Қалдан ханның Абылай ханға қойған үш сауалы…
Алғаш Əбілмансұр ханның қалмақ пен қазақ соғысқанда жекпе-жекте абылайлап шауып,қалмақтың Шарыш деген батырын өлтіріп,Абылай атанып,хан болғаны халыққа мəлім шығар.
Шарыш- қалмақтың Қалдан ханына күйеу екен.Қалдан «Шарышымды Абылай өлтіріп,хан болыпты» дегенді естіп,қаhарланып: «Абылайды ұстап əкел» деп 30 мың əскер аттандырыпты.
Абылай ел шетінен қарауыл қарап,Ұлытауда ұйықтап жатқан жерінен қалмақтың қолы ұстап алыпты.Абылай қолдан жөн сұраса,бір ғана өзі үшін аттанған қол екенін білген соң,күтінбеген елді шаптыртып қай-темін деп «Мен іздеген Абылайың» депті.Қалмақтың қолы Қалданның тапсырған Абылайын тапқан соң елге тимей қайтыпты.Бұл мəнді ел естіп,Əбілхайыр ханға хабар жеткізген соң,Əбілхайыр жəрдем сұрай Орынбордағы Неплюев деген генералға : «Біз орысқа қарағалы жүр едік,менің інім Абылайды Қалдан ұстап əкетті.Осыған жəрдем қып,босатып бер» десе Қалданды сұрата Миллер деген майорын жіберіпті.
Қазақтан тоқсан кісі сұрай барса,Абылайды арық атқа жайдақ мінгізіп,сауыт-сайман кигізіп,ташкиді айналтып,жетектетіп қойған екен.Сұраушылар жиналған соң Қалдан Абылайды алдына шақырып алып: «Мен сені Шарыш сықылды батырдың орайына өлтіргелі отырмын.Не арманың бар?»- депті.Абылай айтыпты үш арманым бар:бірінші,мен аң сықылды жосып жүрген халыққа хан едім.Бір жерге қала салып,ірге тепкізе алмай жосыған күйінде қалдырдым-ау деп арман қыламын»,Қалдан «жөн» депті.»Екінші,мен Шарышты қан майданда жекпе-жекте өлтіріп едім.Сен аты қалмаққа сауын айтып,əскер жібергенде мен дін мұсылманға хабар айтып,Шарышқа майданда өлмей,қапыда ұйықтап ұсталып өлдім-ау деп арман қыламын».Қалдан «жөн» депті.»Үшінші,мен төрт жалғыз едім,балам жоқ еді.Мен өлсем,тұқымым құрып кетеді-ау деп арман қыламын» дегенде Қалданның басы төмен түсіп кетіп,қалмақша: «Мен де үш атадан жалғыз едім,бұдағы мына менің көбегенім сықылды екен ғой»,- деп баласын көрсеткенде Абылай: «Алдияр» депті.Қалдан: «Неге қуандың?» десе,Абылай: «Мені балаңа теңедің,балаңды өлтіресің бе?»- депті.Қалдан «Жарайды,отыр» дегенде олай-бұлай жан-жағына жалтақтап тұрса,босағада қол-аяғы құлтеулі аң аулап жүрген уақ Өтегенді ұстап алып,байлап қойған екен.Өтеген еңбектеп келіп,жауырынын тосқанда Абылай көтін қойып отырыпты.
Қалдан Өтегенге «Мұның қалай?» десе «Мынау тұғырсыз жерге қон-баған ақсұңқар еді,мен алтын тұғыр болсам аз ба?»- депті.Қалдан киіз көрпе салғызып,Абылайды отырғызып: «Еліңде қой көп пе,» десе,Абылай «Көп» деп жауап береді.
Қалдан : «Қой- ұры,қойшы- өтірікші»- деген.Ауыл үйдің арасынан ұсақ жанжал,берекетсіздік қалмайды десеңізші»- депті.
«Сиыр көп пе?» десе,Абылай «Көп» депті.Қалдан «Қазақтың баласы айранға сүйеніп,еңбекке еріншек,ақымақ болады десеңші»- депті.
«Қазақ егін сала ма?»- десе,Абылай «Жоқ» егін салмайды»- депті.Қалдан: «Адам егін салып,жер емшегін ембей,жерге бауыр баспайды,əлі де неше төңкерілерсің»,- депті.
«Алаш көсемсөзі» кітабынан