Шаянда үйіргелік жер берілмек

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың тапсырмасымен Бәйдібек ауданында көптеген игі тірліктер атқарылды. Биылғы жылы аудан орталығы Шаян ауылының маңынан 55 гектер жер бөлінді. Ол жеке азаматтарға баспана салу үшін үйіргелік жер ретінде берілмек. Оның үстіне, үйіргелік жерге үстіміздегі жылы электр жарығы тартылып, ауыз су жүйесі жүргізілуде. Қала берді, бұлардың ізін ала үйіргелік жерлердің арасына тақтайдай тегіс жолдар салынуда. Бәйдібек ауданының тарихында бұрын мұндай күнделікті қажеттіліктері дайын үйіргелік жер халыққа берілмеген болатын. Қолға алынған игі іс үшін шаяндықтар дән разы. Жер әлі тұрғындарға берілмегенімен, көпшілік сол жерге қол жеткізгендей сезінуде. Әйтсе де, алдағы уақытта аталмыш жер халық игілігі үшін пайдалануға тапсырылмақ. Сол кезде шаяндықтардың баспанасыз жүрген балаларына берілген жер әлеуметтік мәселелердің біреуін шешетіні анық.

Бәйдібек ауданындағы көңіл қуантарық тағы бір іс — Шаян ауылындағы бой көтерген спорт кешені. Енді оның жанынан жабық жүзу бассейні салынуда. Бұл нысан ашылса шаяндықтар өздерін қалада тұрғандай сезінетіндері белгілі. Сонымен бірге, өңірде жаңа бір спорттың түрі қолға алынбақ. Яғни, Шаянда су спорты өз шаңырағын көтермек. Оның үстіне, өзгелерінің қолы боста келіп, шомылып, денсаулықтарын нығайтады. Бұл өз кезегінде Елбасымыздың салауатты өмір салтын нығайту  бастамасының жалғаса түсетініні көрсетеді.

       Сабыржан БАЙБОСЫНОВ,

ОҚО.