаламгерлер білмейтін болып шықты. Мақалам «Қазақ елі» газетінде жарияланды. Бір күні жазушы Заря Жұманова: «Сіз іздеген әлем» атты кітабын көтеріп маған келді. Бұйымтайын айтты. «Аға! Ділда апайымыздың кітабына жазған сын мақалаңызды оқыдым. Разы болдым. Сыншы екенсіз. Қазір кітаптарға баға жазатын сыншы тапшылығы өтіп тұр. Мынау менің тәуелсіздіктен кейін баспадан шыққан таңдамалы әңгімелер жинағым еді. Осы әңгімелерімді салмақтап көріңізші. Мен өз қалам қарымымды таразыға салғым келеді»,— деді. Мен: «Жарайды, бірақ мен адамға, оның көңіліне карап сын жаза алмаймын. Өмірлік ұстанымым солай. Сіз маған кітабыңызды сеніп тапсырған екенсіз, енді мен сіз үшін емес, қазақ әдебиетінің прозасы үшін жазамын. Сын жазылып жарияланып жатса, зәуде бір көңіліңізге жақпай жатса, шыдамсыз адамдар сияқты ағаңның алқымынан алатын болсаңыз, онда мен де кешірмеймін. Еңбегім үшін өз есемді қайтаруға барлығына дайынмын»,— дедім. Екеуіміз осыған уағдаластық. Кейін оның дастарқан басындағылармен айтысып-тартыса жүріп, жұлмаланған нұсқасы «Өмір және жазушы» деген атпен «Қазақ әдебиетіне» шықты. Заря талантты жазушы екен. Өмір жөнінде тәп-тәуір озық ойлары да бар. Бодандық және тәуелсіздік атты екі дәуірдің жазушысы болғандықтан, әңгімелерінде екі дәуірдің таңбасы айқын басылған. Мен тәуелсіздіктен бұрын және кейін жазылған бірнеше әңгімесін адамзатқа ортақ жақсы әңгімелер деуге келетінін айттым. Алайда тәуелсіздіктен бұрын жазылған, сол кезде марапатқа ие болған, әдебиет сынының дөкейлері жақсы бағалаған «Салтанат» атты әңгімесін мына дәуірдегі ең жағымсыз, ел бұзар әңгіме ретінде бағаладым. Заря өз ойларын айтып: «Серікқали ағамыз мақтаған, көрнекті марапатқа ие болған..»,— деп, мені сескендірмек те болды. Мен: «Серікқали ағамызды қосып, сексен адам жабылса да ол әңгімеңіз бодандықтың жыртысын жыртқан, қазақтың намысын таптаған шығарма. Оған сіз емес, сіз жазған дәуір жауапты. Бас кейіпкеріңіз — құдайдан безген қазақ әйелі тастанды екен, орыс күзетші тауып алып «мейірімі» түсіп, жетімдер үйіне берген, бастан-аяқ орыс баққан, қазақ анасының емшек сүтінің дәмін татпаған қыз, өсу барысында бірге жүрген, бірге оқыған, ананың сүті мен мейіріне қанып өскен қазақтың барлық қыздарынан озып шығып, жан біткеннің алғыс жаудырушысына айналады. Ойлаңызшы, ендігі ұрпағымызды да солай тәрбиелеп, өсіріп, жетілдіреміз бе?» — дедім. Заря іштей қабылдағандай болды. Алайда «іштен шыққан шыбар жыланын» қимаймады-ау деймін, үнсіз қалды. Мен одан ары қарай: «Енді тәуелсіз елдің өмірін, ұлттың шын мәніндегі тарихи тұлғасы, қазіргі еркін өмірінің махаббаты мен қызығын, тағдырын бейнелеитін әдебиетімізді жарату, жазу — сіз бен біз сияқты жазушылырдың қолынан шығу керек. Біздің әдебиетіміз, әсіресе, прозамыздың адамзатты тәрбиелеу, ұлттың өзіндік өркенді үлгісін жазу, жарату борышы бар», — дедім.
Батыстың, орыстың емес,
қазақтың үні бар шығармалар қажет
Біздің ендігі ортақ ойымыз бен бағдар-мақсатымыз сөзсіз осылай болуы керек. Бұл кезек күттірмейтін уақыт талабы. Билеуші ұлт пен оның бодандық саяси қажеті үшін жаратылған әдебиеттің зиянын елеп, екшеп тастамасақ, біз қайтып тәуелсіз мәңгілік ел боламыз? Біздің тарихымыз, руханиятымыз бен мәдениетіміз қалай жаңаланбақ, жаңғырмақ? Соңғы ұрпақтарымыз алдында не айтамыз? Өзіміз былғаған төрді өзіміз сыпыруымыз, өз үйімізді өзіміз тазалауымыз керек. Әр ұлттың әдебиеті өз геройын жаратуға ұмтылады. Адамзат әдебиеті мен біздің ұлттық әдебиетке жетекші болған пайдалы ұлы орыс халқының әдебиеті де жалған, жағымпаз, мүддешіл социалистік әдебиеттің зияндалушысы. Осы алдамшы әдебиеттің кесірінен біз 70 жыл бойы өз қолымызмызбен бай фольклорлық әдебиетімізді ойрандадық. Ойрандалған әдебиет пен мәдениет арқылы ұлттық тегімізді, салт-дәстүрімізді, тіпті өзіміздің кім екенімізді, қайсы ұлт екенімізді, ата-бабамызды ұмыта бастадық. Тіпті қазақтың біртуар ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов те ұлы Абайды әкесі Құнанбайға қарсы қойып жазуға еріксіз бой ұрды. Талайымыз-ақ баланы әкеге дұшпан етіп көрсете жазуды заңды деп, солай жаздық. Бүгінгі оқулықтарда «Абай әділетшіл», Құнанбай «Жауыз, қанішер» болып насихатталып, ұрпақтар миына солай сіңді, сіңіп те келеді. Түркі әлемінің ақыны делінетін Мұхтар Шахановтың «Нарынқұм зауалы» атты дастанын оқи бастағанда жан тебіренеді. Оқып болғанда, жаның түршігеді. Дастан соңында әкесі өзінің туған баласын өз қолымен атады. Қазақ атты ұлттың ұрпағына берер қанішерліктен басқа түгі жоқ па? «Сенім патышалығы» атты дастанында бір кедей жігіт досы үшін екі көзін ойып береді. Қазақтың байлары мен патышалары жаратылысынан надан деп айтылады. Ол ол ма, баласы той үстінде алатын қатыны үшін әкесінің жағасынан алып, әкесінің өліміне себепші болады. Жанұяларды бұзуға түрткі салатын «жүрекке әмір жүрмейді» дейтін қайдағы бір сандырақты заңдастыратын оттамалар әдебиеттің моральдық сахнасында әлі биікте тұр. Мұндай сандырақ қазақтың ұлттық бітіміне жат, ұлтты азғындатады. Мұның типтік мысалы Шаханов жазбаларындағы «Ғашықтық ғаламаты», «Шың басындағы уақиқа» сынды шығармалар. Бұл шығармаларды жастар әліге дейін құныға оқиды. Сәбит Мұқановтың «Ботакөзін» Тәуелсіз елдің қазіргі жан-дүниесімен қайта өлшеңізші. Қаламмен жағымпаздана жасалған, қазақты қойдай қырған қызыл әскер әлі де оқырман жүрегінің сүйіктісі болып жүре беруі керек пе? Оларға керісінше Әбдіжәміл Нұрпейісовтың «Қан мен тер» романы, Ғабит Мүсіреповтың «Шолпаны», Оралхан Бөкейдің «Атау кересі» сынды талай шығармаларды әлем әдебиеті бәйгесіне ұялмай қосуға болар еді, жақсының аты неге шықпайды? Неге бағаланбайды? Айта берсең, толып жатыр. Мен тек қазақ тілінде жазғандарын ғана шет пұшпақтап айтып отырмын. Өз тілінен, дінінен, салт-дәстүрінен, қазақ ұлтының осы үш діңгегінің көбінен айрылып болған қазіргі ұлттық әдебиетіміздің күні жар қабағында тұр. Сондықтан туған жерге, туған елге рухани тазалық пен жаңарту, төңкеріс керек. Бодандықпен қабаттаса келген ұлттық сипатымызды жоятын батыстың сорақы мәдениеті мен жазбалары бір бүйірден тиіп, қазіргі ұрпақты азғырып, аздыруда. Қазір ұрпақтың бір тобын өзіне қаратып та болды. Жалаңаш қыздар мен тыр жалаңаш тексіз, құдайсыз әдебиеттер пайда болуда. Осы заманда мынадай сорақылықтарға заңдық шектеме мен күш көрсету жүрмейді. Мүның жазасын тек тәуелсіз ұлттық әдебиет пен оның сардар сарбаыз — сын жанры ғана бере алады. Осындай жібек арқанмен айдаһарға шалма салалатын күшті, әділ әдебиетті сын жанры ғана баулып, жетілдіре алады, тек осындай құрал — әдебиет сыны ғана бағдар көрсете алады. Осылай болғанда ғана Елбасымыз айтқан рухани жаңғыруды, жаңаруды орындай аламыз. Дәл қазіргі кезеңдегі мәдениетіміз бен әдебиетіміздің міндеті — алдымен құлдық санадан арылу, қазақтың ұлттық тәуелсіздігін өмірінің ендігі шамшырағы деп білу, елді, Отанды сүю сезімін ояту үшін қалам сермеу. Кінәнің бәрін билікке арта салу — ол да құлдық сананың өзгерген бір түрі. Барлығын билікке арта салсақ, халық атты мына әлемдегі, ұлтты жаратушы алып топ не тындырмақ? Көтенге өкпелеген қойшы қой бағудан ары бара алмайды. Әрбір Қазақстан азаматы : «Біз жасаған Отан мен ортада өзіміз өкпелегіш билік те жасап отыр. Олар да біз сияқты құл болған. Олар тақтан түссе, тағасыз аттар сиықты. Биліктегілер адамның қалауымен билікке шыққан. Біз, қаламгерлер, Алланың қалауымен қолымызға қалам алғанбыз. Біз Отан мен Алланың алдында қарыздармыз. Біз қаламымыз арқылы билікке көмектесіп, қолдап, ұлтымызды шынайы рухани тәуелсіздікке жеткізуде бірлікте жұмылатын әдетті қалыптастырумыз керек, бұл — біздің ортақ міндетіміз»,— екенін жет ұғынуы қажет. Қаламгерлер бағып-бағып, сосын сойып жейтін мал емес. Қараңызшы, Қажығұмар Шабданұлы адамзатқа ортақ рухани байлық саналатын «Қылмыс» атты 6 томдық алып трилогиясын 40 жылдық түрме өмірінде жазып қалдырды. Тәліппай Қабаев унверситеттің «Алтынды дат баспайды» атты қазақша әдебиет оқулығын Тарым шөліндегі 16 жылдық түрме өмірінде жазып, ел көзін ашқан соң пайдалануға берді. Мопассанның әлемге әйгілі әңгімесі «ең соңғы сабақты» неге қайталап оқымаймыз? Француз тілінің оқытушысы Гитлердің армиясы класқа басып кіретінін біліп тұрып, неге ана тілден ең соңғы сабақ өткізеді? Қаламгерлерді Алла жаратқанда намысты адам етіп жаратпап па еді? Билік басындағылар да Отан алдына естерін жиюға міндетті. Биліктегілер ендігі көштің рухани атойшыларын аялауы, қорғауы, қолдауы, оларға барлық мүмкіндіктерді жасауға мемлекет пен ұлт алдында міндетті. Бұл біздің Алла мен Отан алдындағы борышымыз, адамшылығымыздың белгісі.
Редакциядан:
Нұрмұқан ағамыз өз сөзін айтты. Шынында, ұлттық рухты оятушы әдебиетіміздің бет-бағдарын айқындайтын шыншыл сын жоқтың қасы. Қаламгерлер жазғанына баға беретін сыни пікірлерге зәру. Қазір кім қалай жазып жатыр, ешкім білмейді. Осы мәселені жолға салатын Қазақстан Жазушылар одағы неге үнсіз? Сыншыларымыз неге бұғып отыр? Азулы сынымызды қалай тірілтеміз? Осы мәселе жөнінде сіз не дейсіз, қадірлі қаламгер?
Нұрмұқан Жанұзақұлы