Радикал жастарға исламның мәнін түсіндіру қажет
Қазақстанның Бас мүфтиі Серікбай қажы Оразды қабылдап, оны Қазақстанның Бас мүфтиі лауазымына сайлануымен құттықтаған Елбасы:
«Мен Тәуелсіздік күні қарсаңында сізді осындай жоғары лауазымға сайлануыңызбен құттықтау үшін шақырдым. Тәуелсіздіктің арқасында дәстүрімізді қайта жаңғыртып, ата-бабамыздың дінін ұстану мүмкіндігіне ие болдық. Мемлекет тарапынан кез келген азаматтың діни бостандығын қамтамасыз ету үшін барлық жағдай жасалды. Мемлекет Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі арқылы діни қатынастар саласын реттеуде ерекше рөл атқарады. Қазақстан – зайырлы мемлекет. Министрлік дінге қандай да бір шектеу қою үшін құрылған жоқ.
Министрлік дін саласында тәртіп орнатып, дін жолындағы адамдар бір-бірінің құқығын бұзбауын қамтамасыз ету үшін құрылған. Дін жолындағы адамдардың арасында жастар да бар. Мешіттерге сән үшін баратындар да бар, шалбарының балақтарын қысқартып, сақал қойған діндарлар да бар. Солардың бәріне ислам дінінің негізін түсіндіру керек.
Патриотризм, Отанды сүю, еліміздегі және өңірдегі тұрақтылық – біздің болашағымыздың кепілі. Сол үшін біз бірлесе жұмыс істеуіміз керек. Дәстүрлі ханафи мазхабының қағидаларын және оның теріс пиғылды діни ағымдардан айырмашылығын түсіндіру үшін Құран мен хадистерді білетін білікті имамдарды тарту қажет. Мұқтаж жандарға әлеуметтік көмек көрсету үшін ғана емес, сондай-ақ ғылыми зерттеулер мен конференциялар өткізіп, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін де меценаттықты дамыту маңызды. Өзін жылы қабылдағаны үшін мемлекет басшысына алғыс айтқан Қазақстанның Бас мүфтиі: «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының алдында тарихи тұрғыдан қалыптасқан дәстүрлі діни мектепті қайта жаңғыртуға байланысты үлкен міндеттер тұр.
Сіз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақалаңызда жаңа үрдістер мен әлемдегі өзгерістерге бет бұру қажеттігі туралы айттыңыз. Бүгінде біздің имамдар жаңа әдебиеттерді зерттеп, уағыз айту мен мінажат ету барысында осы білімдерін қолдануда», – деді. Кездесу соңында Нұрсұлтан Назарбаев пен Серікбай қажы Ораз еліміздегі діни білім беру мәселесін талқылады.