Бізді 2018 жылы не күтіп тұр?
«Келер жылдан не күтуге болады?»— деген ел тұрғындарын мазалайтын сауалға өз болжамын айтқан танымал нумеролог Айсұлу Ахимова: «Келер жылдың алғашқы саны 2-ден басталады, яғни бұл сан нумерология ілімінде энергиясы өте мол деп есептелінеді.
Жылдың негізінде – данышпандық, дипломатия, әдеп пен рухани баю жатыр. 2018 жылдың артықшылықтары — тамыр-таныстарыңызбен үнемі жылы қарым-қатынаста болу, спортта жетістіктерге жету болса, негізгі «кемшіліктері» —шамадан тыс эмоцияға берілу, агресиия мен қысым, орындалмаған армандар. Келер жыл адамдар үшін, алдымен қандай да бір іс-әрекет жасап алып, cодан кейін ғана қорытынды шығарып, қателік жібергенін түсінетін жыл болады.
Ал негізінде бұл жылы адамдарға қандай шешім қабылдаса да, алдымен жан-жақты ойлап, мәселені таразылап алғандары жөн болады. 2018 жылы рух энергетикасы артатындықтан, расымен де, келер жылы түрлі қақтығыстардың көбею қаупі төніп тұр. Сондықтан, қандай мәселе орнаса да, оны бейбіт әрі дипломатиялық жолмен шешкен жөн болады.
Бұл жылы адамдар өз-өзінің болмысына қарама-қайшы келетін әрекеттерден аулақ болып, түрлі қиын жайттарды басынан кешкенде барынша суыққанды болуы тиіс. Отбасылық қарым-қатынаста кикілжіңдердің орын алуына жол бермеген абзал. Себебі, бұл санда ақыл мен ашу бір-бірімен сәйкес келмейді. Адамдар көп жағдайда өздерін шығармашылық тұрғыда дамытуға, оқу мен медитация, мәселен, спорт, йога, рухани дамуға көп көңіл бөлулері керек. Ал, өздерін рухани тұрғыдан дамытқан жандарды қаржылық табыс күтіп тұр»,— дейді.