Желтоқсан оқиғасы кезінде Қонаев қайда болды?

1986 жылы желтоқсанда қазақ жастарының алаңға шығуының негізгі себебі Қазақстанның сол кездегі басшысы Дінмұхамед Қонаевтың орнынан алынып, билікке Колбиннің келуі болғанын білеміз. Жастар алаңда жүргенде Қонаев қайда еді? Оның одан кейінгі өмірі қалай болды? Міне, бүгінгі мақаламызда осы сұрақтарға жауап іздеп көрмекпіз.

Қонаев орнынан қалай алынды?

АҚШ-тың бұрынғы президенттерінің бірі Дуайт Эйзенхауэр: “Мен бүгін зор тұлғамен қауыштым. Ол – терең саясаткер, халықтар даналығын толық меңгерген адам. Ол – КСРО-ның сирек кездесетін тұлғасы” деп баға берген Дінмұхамед Қонаев қазақтың бағына туған, елу жылға жуық ел басқарған басшы болды. Оның қазақ үшін атқарған елеулі қызметтері өте көп. Қонаевтың кезінде Қазақстанда өнеркәсіп салынды, елде жаңа қалалар мен ірі елді мекендер пайда болды, Алматыны көрікті қалаға айналдырды, ірі ғимараттар бой көтерді, қазақтың ғылымы қайтадан жазыла бастады. Ол Кеңес үкіметінің құрамында бола тұра Өзбекстанға өтіп кеткен қазақ жерлерін қайтарып, Маңғыстауды Түркіменстанға беру туралы орталықтың ұсынысына, Қазақстанда неміс автономиясын құруға қарсы шықты. Қонаевтың ұлт алдында атқарған ұшан-теңіз қызметінің бағасын Үнді мемлекетінің негізін қалаушылардың бірі Джавахарлал Неру жақсы береді. Ол: “Мейірім-шуағы мол, пейілі кең халықтың перзенті болудан асқан бақыт жоқ. Сол халық – қазақ халқы. Елінің өткенін ұмытпай, келешегі үшін қалтқысыз еңбек еткен перзенті бар халық та бақытты. Сол перзент – Дінмұхамед Қонаев” деген болатын.

Мемлекет басшылары арасында тұтастай халықтың сүйіспеншілігіне бөленетін басшылар аз, тіпті сирек десек те болады. Ал Қонаевты халық жаппай жақсы көрді. 1985 жылы КОКП Орталық Комитетінің бас хатшысы болып М.С.Горбачев тағайындалғаннан кейін Қазақстанның сол кездегі 1-хатшысы Дінмұхамед Қонаевты орнынан алып, 1986 жылдың 16-желтоқсанында ол орынға Г.В.Колбинді қойды. Бұл хабардан демде құлақтанған Алматы жастары КСРО-ның ұлт саясатына қатысты наразылықпен алаңнан бірақ шықты. Көздері ашық, көкірегі ояу жастардың қолында “Әр халықтың өз көсемі болуы керек” деген ұрандар жазылған плакаттар бар еді. Бейбіт шеру ретінде басталған бұл оқиғаның соңы қантөгіске айналды. Өз құқықтарын талап етіп, алаңнан кетпеген жастар: “Қонаев алдымызға шықсын. Бәрін өзі түсіндіріп берсін” деген де талаптар қойды.

Қонаев: “Алаңда сөз сөйлеуіме рұқсат етпеді”

Алайда алаңға шыққан жастардың алдына келіп, сол кездегі қазақ жазушылары мен ақындары, билікте жүргендер, өнер адамдары басу айтып, үйге қайтуға шақырып, сөз сөйлегенімен Дінмұхамед Қонаев алаңға келмеді, халықтың алдына шықпады. Оған себеп болған оқиға кейін, арада біраз жылдар өткенде барып, Қонаевтың “Өтті дәурен осылай” атты кітабы жарық көргенде ғана анықталды. Онда Димекең сол уақытта басынан өткен жағдайды былай әңгімелейді: “1986 жылы желтоқсанның 11-і күнгі Саяси Бюроның мәжілісінде зейнетті демалысқа шығуыма байланысты мені қызметтен босату туралы шешім қабылдады. Ал желтоқсанның 16-да Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің пленумы болды. Оны өзім ашып, КОКП Орталық Комитетінің хатшысы Г.Разумовскийге сөз бердім. Ол менің зейнетті демалысқа шығуыма байланысты Саяси Бюроның шешімін оқып беріп, маған тілегін айтып, ыстық ықыласын білдірді. Орталық Комитеттің бірінші хатшылығына Г.Колбинді сайлады.

Желтоқсанның 17-і күні сағат 11-де маған Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің екінші хатшысы О.С.Мирошхин телефон соқты. Орталық Комитетке келуімді өтінді.

—       Жайшылық па? Мен зейнетті демалыстамын ғой? – деп едім, ол:

—       Алаңға бір топ жастар жиналды. Олар кеше өткен Орталық Комитеттің пленуымының шешімін дұрыстап түсіндіріп беруді талап етеді. Жиналғандардың алдында сөйлеп, істің мән-жайын түсіндіріп берсеңіз дұрыс болар еді, — деп жауап берді.

—       Жақсы, — деп және мен мынаны сұрадым. – Колбин келісе ме бұған?

Мирошхин телефон тұтқасын Колбинге берді. Ол Орталық Комитетке келіп, жастар алдында сөйлеуімді өтінді. Мен келісімімді бердім. Табан астынан жиналып, айтқан жерге бардым. Бірінші хатшының кабинетіне кірсем, Бюро мүшелері түгел жиналып, алаңға жиналғандарға не істеу керектігін ақылдасып отыр екен. Колбин екі адамға: Назарбаев пен Камалиденовке жастар алдында сөйлеуді ұсынды. Маған сіз былай етсеңіз қайтеді деген тапсырма болмады. Колбиннің кабинетінде бақандай екі сағаттай тапжылмастан отырдым. Тіпті менің сөз сөйлеуім туралы әңгіме көтерілген жоқ. Сосын Колбин Мәскеумен байланысып, әлдекіммен сөйлесе бастады. Әңгімесіне кедергі болмайық деп, Мирошхиннен басқамыз шығып кеттік. Араға аз-кем уақыт салып, Колбин барлық бюро мүшелерін жинап, оларға қосып мені шақырды. Кірген бойда ол маған:

—       Сіз боссыз, дем ала беріңіз. Біз өзіміз-ақ тиісті шара қолданып, тәртіпке келтіреміз, — деді.

Мен шығар алдында Мирошхиннен:

—       Не үшін шақыртты? Неге сөйлетпедіңіздер? – деп сұрадым. Ол былай деп жауап берді:

—       Ақылдаса келіп сізге алаңға шығып сөйлеуіңіздің қажеті бола қоймас деп шештік.

1987 жылы маусым айында Мәскеуде өткен КОКП Орталық комитетінің пленумында маған алаңға шығып, сөз сөйлеуге рұқсат етпегенін Мирошхин тағы да растады”.

 

Қонаевтың үш жыл бойы қуғынсүргін көруі

Ал Колбин Қонаевтың сөйлеуіне өзі рұқсат бермегеніне қарамастан, оны айыптауға көшті. Алматыдағы көтерілісті аяусыз басып-жаншып, Желтоқсан оқиғасына қатысушылардың 99-ын соттап, 83 адамды 2 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырып, екеуінің өлім жазасына кесілуіне мұрындық болды. Сонымен қатар, Қонаевтың соңына шам алып түсті. “Алаңға шығып сөйлемеді” деп жала жапты. Ол туралы Димекең: “Әйтсе де, арада біраз уақыт өткен соң Колбин сөз сөйлеген жерінде аузы-басы қисаймай мені алаңға жиналғандар алдында сөйлеуден үзілді-кесілді бас тартты деп айыптаумен болды. Менің естуімше, республиканың бірде-бір басшысы алаңға шыққан жастарға пленумның мән-жайын дұрыстап түсіндіріп бермеген. Оның орнына олар “мұздай қаруланған милицияны”, әскерді қарсы қойып, жиналғандарды аяусыз жазалаған. Қаншама студенттер мен жұмысшылар жазықсыз жапа шекті. Қазақстан комсомолы Орталық Комитетінің мәліметіне қарағанда, оқиғаға қатысқаны үшін немесе оларды қолдағаны үшін бірнеше мыңдаған студенттер оқу орындарынан шығарылған, көбісі оқуды тастап кеткен. Қыршын жастардың төгілген қаны үшін, он екіде бір гүлі ашылмаған жүздеген қыздар мен жігіттерді жазықсыздан жазықсыз соққыға жығып, тұтқындағаны үшін кім жауап беруге тиіс? Бұл сұрау белгісін талай адамның тұсына баттитып қоюға болады”, — деп жазады.

Міне, осыдан кейін-ақ Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің 1987 жылғы VII, IX пленумдары Қонаевтың қателіктерін әшкерелеу науқанына арналды. Бір кездері өз қолымен өсірген мемлекет қызметкерлерінің көпшілігі Қонаевқа қарсы сөз сөйледі. Жазушылар мен өнер адамдарына да Қонаевқа қарсы сөздер айтқызылды. Сондай жиындардың бірінде жазушы Сафуан Шәймерденов Димекең туралы: “Ол тым сұрықсыз! Сұрықсыздан үлкен сілкініс күтпеңіздер. Ол ұлтшыл емес. Ол өзінің айналасына таза емес адамдарды жинап алып, солардың мүдделерімен өмір сүрді. Дәлірек айтсақ, Қонаев – нағыз тамыр-таныстықтың жемісі, соның классикалық үлгісі. Ол – ешқашан да жалпыхалықтық мүдде биігіне көтерілмеген адам”, — деп айыптауға дейін барды.

Ал Қонаевтың өзі басынан өткен осы бір қиын күндерді былай еске алады: “Ешқандай қатысым болмағанына қарамастан “Алматы оқиғасын” басты ұйымдастырушылардың бірі деп мені нысанаға алды. Түп етектен шап беріп ұстаудың небір айла-шарғысы жасалды. Желтоқсан оқиғасы өткеннен кейін үш жыл бойына мені және менің жақындарымды қуғындаумен болды. Ол үшін ар-ұяттан безген журналистсымақтар мен ғалымсымақтарды айдап салып, екі кісі бас қосқан жерде жамандап, сөй сөйледі, газет беттерінде құлаш-құлаш “сын” материалдар жариялады. Баяғыда бір байғұс: “Отырсам опақ, тұрсам сопақ дейді. Қатты жүрсем “қуаяқ” дейді, сөйлесем “тақ-тақ” дейді, сөйлемесем ақымақ дейді. Жоғары қарасам “шапыраш” дейді, төмен қарасам “сүзбе” дейді” деген екен. Сол айтқандай, садақ тартқан оқтай жүрдім бе десем, тұс-тұстан жала жауып, жағаға ұмтылатындар жоқ емес екен. Теледидар, радио, газет-журналдардың есігі мен үшін тарс жабылды. Маңыма да жуымады, маңайлатқан да жоқ. Ол ол ма, табалдырығымнан кісі аттатпай қойды. Мен туралы жазылып жатқан неше түрлі материалдарға көзқарасымды біліп, пікір алмасуға келген журналистерді де “ит қосып қуды”.

“Вашингтон пост” газетінде мақала жарияланды. Тілші менімен кездесудің оңайға түспегенін жазыпты. Біз шынында да қала сыртында жүздестік. Салған жерден ол менен:

—       Сіз бас бостандығы бар азамат емессіз бе? – деп сұрады.

Не деп жауап бергендейсіз? Әрине, бас бостандығы бар адаммын, бірақ…

Одан әрі жіліктеп беру оңайға түспеді. Әрине, менің дәлелдерімді мұхиттың арғы жағынан ат арытып, тон тоздырып келген журналист түсіне қояр дейсіз бе?” – деп еске алады.

Қонаев солай Колбиннің үш жылдық шабуылына төтеп берді. Үй қамақта отырғандай болды. Бірақ халықпен байланысы үзіліп, адамдармен араласа алмай қалса да ешкімге өкпе артқан жоқ. Оған қоғам қайраткері Кеңес Аухадиевтің: “1985 жылы басталып, 1986, 1987 жылдарға ұласқан байбаламдар Димекеңнің жүрегінен қан тамшылатып, өртеп-күйдіріп, санасын тілгілеп жатты ғой. Бірақ Димекең бәріне шыдады. “Мен – адалмын, оттай беріңдер” деп жайбарақат отырған сияқты. Еңбегін бұлдап, ешкімге өкпе артқан емес. Көзі жұмылғанша “Қалың орманда тек биік қарағайдың басын ғана жел шайқайды, халқыма өкпем жоқ” деуден танбай кетті”, — деген сөздері дәлел. Тіпті өзін іздеп барған журналист Серік Әбдірайымұлына ағынан жарылып сұхбат беріп, артынан жариялауға болатын сұрақтарды өзі іріктеп: “Қалғанын өзің таяқ жемейтін кезде жарияларсың. Кетпеннің басын бассаң, сабы маңдайыңа тиеді, қарағым. Сендер жассыңдар ғой, болашақтарың бар”, — деп өзінің қысастық көріп отырғанына қарамастан, адам баласына зәредей зиянын тигізбеуге барын салғаны – адамгершіліктің шыңы емей немене?

Қонаев өзі жиі айтатын “Адамдық қалыпты биік ұстау – кімге де болса үлкен сын. Адамгершілік деген асыл қасиетті аласартып алмасақ екен. Өмір өзегі – осы, азаматтық жол да – осы” деген принциппен өмір сүрді, солай өмірден өтті… Есімі әлі күнге дейін ел аузында тек жақсы қырынан жүрген Қонаев қандай бақытты адам…

 

Марфуға ШАПИЯН