Заң бұзған газ жеткізушілер қатаң жазалануы тиіс

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі: «Ақтөбедегі газ тапшылығы мәселесін құқық қорғаушылар мен ұлттық қауіпсіздік комитетінің облыстық департаменті, мемлекеттік органдар тексереді. Себебі, Ақтөбеде сұйытылған газ тапшылығы мәселесі жиі туындап жүр. Түні бойы кезекке тұрған жүргізушілер шағымды кімге айтарын білмейді.

Тексеру барысында мәселе делдалдарда екені анықталып, зауыттан газ жеткізушілердің құжаты дұрыс болмай шықты.  Бүгін осы мәселе облыс әкімдігінде талқыланды. Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев арнайы жұмыс тобын құрып, тексеруге тапсырма берді.

Жұмыс тобының құрамында ҰҚКД, ІІД, прокуратура, Мемлекеттік кірістер департаметі, Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаменті, мемлекеттік мекемелер мен газ тарату қауымдастығының өкілдері бар»,— деп хабарласа, өңір басшысы Б.САпарбаев: «Жөнелту кестесі бойынша газ Ақтөбеге күн сайын артығымен жеткізіліп жатыр. Тапшылық болмау керек. Алайда тексерулер көрсеткендей, кеше барлық жанар-жағар май бекеттерінде кезек болған, газ талонмен жіберілген. Бұған не себеп? Егер бұл жерде газды экспорттау, көрші аймақтарға жеткізу, тауарды бағаны көтеру үшін ұстап тұру секілді заңсыздықтар тіркелсе, заң бұзушылар анықталып,  қатаң жауапкершілікке тартылуы тиіс. Сұйытылған газ құю бекеттеріндегі кезек мәселесі ай сайын қайталанып отыр.

Бұл жерде мәселе туындатудың реті жоқ еді. Өйткені аймаққа бөлінетін газ көлемі нақты сұраныстан әлдеқайда көп. Мен жұмыс тобына мәселенің түп-тамырын анықтауды және оны жою үшін түбегейлі шараларды қабылдауды тапсырамын»,— деп атап өтті.

Ақтөбе облысына газды екі оператор жеткізуі тиіс. «Еламан» ЖШС теміржол арқылы, «Кепіл сапа» ЖШС автожолмен тасымалдайды. Ақтөбе қаласына күніне орта есеппен 322 тонна газ жеткізіп тұру жұмысы екі компанияға міндеттелген. Газ тасылмалдаушылар қауымдастығы төрағасының орынбасары Алтынай Маханова: «Газ тасымалдаушының бірі —  «Еламан» ЖШС-і екі күн бойы газды тасымалдамаған. Салдарынан жанармай бекеттері алаңдап, газ тарату мөлшерін шектеді»,— деген деректі алға тартты.