Луиза Хей: «Тәніміздегі «ауруды» қолдан жасаймыз»

Мен кітапханаға барып бұл ауру туралы тапқандарымның барлығын оқыдым. Әсіресе мені тері рефлексі туралы ғылым қызықтырды. Мен осыны істей алатын адамды таппаққа бекіндім.  Бір күні мен лекцияға бардым.  Әдетте, мен алдыңғы жақта отырғанды ұнатамын, ал бұл жолы арт жаққа отырдым. Жаныма бір  адам жақын келді де, менімен қатар отырды. Бұл, мен іздеген адам болып шықты (тері рефлексімен шұғылданады). Ол үйге аптасына үш рет келе бастады, маған көп көмегі тиді.

Сондай-ақ мен өзімді өте қатты қадірлеуді және жақсы көруді үйренуім қажет екенін түсіндім. Менің балалық шағымда сүйіспеншілік жетіспеді, өзімді жақсы көруге мені ешкім үйреткен жоқ. Мен олардың таусылмайтын мінеулерін өзіме деген қарым-қатынастарымен бірге қабыл алдым да, бұл менің екінші бейнеме айналды.

Діни ғылым қоғамында жұмыс істей бастағанда мен өз іс-әрекеттерімді  қуаттаудың бар маңызын  түсіне бастадым.  Бірақ та  «Мен диетаны ертеңнен бастап ұстаймын» деген принцип бойынша үнемі  кейінге қалдырып отырдым. Басында маған өзімнің айнадағы бейнеме қарап: «Луиза, мен сені жақсы көрем. Мен шынымен сені жақсы көрем», деп айту өте қиын болды.  Мен ештеңеге қарамастан айнаменен жаттыға  бердім де, бұрын, әдетте өзімді қор сезінетін жағдайларға енді басқаша қарайтынымды аңғардым. Сонымен маған өзімнің бір жерде тұрып қалмағаным анық болды. Мен үшін ең қиыны басқаларды кінәлауды тоқтату еді. Иә, менің балалық шағым қиын болды, және барлығы да мені жыныстық зорлықпен, тән қорлығымен,  ментальды түрде ренжітті. Бірақ бұл өте ертеде болды, және менің қазіргі өзіме деген қарым-қатынасымды ақтамайды. Мен турасын айтқанда өз денемді қатерлі ісікпен жей бастаған едім, себебі мен кешіре білмедім.  Өзіме жақсы психиатр тауып алдым да, соның көмегімен қордаланған ашу-ызаны бойымнан шығара бастадым.  Жастықтарды ұрып, қаһарланып ақырдым. Бұл мені белгілі  дәрежеде тазартты. Сосын ата-анамның үзік-үзік естеліктерінен олардың балалық шақтары туралы өзіме картина құрастырып алдым.  Мен оларды қатты аяп кеттім, олардың кінәсінен болған оқиғалардың бәрі ұмытыла бастады. Бұлардың бәріне қосымша өзіме көп жылдар бойы тәнімде жинақталған шіріктерді тазартуға көмектесер жақсы диетолог-дәрігер таптым.  Ол маған тек қана көкөністерден тұратын қатал диета белгіледі. Алғашқы бір ай бойы аптасына үш рет менің тік ішегімді тазартты.

Маған операция жасаған жоқ, алты айдан кейін дәрігерлер келісімге келуге мәжбүр болды да, маған мендегі қатерлі ісіктің мүлдем жоқ болып кеткенін хабарлады (ол өзіме онсыз да белгілі еді). Егер біз өзіміздің ойымызды, танымымызды өзгерткіміз келсе және соған сәйкес әрекет етсек кез келген ауруды жазуға болады, оны мен енді өз тәжірибем арқылы білемін.

Кейде ең үлкен қайғының өзі біз үшін бақытқа айналады. Аурудың мені қалай өзгерткенін сіздер көз алдарыңызға елестете алмайсыздар. Құндылықтар толықтай қайта бағаланды. Мен өмірге басқаша қарай бастадым және ауруға дейін ешқандай назар аудармаған нәрселерге көңіл бөле бастадым. Шаң-қоқысты Нью-Йорк өзінің қолайсыз ауа-райымен қоса мені әбден қажытты. Мен кетуге бел будым. Менің пациенттерім, менсіз өлеміз деп үрейге әбден бой алдырды. Олардың қалай алға дамып жатқанын тексеріп, телефон шалып тұрамын деп уәде беріп, жұбаттым. Сонымен, жиналдым да Калифорнияға, Лос-Анджелеске кетіп қалдым. Ол  жақта мен қаланың бір шетінде тұрып жатқан шешем менен сіңлімнен басқа ешкімді білмейтінмін. Мен не мынаусымен, не анаусымен жақын болған емеспін және шешемнің соқыр болып қалғанын білген кезде жүрегім ауырды, маған бұл туралы ешкім хабарлаған да жоқ. Сіңлімнің уақыты жоқ болғандықтан менің  орналасуыма көмектесе алмады.  «Өз тәніңді қалай сауықтыру керек» деген менің шағын кітапшам мен үшін көптеген есіктерді ашты. Мен Нью-Эйдждегі әрбір кездесуге бара бастадым. Кез келген ыңғайы келген жерде адамдарға өзімді таныстырып, кітабымды сыйладым. Жұмыс басталған соң менде бұндай сән-салтанатқа уақыт болмайтынын біліп, алғашқы алты ай бойы жағажайға барып жүрдім. Біртіндеп пациенттер пайда бола бастады. Біресе ана жерде, біресе мына жерде менің шығып сөйлеуімді сұраушылар көбейе түсті. Екі жылдың ішінде мен өзіме сүйкімді үй сатып алдым.

Бір күні сіңлім телефон шалып, 90-ға келген шешеміздің  құлап омыртқасын сындырып үзіп алғанын айтты. Бір сәттің ішінде менің шешем  қайратты еркін әйелден, әлсіз, дәрменсіз сәбиге айналды.

Оның омыртқасының сынуына сәйкес сіңлімді қоршаған құпия, сырлардың да қабырғасы құлады. Ақырында, біздің арамыздағы қарым-қатынастар жақсара бастады. Мен сіңлімнің арқасының ауыратынын және бұл оның өмірін қиындатып жүргенін байқадым. Ол үнсіз қиналғанды жөн көріпті, сондықтан күйеуі бұл туралы ештеңе білмеген.

Екі айды ауруханада өткізіп, шешем үйге келуге дайындала бастады. Бірақ, ол енді жалғыз тұра алмағандықтан оны қолыма алуыма тура келді. Бұдан не шығатынын мен білген жоқпын, сондықтан да Құдайға: «Жақсы, мен оған күтім жасаймын, егер Сен өзің, әсіресе ақшалай көмектессең» дедім. Басында өте қиын болды. Шешем ауруханадан сенбі күні шықты, ал келесі жұмада маған Сан-Францискоға кетуге тура келді. Мен оны жалғыз тастай алмадым, бірақ маған міндетті түрде бару керек еді. Мен тағы да Құдайға: «Құдай, өтінемін, қамқоршы болшы. Кетпей тұрып оған күтім жасайтын жақсы адам  табуым керек» дедім. Бұндай жақсы адам келесі бейсенбіде аяқ астынан табылды. Бұл жерде, «Не білу керек болса, барлығын да білемін. Не қажет болса, менде сол болады» деген басқа метафизикалық принцип іске асып тұр. Сіңлім менен көмектесуімді өтінді. Көптеген жылдар бұрын, шешем екеуміз өгей әкеден кеткен кезімізде, ол кісі сіңліме дұрыс қарамапты. Содан бері оны үнемі қорқыныш пен үрей  билеп келеді. Әлі күнге дейін мен оны емдеудің әртүрлі жолдарын іздестіріп келемін. Шешем өзін бұрынғыдан әлдеқайда жақсы сезінеді. Мен оған есту аппаратын алып бердім, оның өмірге қызығушылығы артты. Шешем екеуміз көп уақытты бірге өткізе бастадық. Біздер бірге күлеміз, бірге жылаймыз. Рас, кейде менің әлсіз жерлеріме де тиіп кетеді, бұл тура менің соған қатысты жұмыс жасауым қажет екенін еріксіз еске түсіреді.

«Көгілдір кітаптың» бірінші нұсқасы «Өз өміріңді сауықтыр» шыққан кезде оның көп рет қайта басылатынын және күндердің күнінде оны жалғастыру қажеттігі туындайтынын білген жоқ едім.

Әрине, кітап өзінен-өзі емдей салмайды. Бірақ ол адамның ішкі мүмкіндіктерін ояту арқылы оның өзін өзі емдеу процесіне жәрдем береді. Моральдық тұрғыдан сау болу және тән саулығын қамтамасыз ету үшін тәннің, сананың және рухтың тепе-теңдігіне жету керек. Адам өз тәніне мұқият қарауы тиіс. Сол сияқты, өзіне ғана емес, өз өміріне де дұрыс көзқараста болғаны жөн. Және де осыларда мықты рухани байланыс болсын. Осы үш нәрсе өзара тең болса, адам өмірден рахат алады. Егер біз өзіміз осыған жетпесек, бір де бір дәрігер бұл орайда жәрдем бере алмайды.

 Өз өміріңді сауықтыр

Менің кейбір ойларым:

Біз барлық іс-әрекетіміз үшін 100 пайыз жауапкершілік арқалаймыз.

Біздің әрбір ойымыз біздің болашағымызды құрайды.

Күш өз бастауын әрқашан қазіргі  сәттен алады.

Барлығы дерлік өздерін жек көреді және өздерін кінәлі сезінеді.

Барлығы өздері туралы: «Мен  онша жақсы емеспін» деп ойлайды.

Барлығы ойға байланысты, ал ойды өзгертуге болады.

Жасырын реніш, ашу,  өзін және басқаларды сынау, кінәлі сезіну – денсаулық үшін ең зиянды көңіл-күй.

Қордаланған реніш пен ашудан толық арылу маскүнемдік кеселінен емдейді.

Біз өзімізді өзіміз шын мәнінде жақсы көрген кезде, біздің өміріміз де жақсарады.

Біздің өткеннен арылуымыз және барлығын да (өзімізді қоса) кешіруіміз қажет.

Біз қазіргі сәтпен өмір сүруді үйренуіміз қажет.

Өз-өзіңді қабылдау мен өз іс-әрекеттеріңді қолдау –  ұзақ өзгерістер кілті болып табылады.

Біз, тек қана біз, өзіміздің тәніміздегі «ауруды» қолдан жасаймыз.

«Көгілдір кітап» ағылшын тілінен қазақшаланды.

Мырзагелді КЕМЕЛ.