«Нұрлы жолдың» арқасында мектепті болды
Оңтүстік Қазақстан облысындағы Қошқар ата ауылы Сарыағаш ауданындағы халқы тығыз орналасқан елдімекендердің бірі. Бұл ауылдық округте атқарылып жатқан жұмыстар жетерлік. Елбасының Жолдауындағы «әрбір адам өзінің кіндік қаны тамған ауылына көмектесуі» керектігін басшылыққа алған қошқараталықтар, дәлірек айтқанда осы ауылдан түлеп ұшқан азаматтар бүгінде өз ауылдарына балабақша салып, спорт алаңшаларын ашып беруде. Осының барлығы ауылдық округке Қонай Бекмұратов әкім болып келгелі іске асырылып жатыр деп айта аламыз. Өзінің ұйымдастырушылық қабылетінің арқасында аудан, облыс басшыларының алғысын алып жүрген ауыл әкімі биылғы атқарған жұмыстары туралы былай деп айтып берді.
— Тұңғыш Президент мерекесі қарсаңында Қошқарата ауылында 100 орындық Ажар ана балабақшасын іске қостық. Енді Тәуелсіздік мерекесіне орай 150 орындық екінші балабақша жұмысын бастамақ. Осы екі балабақшаның өзі ауылдағы 75 адамды жұмыспен қамтып отыр.
Қошқар ата мен Бірінші мамыр ауылдарында екі көше асфальтталды. «Нұрлы жол» бағдарламасына сай Бірінші мамыр ауылында 600 орындық үлкен мектеп салынды. Н.Тілендиев пен С.Сейфуллин мектептері күрделі жөндеуден өтіп жатыр. 13 елді мекендегі жаңадан қосылған көшелерге мемлекеттік бағдарлама аясында жаңадан электр бағаналарын орнаттық. Бесқұбыр елдімекенінде көшелерге аяқ жол салып, су ағарлар жасалды. Осылайша бұрын жауын жауса балшыққа батып қалатын көшелер бүгінде жөнделді. Осының барлығы мемлекеттің көмегі арқасында іске асырылып жатқанын тұрғындар да біліп, сезіп отыр.
Қысқасы, Қошқаратада биылғы атқарылған жұмыс көп. Мұндай игі бастамалар келесі жылы да жалғасын таба бермек.
Рауан БАЛАБИ,
ОҚО.