ҚУЫРШАҚ ТЕАТРЫ САХНАСЫНЫҢ ПАТШАЙЫМЫ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН АРТИСІ – СӘБИЛА АБУЕВА 70 ЖАСТА

Қуыршақ театры сахнасының патшайымына айналып, 70-ші бекетіне келсе де, бойындағы қуаты мен шабыты сарқылмаған актриса СӘБИЛА МЕҢДІҒАЛИҚЫЗЫНЫҢ сахнада жүргеніне 50 жыл!

Абуева Сәбила 1947 жылы тамыз айының 9 жұлдызында Атырау облысында дүниеге келген. Алғашқы еңбек жолын 1967 жылы Махамбет Өтемісұлы атындағы қазақ драма театрында бастап, театр сахнасында үлкенді-кішілі рөлдерді ойнады.

1969  жылдан Мемлекеттік қуыршақ театрында өзінің өнер жолын  асқан белсенділікпен бастаған дарын иесі бүгінде өзіндік сара жолын қалыптастырған шебер тұлғалардың бірі. Жарты ғасыр киелі сахнада үздіксіз еңбек еткен театр ардагері балаларға арналған 300-ден астам әр  түрлі жанрдағы рөлдерді сомдап келеді. Актрисаның әрбір кейіпкері кәсібилігімен,  шынайылығымен ерекшеленіп, театр репертуарындағы спектакльдерді көркейтуде сүбелі үлес қосуда. Бүгінде өзінің ізін басып келе жатқан жастар үшін өнердегі ұстазы атанып та үлгерді. Сахнадағы 50 жылдық еңбек жолында қуыршақ театрының белді режиссерлері Қазақстанның еңбек сіңірген артисі П.И.Поторока, ҚазССР Халық артисі Ә.Мәмбетов, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Қ.Х.Ешмұратова, Қазақстанның Халық артисі С.Шүкіров, ҚР Мәдениет қайраткері С.Мақұлбеков, т.б. өнер иелерімен замандас бола жүріп, өмірлік сахналық мектептен өтті.

Көптеген Халықаралық, республикалық фестивальдердің лауреаты.  Ұлттық қуыршақ театр өнерін дамыту жолындағы толассыз еңбегі үшін құрмет грамотасы, әр түрлі  алғыс хаттармен марапатталып келеді. Осы жылдар ішінде еліміздің барлық облыстарында, сондай-ақ, Вьетнам, Компучия, Өзбекстанның Ташкент, Бұқара, Самарқанд, Түркменстанның Хиуа, Навой, Қытайдың Пекин, Ганджоу, Түркияның Бурса, Измир, Ресейдің Мәскеу, Курган, Қырғызстанның Ош, Бішкек, Жапонияның Иида т.б. қалаларында өткен Халықаралық қуыршақ фестивальдеріне қатысып, қазақ   өнеріне өлшеусіз үлесін қосып келеді. Көптеген қуыршақ фестивальдерінде қазылар алқасының тұрақты мүшесі.

С.Абуева өзін тек театр саласында ғана емес, экран өнерінің дамуына да үлес қосуда. Мәселен, режиссер Б.Шаріповтың «Кінәратсыз күнә», Г.Омарованың «Бақсы», Н.Игіліктің «Жаныңда жүр жақсы адам», С.Құрманбековтың «Ауыл сақшысы», Р.Қосайдың «Кеңесшілер», А.Сатаевтың «Анаға апарар жол», Н.Адамбаевтың «Келинка Сабина — 2», Г.Абуеваның «Іңкәр жүрек», Э.Әбдіжаппаровтың «Арман қала» фильмдерінде түсті.  

Сахнадағы ойнаған рөлдері: «Мұңлық-Зарлық» – бәйбіше, мыстан; «Чемпион Қожа» – әже, жалқау; «Терісқақпай» – Тәпә, «Жомартпен болған     оқиға» – Жомарт, «Аққу туралы аңыз» – мыстан, ақ құс; «Кербақбай» – оқушы; «Сәбираның әлегі» – кемпір; «Орашалық Ораш» – Сабира, Қарашаш; «Звездочка» – Ай; «Театр одного актера» – екі дәу, ата, ана, түлкі; «Заветное слово» – Бабка, бәйбіше, жезтырнақ; «Тарқамайды тойымыз» – шығыс қызы, прибалты, армяне, Майкл Джексон, Алла Пугачева; «Солнечный лучик» – мысық, «Аистенок и пугало» – Лиса, «Күнше» – мыстан, «Балапан» – күшік, «Үйрек» – түлкі, «Алдар көсе» – шайтан; «Рыс по имени Рыс» – бақа, «Киелі алма» – Ібіліс, «Маугли» – ана қасқыр, «Гадкий утенок» – аист, балапан; «Қуыршақ думан» – акробатка, Роза Бағланова, Майкл Джексон, сыған қызы, шығыс қызы; «Үш торай» – Наф-Наф; «Аленький цветочек» –  кикимора; «Солдатский котелок» – медбике, «Бременские музыканты» – мысық; «Аққу жібек» – аққу; «Аладдинің сиқырлы шамы» – ана; «Али-Баба және оның қырық қарақшысы» – Ахмед;  «Атамекен» – ана, жылан, маска; «Қаңбақ шал» – әже, түлкі, қызыл дәу; «Буратино» – тасбақа және т.б.

83 жылдан астам тарихы бар өнердің қара шаңырағы Алматы Мемлекеттік ҚУЫРШАҚ театрында ағымдағы жылдың 18 желтоқсан күні, сағат 16:00-де Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, актриса, театрдың ардагері АБУЕВА СӘБИЛАНЫҢ мерейлі бенефисі өтеді.

 

 

Гүлім Көпбайқызы,

«Даму және көрермендермен байланыс» бөлімінің меңгерушісі