Мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсетті
Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев өңірдегі мүмкіндігі шектеулі жандардың жағдайын осы уақытқа дейін ұмытқан емес. Ол бұған дейін жаңадан ашылған кәсіпорындардың барлығына да мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамтамасыз етуді тапсырып келеді. Ж.Қансейітұлы бұл жөнінде:
— Ең бірінші мүмкіндігі шектеулі жандардың қолына бір күрек тауып беріңдер. Бүгінгі қоғам алдында басты парызымыз осы. Әлемнің дамыған елдерінің барлығында алдымен осылай жасайды. Жұмысқа мүгедектерді алып, оларға жағдай жасайтын компаниялар мен корпорацияларды көтермелеу керек. Дәл мұндай сөзді Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы да айтқан, – деді.
Былтырғы жылдан бері өңір басшысының бастамасымен Оңтүстік Қазақстан облысында мүмкіндігі шектеулі жандардың толыққанды өмір сүрулері үшін бар жағдайды жасалуда. 2017 жылы облыста мүгедектерге 9,2 миллиард теңге қаралды. Оның 91 пайызы оңалту шараларына жұмсалды. Мұқтаж жандардың 67 мыңға жуығына техникалық көмекші құралдармен және әлеуметтік қызметтермен қамтылды. Мұның өзі көптеген мүгедек жандардың жүріп-тұруына, естуіне себеп болды. Жоғарыдағы айтқан көрсеткіш 2016 жылмен салыстырғанда 1,4 есеге ұлғайған. Облыс әкімі Ж.Түймебаев аудан, қала әкімдері, сала басшылары мүгедектердің арту себебіне терең талдау жұмыстарын жүргізіп, оларды жан-жақты қолдау көрсетуді тапсырды.
Жақында Бәйдібек аудандық «Қоғамдық келісім және жастар ресурстық орталығы» игі іс жасады. Аудандағы «Психологиялық-педагогикалық түзету» мекемесімен бірлесіп психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінің бүлдіршіндеріне барды. Олардың бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысып, өздерінің мейірімдерін көрсетті. Соңынан балалармен бірге аталмыш ұжым мүшелері «Қанатты барыс» мультфильмін тамшалады.
Емделуші балалар өздеріне келіп, жағдайларын білген, әңгімелесіп көңілдерін көтерген аға-әпкелеріне разы болды.
Т.БОРАЛДАЙ,
ОҚО.