«ҚАЗАҚСТАН  – 2050: АУЫЛ – РУХАНИ ЖАҢҒЫРУДЫҢ ҚАЙНАР БҰЛАҒЫ»     ЭКСПЕДИЦИЯСЫ АТЫРАУ ОБЛЫСЫНДА

Атырау жеріне аяқ басқан экспедиция құрамын «Қазақстан-ZAMAN» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Мешітбайқызы бастап жүрді. «Нұр Отан» партиясы, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі және халықаралық «Қазақстан ZAMAN» газеті, «ЕлАна.Kz» ақпараттық сайты және Қазақ радиосының  бірлескен экспедициясы бұл сапардың тақырып аясын уақытпен үндестіріп, мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған биылғы, яғни 2017 жылғы 31 қаңтардағы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» деп аталатын Жолдауын, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын басшылыққа алды. Жолдаудан, мақаладан туындайтын міндеттер мен тапсырмалардың мұнайлы өлкеде табысты жүзеге асуы мен кедергі келтіріп отырған  өзекті мәселелерді саралау үшін алдымен аттың басын қалалық әкімшілікке бұрдық.

АТЫРАУ – КӨРІКТІ ШАҺАР

Қала әкімімен әңгіме жарасымын тапты. Бұл орынға келгеніне жылдан асқан Серік Жамбылұлы Шәпкеновтің облыс орталығының дамуы бағытында айтқан әңгімелері өркенді істерден хабардар етті. 2017 жылғы қаңтар-қазан айының әлеуметтiк-экономикалық даму қорытындылары бойынша қаладағы барлық меншік түріндегі өнеркәсiптiк кәсiпорындарда 457 370 млн. тенгенiң өнiмі өндiрiліпті. Өндірілген өнімнің нақты көлем индексi 210,6 пайызды көрсетті. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 10 679,1 млн.теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 100,4 болған.

Осылайша қала бойынша 1 838,4 тонна ет, 3 578,3 тонна сиыр сүті, 189,9 мың дана жұмыртқа тауары халыққа жеткізілген. Бұл көрсеткіштер 2016 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда сәл де болса ілгері.

Қала бойынша 37 472 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері  тіркелген. Бұл 2016 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 103,4%. Шағын және орта кәсіпкерлікте жұмыс істеп тұрған субъектілерінің саны 28 982 бірлік, бұл 2016 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 106,4%. Атырау қаласы мұнайлы астана ретінде алыс-жақын шетелдерге танымал. Сондықтанда облыс орталығының мәдениеті мен көркінің көз қуантарлықтай болуы азаматтарына сын. Осы орайда тұрғын-үй құрылысына 15 438,3 млн. теңге инвестиция жұмсалынды, бұл 2016 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 160 пайыз болды. Қала бойынша жалпы 399 935 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл 2016 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 164 пайызды көрсетіп отыр. Қала бойынша пайдалануға берілген пәтерлердің саны – 3 583 немесе 209,5 пайызға жетті.

Жұмыспен және әлеуметтік қамту мәселесіне келсек ресми түрде тіркелген жұмыссыздар саны 3947 адам. Олардың  309-ы жұмысқа орналастырылып, 453-і  «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған» бағдарламасы бойынша жастар тәжірибесіне жіберілді, 317-і әлеуметтік жұмыс орындарына тартылды. Осы кезеңге дейін тұрақты жұмысқа 5510 адам орналастырылды. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 314,6 пайыз. Кәсіби мамандыққа даярлау және қайта оқытуға 943 адам жіберілді, ақылы қоғамдық жұмысқа 1 029 адам тартылды. Жыл басынан бері қала аумағында 14 920 жаңа жұмыс орындары ашылды.  

Атырау қаласы бойынша мемлекеттік бюджетке 718 735,5 млн.теңге сомасында салықтар мен басқа да міндетті төлемдер түсті немесе болжамға сәйкес 101,0%-ды құрады, жергілікті бюджетке түскені 88 206,8 млн.теңге немесе болжаммен 99,3 пайыз. Бұл 2016 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12,9 пайызға өсіп отыр.

Міне, қала әкімі Серік Жамбылұлының әңгімесінен білгеніміздей атқарылып жатқан кешенді міндеттердің жетістік игілігін жергілікті тұрғындар көруде. Дәстүрлі базалық салаларды дамыту, яғни өнеркәсіп, агроөнеркәсіптік кешен, көлік пен логистика, құрылыс секторы, өзге де салалар даму үстінде. Шаруашылықтарда тауар өндіру мен өткізу, қызмет көрсету істері әлемдік үрдіске бейімделуде.

Қала барлық жағынан да өзін-өзі қамту бағытымен жоспарлы дамытылуда. Жергілікті өнімдер өндіруде қала кәспкерлерінің үлес салмағы арта түсті.

Мұнайымен, балығымен аты шыққан Атырау облысының орталығы Атырау қаласының көшелерінің көрікті, қоғамдық көліктерінің жеткілікті, жолдарының тегіс, құрылыс жұмыстарының сәулетті болуы қажет екендігін тұрғындар үнемі айтумен келеді. Тіпті «ақылды қалаға» айналса деген шуақты армандары да бар.  Бұл әрине болашақ жылдар еншісінде.

АСҚАРДЫҢ АЛМА БАҒЫ

Асқар Саппаев жас кәсіпкерлердің бірі. Полиграфия жұмыстарына бейімделген «Эталон» деп аталатын шағын ғана бизнесі бар. Осыдан екі жыл бұрын ауыл шаруашылығымен айналысуды ойлап, 4,5 гектар жер алып, қоршап, оңтайландырып, 6000 түп алма ағашын отырғызды. Қазір сол ағаштар желкілдей өсіп, бой көтеруде. Әр түрлі сорттары бөлек-бөлек топтастырылды. Биылғы жаз айларында аймақта күн өте ыссы болды. Ұзақ уақыт жерге бір тамшы жаңбыр тамбады. Сондай жағдайда жас талдарға күтім ерекше қажет еді. Асқар «бағбан» тыным таппай осы шаруашылығына көп көңіл бөлді. Жыл санап ағаштар саны көбейе түспек, алдағы жылда 13 000 түпке дейін жеткізілмек. Алма піскен шаққа дейін қойма да салынып бітіп, жинау, сауда нүктелеріне жеткізу, өткізу, өнімнің белгілі бір мөлшерін өңдеу, сақтау, тауарға айналдыру жоспарланып отыр. Демек, өздерінің жеміс-жидекті өңдеу цехтары да болады.

Экспедиция мүшелері алма бағын аралап көрдік. Жаңа бастама іс болғасын атқарылатын жұмыстар баршылық екені байқалады. Ең бастысы кәсіпкердің өзіне деген сенімі зор. Әр гектардан 50 тонна алма алам деген үміті барын айтты.

Ресейдің Краснодар өлкесінен әкелініп, отырғызылған талдар Жайық жағалауы далалығын жатсынбай желкілдей өсуде. Болашақта қала маңындағы ауқымды алма  бағынан ескен жұпар самалы тұрғындарға көтеріңкі көңіл күй сыйлайтына анық. Кәсіпкер алма бағын өсіру үшін «Даму» қолдау қорынан бір миллион АҚШ доллары көлемінде несие алғанын, қазір осы бақта 3 адам жұмыс жасайтынын айтты.

Сонымен қатар шошқа өсіру фермасын қолға алыпты. Мұны алма бағынан жиналған өнімнің ысырапшылдығын болдырмау бағытында ойластырып, қосымша шаруашылық ретінде ашқан екен. Қазір 150 талпақ танауға күтім жасалуда. Бұл бағытта да шұжық жасау, тыңайтқыш шығару цехтарын ашу мақсаты бар. Кезекте жылыжай құрылысы да тұр.

Осындай кәсіпкерліктің жедел дамып кетуіне мамандар жетіспейтіндігі де айтылды. Агроном, мал дәрігері жеткіліксіз мамандықтар болып қалуда.

ЖЕРІ – ЫРЫС, СУЫ – БАЙЛЫҚ

«Ауыл шаруашылығын әртараптандырып, 2021 жылға қарай азық-түлік тауары экспортын 40%-ға көбейтуді тапсырамын. Бұл міндеттер агроөнеркәсіп кешенін дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасы аясында іске асырылуы қажет» деген болатын Елбасы биылғы Жолдауында. Атырау өңірі ауыл шаруашылығын дамытуға қолайлы мекен. Соңғы жылдары бұл бағытта ауқымды жұмыстар қолға алынып, жүзеге асуда. Облыстың ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Мақсот Мұқановпен кездесу кезінде экспедиция мүшелері саланың дамуы жайында кеңінен танысып білді.

Осы жылдың 11-ші қараша айына дейін жиналған егін көлемі 143,3 мың тонна немесе 108 пайыз болыпты. Оның ішінде картоп 27,3 мың тонна, көкөністер 76,7 мың тонна, бақша 29,5 мың тонна, мал азығы 10,1 мың тонна.

Өңірде мал шаруашылығы да өз қарқынымен дамуда, былтырғы жылдың 10 ай мерзімінің осы кезеңімен салыстырғанда мүйіздік ірі қара малы 104,4 пайызға өскен, яғни 166,9 мың бас болған.  Қой мен ешкі — 102,2% немесе 588,3 мың бас, жылқы — 113,8% немесе 72,5 мың бас, түйе — 100,9% немесе 31,7 мың бас, шошқа – 121,8% немесе 0,5 мың бас болып, ілгерілеу бар. Ауыл шаруашылығындағы осы жылдың 10 айы көрсеткіштеріне келсек: жалпы өнімнің көлемі 54,1 млрд.теңге болды немесе (физикалық индекс көлемі) НҚИ немесе ИФО 100,2%. Мал шаруашылығының үлесі — 27,3 млрд. теңге немесе 100,3%. Өсімдік шаруашылығы үлесі — 26,3 млрд.теңге немесе 100,1 %. Бұл көрсеткіш жыл аяғына дейін әлі де өзгереді себебі жылыжай өнімдерін жинау жалғасуда.

Облыста мал тұқымын асылдандыруға бағытталған он жеті шаруашылық бар. Олар үшін «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» мемлекеттік бағдарламаларымен 588 мүйізді ірі қара, 770 жылқы, 1014 қой «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы несиеге сатып алынып, берілген. Сондай-ақ, 101 шаруашылықтың бағымындағы 6417 бас малға 64,1 млн. теңге (әр малға 10 000 теңгеден) субсидия төленген.

Жыл сайын егістік алқаптары кеңейе түсуде. Облыс бойынша 32 жылыжай шаруашылығынан 2 мың тоннадан астам өнім алынған. Қазіргі уақытта сала бойынша он екі индустриалды-инновациялық жоба жүзеге асырылып, толық іске қосылу жұмыстары жалғасуда.

Облыста 19 балық шаруашылығы кәсіпорындары балық аулаумен және өңдеумен айналысады. Балықшылар балық аулауды Жайық, Қиғаш өзендерінің сағалық кеңістігінде және Каспий теңізінің қазақстандық секторының солтүстік шығыс бөлігінде жүзеге асырады. 2016 жылы балық аулауға 18384 тонна лимит бөлініп, оның 12 991 тоннасы, яғни 71 пайызы ауланды. Ал 2017 жылға бөлінген лимит 12 052,5 тонна.

2016 жылы «Атырау» және «Жайық-Атырау» бекіре балық өсіру зауыттарымен 7,0 млн. дана бекіре тұқымдас балық шабақтары өсіріліп, суға жіберілді. Қазіргі уақытта облыстың балық шаруашылығы саласын дамытуда тауарлы бекіре балығын өсіру қолға алынып, екі ивестициялық жоба іске қосылды.

«Caspian Royal Fish» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Атырау қаласында сумен қамтудың тұйық жүйесінде тауарлы бекіре тұқымдас балығын өсіру және азықтық уылдырық алу бойынша балық өсіру кешенін құру» жобасы іске қосылды. Бүгінгі күні мұнда 30,0 мың дана бекіре тұқымдас балық түрлері өсірілуде. Мұның ішінде 15,0 мың стерледь, 7,5 мың сібір бекіресі және 7,5 мың орыс бекіресі. 2016 жылы 10 тонна бекіре тұқымдас балық түрлері өндірілді және сатылды. Ағымдағы жылдың желтоқсан айында 20 тонна бекіре тұқымдас балықтардың еті және 400 кг оның уылдырығын өндіру күтілуде. 2020 жылы  жылына 100,0 тонна жобалық қуаттылыққа шығу жоспарлануда.

Екіншісі «Луговой жылқы зауыты» ЖШС-ның «Атырау облысындағы Жайық өзенінде бекіре балығын өсіру бойынша шарбақтық шаруашылық құрылысы» жобасы. Мұнда бүгінгі күні жалпы салмағы 83,5 тонна болатын 38,5 мың дана орыс бекіре балықтары өсірілуде. Ағымдағы жылдың желтоқсан айына 1,5 тонна бекіре балығының етін өндіру жоспарланып отыр. Зауыттың жылына 60,0 тонна жобалық қуаттылыққа шығу жұмыстары 2019 жылы аяқталып, жүзеге асырылмақ.

«ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін өткізу кезінде Астана қаласына Атырау облысының жетекші өндірушісі «Амангелді атындағы» ЖШС-гі 80,2 тонна балық (30-дан астам түрлерін) өнімдерін жеткізді, тауарлардың 27,0 тоннасы сатылды.

Осындай жаңалықтармен танысқан соң экспедиция мүшелері басқарма басшысы Мақсот Сайполұлына рахмет айтып, жаңа қызметіне табыс тіледі.

БЕРЕКЕ БАСЫ – БІРЛІКТЕ

Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев экспедиция жетекшісі, «Қазақстан-ZAMAN» ЖШС-нің бас директоры Сәуле Мешітбайқызы мен халықаралық «Қазақстан-ZAMAN» газеттің облыстағы меншікті тілшісі Светлана Муньянованы жылы шыраймен қабылдады. Өңірдің биылғы экономикалық және әлеуметтің дамуы жайында қысқаша әңгімелеп, жоспарлы тапсырмалардың орындалуына тоқталды, мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы бойынша аймақта атқарылып жатқан жұмыстардың маңыздылығы мен нәтижелерін айтып өтті.

Өз кезегінде қоғам қайраткері Сәуле Мешітбайқызы басшылығына алған серіктестіктегі өзгерістермен таныстыра отырып, басылымның жаңа жылға жоспарларын алға тартты. Ақпараттандыру қызметін көрсету ынтымақтастығы арқылы еліміздің гүлденуі мен дамуына бірлесе атсалысуға ықыласын жеткізді.

Экспедицияға қатысушылар Атырау өлкесіндегі сапарын аяқтай келе облыс орталығының мәдени және көрікті жерлерін аралап, тамашалады.

                                                                               СВЕТЛАНА МУНЬЯНОВА