Тергеушілердің өзі Әлихан Бөкейханнан қорыққан – Тұрсын Жұртбай
Еліміз ғасырлап күткен асыл арманына тек 1991 жылы ғана жетті. Тәуелсіз, бостан ел атанды. Осы күнге жету үшін иісі қазақ тар жол тайғақ кешуден өтті, мың өліп, мың тірілді.
Әрине, мұның бәрі «елім, жерім» деп қасық қаны қалғанша алысқан арда азаматтардың арқасы. Соның ішінде өткен ғасырдың басында-ақ
тәуелсіз Қазақ мемлекетін құруға тырысқан Алаш арыстарының орны бөлек.
Тіпті олар қамауға алынып, атылар алында да айналасындағы өзінің қандыкөйлек серіктерін сатпай, бар кінәні тек өздеріне алғаны да бүгін белгілі…
Биыл Қазақстанның егемен ел атанғанына 26 жыл толады. Осы тұста бостан халық атану үшін жанын садақа еткен Алаш арыстарын бірге еске ала кеткен артық болмас. Белгілі алаштанушы ғалым, жазушы Тұрсын Жұртбай, тергеуде отырған Алаш басшыларының соңғы сәттері жөнінде «Ұраным Алаш» деген еңбегінде былай дейді:
«…Әлихан Бөкейхановтың жауабы қысқа да нұсқа. Ойын шымырлата қорытып: «Маған «Алашорданы» білесіз бе? – деп сұрақ қойма. Мен – «Алаш» партиясы мен «Алашорда» кеңесінің төрағасымын, «Алашорда» үкіметінің төрағасымын. Сондықтан да оның іс-әрекетіне толық жауап беремін. Ал «Алашорда» кеңес өкіметін мойындап, оның бұрынғы іс-әрекеті үшін ешкім де, ешқашанда жауапқа тартылмайтыны туралы Ленин қол қойған келісімнен кейін, ол үкімет тарихтан кетті. Егер де Лениннің қолы оның өзі өлген соң жүрмей қалса, онда үшінші адам болып Сталин қол қойған. Ол келісім күшін жойған жоқ. Жойса, келісім бойынша, маған хабарлар еді. Мен Сталиннен ондай хат алғам жоқ. Әлде, сендер оны мойындамайсыңдар ма? Онда маған жазбаша жазып беріңдер. Ал жазбасаңдар, демек ол келісім күшінде, одан да келесі сұрағыңа көш», – деген мазмұнда жауап берген.
Бұл кісінің мысы қашанда басым тұратынын көрген жанның бәрі (Әлкей Марғұлан, Халижан Бекхожин, Ғалым Ахмедов, Мариям Мұқанова, Валентина Николаевна Әуезова) айтып еді. Тіпті тұтқындауға келген «жандыаларлар» да оны басына алмапты. Бұған Лиза Әлиханқызы Бөкейханованың: «Әкемді ұстауға сау етіп кіріп келген тергеушілерді көргенде саспастан: «Лиза, шай қой. Қонақтар келді. Мәдениетті кісілер дәстүр аттамайды», – деді. Олар үндей алмай қалды. Сол паузаны пайдаланып: «Кешіріңіздер, телефон шалуға бола ма?» деді. Олар рұқсат берді. Көршісі, аса белгілі кеңес ғалымы трубканы алғанда: «Вася! Мен ұзақ командировкаға кетіп барамын. Лизаны саған тапсырдым. Аманат» деді де маған қарап: «Лиза! Сен анда-мұнда жүгірме. Одан ештеңе шықпайды. Бұл «барса – келместің» командировкасы» деді сабырмен. Тергеушілер мұның бәрін үнсіз тыңдап тұрды, үндеуге бата алмады. Мен соған таң қалдым» деп кеңес тұсында Алаш тарихынан жабық тақырыпта докторлық диссертация қорғаған тарихшы Жақсалиевке айтып берген осы оқиға толық дәлел.
Жауап алынған жетпіс адамның бәрі де: «Біз Бөкейхановпен еркін сөйлесе алмаймыз. Оның мысы басып тұрады және астарлап сөйлейді» деп жауап берген. Ал өзі: «Мен тек Байтұрсыновпен, Дулатовпен ғана ұлт туралы ашық сөйлесе аламын» деп жазыпты.
Ахмет Байтұрсыновтың да жауаптары сондай сөзге сараң, байыпты, тек Дінше Әділевпен беттескенде ғана: «Кілті ішіне салынған шифрлы хатты сендей пысықайлардан гөрі Дулатов пен Бөкейхановқа сеніп тапсырған болар едім» деп қабағын шытқан.
Мағжанды: ол – ақын ғой. Ақындар жеңілтек келеді. Сондықтан да онымен пікір алыспаймын; Тұрарды: ол – большевик қой, ал мен большевиктерді ұнатпаймын; Сұлтанбекті: ол – коммунист қой, коммунистер мені жек көреді. Жалпы, бұл екеуімен сөйлесетін ортақ тақырыбым жоқ. Олар ғылыммен айналыспайды. Ал мен бос сөзге әбден тойғамын, – деп өзінен аулақтата жауап берген. Сол арқылы оларды тергеу аясынан сырт қалдырып отыр. Әйтпесе, Тұрар мен Сұлтанбекті уақытша болса да татуластырғаны дерек арқылы дәлелденген шындық».
Осыған қарап-ақ Алаш арыстарының қайталанбас ірі тұлға, ары да, жаны да таза екенін көруге болады.
Идеялас серіктерін де сатпаған. Керісінше бар жауапкершілікті өзіне алып, өзге азаматтарды қанды қол қызыл империядан арашалап қалуға тырысқан.
Садағаң кетейін! Неткен ірі тұлғалар еді!
Арман Шәріпбек,
Дереккөз: qazaquni.kz