АҒАЙЫН-ТУЫСТЫҚҚА ҚАТЫСТЫ ХАДИСТЕР…

1. Рахым жақындық байланысы. Жақындарымен шығысқандарға Алла мархамет етеді, жақындарымен шығыса алмағандарға мархамет етпейді. (Бұхари, Мүслім).
2. Туыстан безген жаннатқа кірмейді. (Бұхари, Мүслім, Тирмизи, Әбудәуіт).
3. Әбухурәйрадан жеткен хадисте: Алла барлығын жаратып, жұмысын бітіргенде, туыстық қарым-қатынас яғни жақындық дейтін мақұлық тұрып: «Жақынынан безінетіндер болады содан сыйынамын» деп, Аллаға шағынады. Ұлы жаратушы: «Жақынына жақсы қарым-қатынас жасағандарға мархамәт етуіме, туысынан безінгендерге мархамәт етпеуіме разы бол!» дейді. Жақындық: «Раббым, ризамын» дейді. Алла тағала: «Міне, бұл сенің хақың» деп бұйырады. Міне, дүние жаратылған сәтте Алла мен «Жақындық һәм туыстық-қатынас» дейтін мақұлық арасында жоғарыдағыдай сұхбат болған. Яғни, әлем жаратылған тұстан бастап жақындыққа, туыстық қатынасқа осылай мән берілген. (Бұхари, Мүслім)
4. Жақындармен байланысты нығайту, жақсы көршілік (көршілермен жақсы болу) және көркем мінез, мемлекетті жақсартып, өмірді берекелендіреді. (Ахмет ибн Ханбал).
5. Пайғамбарымыздан (с.ғ.с) «Я, расулалла, адамдардың ең қайырлысы кім?» деп сұрадым. Алла елшісі (с.ғ.с): «Раббынан ең көп қорыққан, жақындарына байланысты нығайтқан, дұрыстыққа қосып, бұрыстықтан тосқан адам» деді. (Әбушайх ибн Хыббан)
6. Садақалардың ең абзалы ағайынға, туысқа берілген садақа. (Табарани, Хаким).
7. Жақсылыққа жақсылық жасаған абыройлы кісі емес, өзінен қол үзген (шығыспай қалған) жақындарына қол ұшын берген адам абыройлы. Яғни, адам игілікке қайтарған мүкафатымен (қарымтасымен) жақсы болмайды, өзімен араз ағайынмен татуласуымен жақсы болады. (Бұхари, Әбудауд, Тирмизи).
8. Алла тағала кейбір адамдарды – ашуланшақ болса да мархамет назарымен қарайды, кейбір амалдарының салдарынан оның өмірін жақсартады, малын көбейтеді. Себебі, ол адам – ағайын-туыстарына, жақындарына көп жақсылық жасайтын салдарынан. (ибн Ғаббас, Хаким).
9. Садақа берген және туыс-ағайынға жақсы байланыс жасаған адамның, Алла өмірін ұзартады, жаман өлімнен құтқарады және жек көрінетін нәрселерден сақтайды. (Әбяғла).
10. Әр бейсенбінің жұмаға жалғасатын кешінде адам баласының амалдары Алла тағалаға ұсынылады. Бірақ жақынынан безген адамның амалы қабылданбайды». (Ахмет ибн Ханбал).
11. Жазасы өте тез келетін екі амал бар: шектен шығу және жақынынан безу. (Мажа).
12. Пайғамбар (с.ғ.с) сахабаларға қарап: «Алла дәрежелеріңді немен көтеретінін айтайын ба?» дейді. «Я, Алланың елшісі». «Сендерден безген жақындарыңа барып араласыңдар, Алла дәрежелеріңді көтереді». (Беззаз, Табарани).