Тәуелсіздік трагедиясы

Жыл сайын Тәуелсіздік мерекесі тұсында екіұдай күй кешемін. Шынымен шаттанып, қуанатын күн. Бірақ қуана алмаймын. Мәз-мейрам болатын күн. Арқа-жарқа бола алмаймын. Көңілімді әлде бір мұң басады, өкініш билейді. Өйткені бүгінгі Қазақстан Алашордашылар армандаған, мен армандаған Қазақстан емес!

Бұрынырақта өзімді бақытты жанмын деп есептейтінмін. Өйткені, 1991 жылы 16-желтоқсанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің «Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігі туралы конституциялық заңы» қабылданған сессиясына қатысып, сол салтанатқа куә болған, сол оқиғадан репортаж дайындаған журналистпін. Көзіммен көрген тарихи оқиға жадымда мәңгілік сақталып қалған. Қандай керемет қуаныш еді. Содан бері де 26 жыл өтіпті. Марқұм анам «Тотықұс бойын көріп сыланады, тұяғын көріп қорланады» деген мақалды айтып отырушы еді. Сол сияқты Қазақстанның жетістіктеріне шынымен қуанасың, кемістіктеріне ашынып қорланасың.

Ақиқатын айту керек, Мемлекет басшысы Қазақ мемлекеттілігі үшін төрт маңызды қызмет жасады. Оған өз басым ел кіндігін Сарыарқа төсіне ауыстырғанын, көршілермен мемлекеттік шекарамызды делимитациялап, заңдастырып алғанын, әлемге Қазақ мемлекетін таныстырғанын, ширек ғасырдан астам уақыт елімізде тыныштық пен тұрақтылып сақталып келе жатқанын жатқызар едім.

Енді бүгін ширек ғасырлық биіктен қарасам, өкініштеріміз де аз болмапты. Әлемде болмаған сорақылықтарға да ұшыраған тұсымыз бар. Ондай сәттерді ойласаң, жүрек сыздап жаның жараланады. Неге бұлай болды деп пұшайман халге түсесің. Сондай сәттерді ойласаң Тәуелсіздіктің қуанышымен қатар трагедиясы да аз еместігін көресің
Тәуелсіздіктің ең үлкен трагедиясы – үш ғасыр бойы азаттық пен бостандық жолында аянбай қан төккен Қазақ халқы Құдай алдында да, адамзат алдында да өзіне тиісті заңды статусынан айырылып қалды! Қолданыстағы Қазақстан Конституциясынан «Қазақстан– қазақ халқының әлденеше ғасырларға созылған азаттық жолындағы айқастарымен жеңіп алған мемлекеті екендігі» немесе «Қазақ халқы – мемлекет құраушы ұлт екендігі» туралы бірде бір қағидат кездестіре алмайсыз. Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы Декларациясында (1990), Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігі туралы конституциялық заңында (1991) қазақ халқының статусына қатысты айтылған қағидалар ізім-қайым жоқ болып кетті.

Қазақ халқының құқығы елімізге әр жылдарда қуғын-сүргінмен келген түрлі келімсек диаспоралармен теңестіріліп, мүлде төмендеп қалды. Ұлы дала елінде жоңғар шапқыншылығы мен патшалық Ресей отаршылдығына қарсы Қазақ халқынан басқа ешкім шайқасқан емес. Сондықтан Негізгі заңда Қазақ халқының мемлекет құраушы ұлт ретінде аталуы тек моральдық қана емес, конституциялық норма болуға тиісті еді. Соның алынып тасталған сорақы салдары – Қазақтар мынау менің елім, менің жерім деп өз құқығын өзі дауыс көтеріп қорғай алмайтын халге түсірді. Бізде көбіне қазақтан гөрі басқа этностардың мысы басым. Өз тілін, өз жерін қорғамақ болғандар жауапқа тартылады.

Тәуелсіздігіміздің екінші бір трагедиясы – тіл! Мемлекеттік тіл! 26 жылда Үкімет мемлекеттік тілді өз биігіне қондыра алмады. Экономика, банк, қаржы саласын былай қойғанда «орысша қойылған сауалға қазақша жауап бергені үшін жауапқа тарту» туралы талап қазақ тілін ақыры тұрмыстық деңгейдегі бұрышқа қуып тықты. Қазір Қазақстанның қабығы – қазақша, өзегі – орысша. Мемлекеттік тіл өмірдің барлық саласында қолданылатыны туралы айтып жүргеніміздің көбі – көзбояушылық. Көп мекеме бүгінде қазақша сөйлесең есігінен қаратпайды, дүкендерде сатушысы басқа ұлттың өкілдері тұрса сұрағыңа жауап та бермейді.

Тәуелсіздіктің үшінші трагедиясы – жер. Қазақ мемлекеттілігінің тұңғыш президенті Әлихан Бөкейханов: «Жер туралы көрген зорлық көп. Жер десе дірілдемей болмайды» десе, Ахмет Байтұрсынов «Қазіргі қазақ мәселесінің ең зоры – жер мәселесі. Бұл – қазақтың тірі иа өлі болуы мәселесі» деп тұжырымдайды. Бүгінгі таңда жерді сатуға, оның ішінде шетелдіктерге сатуға байланысты күдікті қадамдар іш жиғызады. Қазақ жерін сату – Қазақ мемлекетін талқандау! Оған жол беруге болмайды!!!

Тәуелсіздіктің төртінші трагедиясы – Коммунистік режим кеткенімен орнында қалған коммунистік кадрлар нарықтық қатынастар сылтауымен демократиялық қоғам орнына олигархтық-банктік қанаушы жүйені қалыптастырды. Банк кредиттерімен шырмалмаған отбасы кемде кем. Қазақстанда басқаны былай қойғанда ине-жіп, сіріңке шығарылмайды. Коррупциялық кедергілер қадам басқан сайын экономикамызға – тосқауыл. Шылқып бай өмір сүрудің орнына жұрт «шықпа, жаным, шықпамен» тіршілік кешуде. 2017 жылғы Қазақстанның сыртқы қарызы 168 млрд долларға жеткен. Осы соманы 18 миллион халыққа бөлсеңіз жалғыз өзіңіздің шет елдерге қанша қарыз екеніңізді көресіз. Ол қазір шамамен 9 мың доллардан асып тұр.

Тәуелсіздіктің бесінші трагедиясы – кереметсіген кейіп. Өмірдің барлық саласында –кереметсіген кейіп танытамыз. Жаппай көзбояушылық! Жеткен жетістіктерімізді айтып кеуде соғуға «мәстірміз». Ал шетелдік экономикалық ұйымдар бізді әлемнің ең кедей елдерінің қатарына қосады. Тәуелсіз Numbeo порталының жазуынша Қазақстан биыл әлемдегі ең кедей бес елдің қатарына түскен. «Болашақпен», басқамен жастарды оқытып жатырмыз» дейміз, ақылды, интелектуалды жастарымыз елден лайықты жұмыс таппай шетелге қайта кетіп жатады.

Жастарымызды адалдыққа, кәсіби шеберлікке баулудан гөрі көрсеткен өнегеміз – жағымпаздық. Жағымпаздықтың ар жағы екіжүзділік қой. Азғындық адамгершіл қоғамның адалдық, әділеттілік қағидаларын аттап кетіп жатыр. Қазақстан қоғамы көз алдымызда іріп-шіріп барады.

Сыбайлас жемқорлықпен күрес кереметсіген кейіпте көрінгенмен іс жүзінде бәрі дерлік керісінше. Сотталғандар қатарында Премьер-министрден бастап тұтас Үкімет жүр. 17 жылда 17 министр сотталды деп мақтанамыз. Керемет жұмыс жүріп жатқан сияқты. Ал әлемдік коррупцияны қабылдау рейтингінде Қазақстан 2015 жылы 123 орында болса, 2016 жылы 131 орынға құлдырады. Сонда не болдық?! «Боратты», Жаңаөзен қырғынын айтсам көзге жас келеді.. Қысқаша айтқанда Тәуелсіздік трагедиясы деген міне, осы!

Ал бірақ Қазақстан тәуелсіздігі сонда да қымбат. Тәуелсіздік күні баршамызға қайырлы болсын!

Марат Байділдәұлы Фб парақшасынан