Ресей мен Батыс Украинада текетірес басталған ба?

 Украинаның оңтүстік шығысында орналасқан  Донбаста болып жатқан қарулы қақтығыстардың ауқымы осы елдің ішкі мәселесі шеңберінен шығып, халықаралық маңызға ие текетіреске айналғанына едәуір уақыт болды.   Мұның бәрі Украи­на үкіметіндегі жүйелік дағдарыстың ушығуы мен Янукович билігінің сахнадан кетуінен кейін басталған ала­сапы­ранның салдары деп санайтын әлемдік саясаткерлер: «Бұл — бауырлас қос славян елдері арасындағы емес, Ресей мен АҚШ бастаған Батыс елдері арасындағы текетірес», — деп бағалауға ден қойған.  Шындығына келсек, Украинаның өз ішіндегі дүрбелеңге Путиннің державалық саясатының күшеюі, Қырымды аннекциялауы, Батыстың өз ықпалын жүргізетін  аймақты кеңейтуге тырысуы сынды факторлар түрткі салып, мәселенің бақылауға келместей деңгейде шиеленісіп кетуіне тамыздық болды. Сосын, Ресеймен шектесіп жат­қан Еуропаның кез келген елінде мұндай соғыс қаупі туындамасына ешкім де кепілдік бере алмайтынын да ескерген жөн. Батыс пен Ресей арасындағы бұл текетірес: «Әлемдік деңгейде кімнің бәсі жоғары, кім күшті?» — деуге саятын  бәсекелестік десек, артық айтқандық болмайды. Рас, АҚШ пен Батыс елдерінің қаржылық көмегіне сүйенген П.Порошенко билігі белсенділікті қолынан шығарғысы келмейді. Сол себепті, не болса соны сылтау етіп, қарулы қақтығыс ыстығының басылуына ниет білдірмей келеді. Порошенко осы арқылы қолындағы биліктен айырылып қалмауды мақсат тұтқан. Әрі оны мұндай әрекетке АҚШ бастаған Батыс елдері итермелеп, ресми Киев билігінің қолтығына су бүркіп отыр. Ал әлемдік қауымдастық елдері үшін Украинада бейбіт­шілік орнап, аталған аймақта тұрақтылықтың қамтамасыз етілуі — ең өзекті мәселе. Өйткені қарулы қақтығыс ұзаққа созылса, бұл бүгін болмаса да ертең Украинаны экономикалық дағдарысқа ұшыратады, бұл босқындардың көбеюіне ықпал етеді.  Елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын  ушықтыратын соғыс жалғаса берсе, халықтың П.Порошенко үкіметіне деген сенімі азайып, тұрақсыздық белең алады. Мұның салдары Еуропаға, Ресейге, тағы да басқа шетелдерге ағылатын мигранттар санын еселеп арттырады. Ал Еуро­одаққа 45 миллион халқы қайыр­шылық күйде өмір сүретін «масыл» елмен көрші болу қол емес.

Жағдай осылай қалыптасса, бұл аю елдің оң жамбасына келетін  сценарий болмақ, себебі Ресейге сепаратистік аймақ­тардың Украинаның бақылауынан шығып кетуі тиімді. Мәселе осылай өрбісе­, әлгі өңірлердегі халық бұдан кейін Ресейд­ің ықпал ету аймағына өтіп, Абхазия, Оңтүстік Осетия, Қырымдағы сияқты жаппай Ресей­ азаматтығын ала бастайды. Ал АҚШ өзінің Украинаға қару беру жоспарынан бас тартпай, оны іс жүзіне асырса,  бұл соғыстың ауқымын бұрынғыдан да ұлғайтып, шиеленісті одан әрмен күшейтеді. Қаржылық жағынан өзіне тиімді болмаса да, ресми Вашингтон билігі осындай «мырзалыққа» барып отыр, себеп — Ресейді ықпал ету аймағынан ығыстырып шығару. Д.Трамп билігінің Минскідегі Норманд келіссөздері кезінде қол қойылған келісімдердің орындалмауына айтарлықтай «өкініш» білдірмеу себебі де сондықтан. Шын мәнінде, әлемнің кез келген өңірінде тұтанған соғыс өрті соған қатысы бар елдердің оны тоқтатуға қаншалықты мүдделі екендігіне тікелей байланысты әрі сол тараптардың ниетімен ғана бейбіт арнаға түсетін мәселе. Мысалы, біз жоғарыда айтып өткен әлгі келіссөзге В.Путин­ шиеленіске қатысушы тарап емес, араағайын ретінде­ қатысқандықтан, құжатта өз мойнына ешқандай міндеттеме алған жоқ. Ал П.Порошенко болса, соғысқа қатысушы сепаратистік аймақтардың басшыларымен үстел басына отырудан бас тартты. Қос тарап та өздерінің ұстанымдарын дұрыс деп санап, нәтижесінде «жабулы қазан жабулы» күйінде қалды. Кремль осы әрекеті арқылы: «Украинаның өз ішіндегі былыққа біздің қатысымыз жоқ», — дегенді меңзегісі келсе, Киев: «Бәріне кінәлі — Ресей, жауапты да сол берсін», — деуге ден қоятынын білдірді.

Бұл текетірестің Қазақстанға ықпалы қандай?

Ресеймен экономикалық одаққа кірген әрі бұл елді өзінің ең басты стратегиялық серіктесі санайтын Қазақстан билігі «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмайтын» жол табуға мүдделі. Қос елге де «достық пейіл» білдіріп жалпақтау қиын болғанымен, әзірше Елорданың сағы сынған жоқ, сыртқа жонын алдырмай келеді. Кремль қысым жасауын жасады-ақ, бірақ  Қырымды аннексиялауды ашық қолдаса, мұның өзі үшін дивиденді аз болатынын іштей түйсінген Астана Мәскеудің айтқанына құлап түспей,  сабыр сақтады. Бізді қоршаған ортадағы геосаяси ахуалдың нашарлап кеткендігін Елбасымыз да соңғы кездері жиі аузына алып жүр. Ондай ахуалдар қатарында Украинадан басқа Ауғанстандағы, Сириядағы радикалдық топтардың, «Ислам­ мемлекеті» сынды саяси ұйымның тамырын тереңге жаюынан өзге бірқатар аймақтық мәнге ие маңызды мәселелер де бар. Көрші отырған елдердің қарым-қатынасына сызат түссе, мұның сондай кикілжіңдер мен келіспеушіліктерге түрткі болатыны әлімсақтан белгілі жәйт. Оған көршіміз айырқалпақты қырғыздардың бұрынғы президенті А.Атамбаевтың Қазақстан жайлы айтқан жалғыз ауыз сөзінің қаншалықты у-шуға себепкер болғандығын мысалға келтірсек те жеткілікті. Алмазбектің Қазақстанға қатысты жағымсыз пікір білдіруі мұң екен, екі ел арасындағы шекарадағы жағдай күрт шиеленісіп, мұның арты лауазымды тұлғалардың бірін-бірі кінәлауға, қос ел арасындағы сауда-саттыққа байланысты қатынастың саябырлауына, Қазақстанның қырғыз тауарларын қабылдамай, кері қайтаруы сынды  әрекеттерге ұласты. Ал бұл екі жаққа да қыруар қаржылық шығын келтірді. Сол себепті кез келген елдің әлеуметтік-экономикалық ахуалына жіті мән бермеуге болмайды, өйткені ол — сол мемлекеттің ішкі тіршілігінің қай деңгейде екендігінің көрсеткішін айқындайтын құбылнама. Ал құбылнамаға көңіл бөлмеген ел ақыры экономикалық дағдарысқа, саяси деградацияға ұшырайды. Соның айқын мысалы Украина деу орынды.

 Ермек Сахариев