АЛТЫН ДӘРІГЕР

Осыдан бірер жыл алдын желтоқсан айының басында Тілеулес ағаның бір жылдары қызмет атқарған облыстық клиникалық балалар ауруханасының ғимараты алдында «Алтын дәрігерді еске алайық» тақырыбында жиын өтті. Сол күні Т.Батырхановтың есімін ұлықтау мақсатында қабырғаға мемориалдық тақта да ілінді. Ас беріліп, Құран оқылды. Анық байқалғаны сол, сөз алғандардың көбі бұл лайықты баға болды, өйткені Тілеулес Тіленұлы нағыз «алтын дәрігер» еді деген сөздері көпшілікке естіліп жатты…

Тілеулес Батырхановтың өзі 30 жылдан астам еңбек еткен аурухана ғимаратына ілінген тақтаның ашылу салтанатында тағы бір ерекше оқиға болды. «Өлгеннен соң» белгісімен «Алтын дәрігер»төсбелгісі отбасына табысталды. Оның әрине, көзі тірісінде қол жеткізген марапаттары өз алдына бір төбе. Ал, өмірден өткен шағында денсаулық сақтау саласының төріндегі кісілерден балаларына тарту болған «кішкентай» дүние ұрпақтары үшін шынайы қуанышқа айналды.

Ұлы мен келіні, тіпті немерелері де тебіренді. Әрине, толқығаны болар, он жастағы немересі Мерей Батырханова басқосуда  атасына жырдан шашу шашты.

Еңбегің неткен зор еді,

Кигенің алғыс тон еді,

Құтты болсын атағың,

Дәрігер – өмір тірегі.

Дем берген дауа жүрегі,

Науқастың сенер тірегі,

Сыйлаған саулық әр үйге,

Өрлесін бақыт – терегі.

Абзал жан деген ат алған,

Ем беріп көптен бата алған,

Дәрігер ізгі жүректі

Ол менің атам болатын,

Көп болмай дәмін татарың.

Жол тарттың о дүниеге

Ақжолтай болсын сапарың.

Анығында нағыз дәрігер сырқаттың тәнін ғана емес, сондай-ақ жанын да емдейді. Жабырқау жанның пәсейгенкөңілін көтеріп, дертіне дауа іздегенге жаздың жылылығындай пейіл танытып, ерекше көңіл сыйлайды. Осындай ізгі амалдар мен ізденіс-әрекеттерден жалықпаған жанның бірі, біз білсек, ол Мерейдің атасы – Тілеулес Батырханов. Асыл аға мәңгілік мекеніне әлдеқашан аттанып кете барса да, артында қалған ізі өшпеді. Дәрігерлер ортасы жетік білгенімен, қалың жұртшылыққа ұғынықты болу үшін Тілеулес ағаның қысқаша өмірбаянына тоқталып кетсек.

Тілеулес Тіленұлы 1948 жылы 5 қантар күні Арыс ауданы, Ақбұлақ елді мекенінде Ұлы Отан Соғыс ардагері Тілен Батырханұлы мен Ырыс Мырзақызы апамыздың отбасында дүниеге келді. Жаратылысынан өте қабілетті, кішіпейіл, сабырлы, ақылды, білім ізденуге бейім болып өседі. Соның арқасы болса керек, алдымен орта мектепті, кейін 1972 жылы Алматы мемлекеттік медициналық институтының емдеу факультетін үздік бітірді.

1973 жылы бір жылдық хирургиялық интернатураны тәмамдаған соң, ҚСРО Денсаулық сақтау министрлігінің жолдамасымен 1976 жылға дейін Шымкент облысы, Келес ауданының орталық емханасында хирург болды. Сол жылдың 24 маусымында Шымкент қалалық медициналық жедел жәрдем  ауруханасының травматология бөліміне дәрігер-травматолог болып ауысады. Дәрігер-травматолог ретінде науқастарды оперативтік және консервативтік жолдармен емдеді. Сол жылдары білімді, көп ізденетін маман ретінде көзге түсті.

1977 жылы текті жердің тумасы Бибісара анамызбен отау тікті. Жары Арыс қаласының құрметті азаматы, ҚСРО Ішкі істер министрлігінің құрметті ардагері, «Қазақтың Шерлок Холмсы» атанған Оспан Байдәулетов пен Ұлболсын апамыздан туған қыз. Жас отбасында 1978 жылы Асқар есімді ұл өмірге келді. Ұлы ер жетіп, шаңырақтарына келін келді. Аллаға шүкір, Асқар мен Аидадан немерелер өсіп келеді. Бұл күнде Батырхановтар әулетін жалғастырушы ұрпақтар қанатын кеңге жайып, отандарының тірегі болған.

1981 жылдан бастап Тілеулес Тіленұлы Шымкент қалалық медициналық жедел жәрдем ауруханасының бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары қызметіне жоғарылады.

1990 жылдардан бастап, медициналық көмек көрсетудің және еңбек ақы төлеудің жаңа түрлерін еңгізіп, ауруханада ақылы медициналық көмек, дәрігерлердің бригадалық көмек көрсету тәсілдері, күндізгі стационар, өңдірістік мекемелермен шаруашылық келісім шарттар негізінде медициналық көмектің ақылы түрлерін енгізді. 1993 жылы өңдіріс пен емдеу ісінен қол үзбей кандидаттық диссертация қорғады. 1995 жылдан Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік универститетінің «Ортопедия, травматология и военно-полевая хирургия» курсының меңгерушісі бола жүріп, ғылыми-педагогикалық тарапта еңбек етті. 15 ғылыми еңбек жазды. Оның ішінде бүгінгі күнге дейін жас хирургтер қолданатын бір монография, үш ұсыныс, методикалық екі жолдамамен қатар нұсқаулар бар.

Адал еңбектің арқасында, жоғарғы санатты хирург-травматолог, жоғарғы санатты әлеуметтік гигиена және денсаулық сақтауды ұйымдастыру жөніндегі дәрігері атанды.

1998-1999 жылдары өзі еңбек жолын бастаған Шымкент қалалық медициналық жедел жәрдем ауруханасының бас дәрігері болып қызмет етті. 1998 жылы облыс және қала тұрғындарына емдеу-профилактикалық көмек көрсету, ұйымдастыру жұмыстарын беделді жүргізгені үшін «Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау ісінің үздігі» белгісімен марапатталды. ҚР денсаулық сақтау саласындағы жоғары көрсеткіштер үшін «Құрмет» орденіне ұсынылды. 2000жылы сол кездегі облыс басшылығының шешімімен Шымкент қалалық медициналық жедел жәрдем ауруханасы таратылып, сол ғимаратқа ол мекеменің орнына Облыстық балалар ауруханасы ауыстырылды. Сол жылы облыстық балалар ауруханасы бас дәрігердің орынбасары ретінде еңбек жолын жалғастырды. Өмірінің ақырына дейін халықтың денсаулығы деп жүгіріп жүрген ол ақтық сапарға аттанардан бір күн алдын іссапардан оралған болатын. 2006 жылдың 18 тамызында дүние салды.

Ал, қазіргі медицианадағы үлкен профессорлар мен ғылым докторларының, басқа да сала майталмандарының оны өзі өмірден өтіп кетсе де, «Алтын дәрігер» атты үлкен марапатқа ұсынуы саналы ғұмырын ақ халатта өткізген жанның қандай дәрігер, қандай маман, керек десеңіз қандай адамболғанын аңғартады.

 

 

Ерлан Қуандықов,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,

Шымкент қаласы.