Мен «енші» ала алмас едім…

Телевизор көру дегенде, көбінесе жаңалықтарды қарайтын әдетім бар. Күндіз көк жәшікке телміретін уақыт та болмайды. Ал кеште үлгерсек жаңалықтарды қараймыз, үлгермесек уақыт болғанда ғаламтордан сүзіп шығамыз. Мұнан өзге сериял, қызықты шоу бағдарламаларды түгендеп отыру дегеніңіз, менің күнделікті өмірімде ешқашан рет-тәртібімен орындалмайды. Сөйте тұра көк жәшіктің арбауынан құтыла алмаймыз. Уақытымыз қанша жерден тапшы десек те, «қолға ілінгенін» құр жібермейтінім тағы бар. Бір телеарнаның жаңалығы ұнаса, екіншісінің танымдық, сараптамалық бағдарламаларына ықыласымыз ауып жатады. Соның ішінде ұлттық нақышы бар, қазақи дүние танымымызға жақын дүниелерді іздейтін көрерменнің бірімін. Өкінішке қарай біз күткен дүниелердің орнына, даңғаза ду мен, ыңырсыған әуендер, ғаламтордың өсек-аяңдары да эфирден кәдімгідей беріліп жататынын қайтерсің? Саналы көрермен мұндайда өз пікірлерін білдіріп, өрелі ойларын айтып жатса да, оны қаперге алатын басшы, сын көтеретін нар тұлғалар, «шәкене пікірлерді» шәркейлеріне ілмейтін болған. Тіпті көрерменмен ерегескендей «Жұрт не десе о десін» сияқты арнаулы айдарлар ашып алатын, немесе желіккен әншілердің жатқан-тұрғанына дейін шырақ алып тексеріп жүретін  телеарналар да өз аудиторясына «қызмет етіп» жүр. «Ел боламын десең экраныңды түзе» деген қанатты сөздің шыққанына да ширек ғасыр болған шығар.Осындай «мұңлы ойлардың» соңына еріп, қазақ телеарналары туралы, қызыл тілге ерік берсең, «елу де елу» мәселесінен тартып, таңды-таңға ұрып кете береріміз сөзсіз… Сондықтан түңіле бермей, кінәлай бермей, бір уақыт жақсылықтарды айтқан да дұрыс шығар дейміз.

Соңғы кездері,«QAZAQSTAN» ұлттық арнасынан беріле бастаған«Енші» зияткерлік-танымдық телевизиялық жобасы, мені өзіне қызықтырған берілімдердің бірі болды. Сөйтіп, ойлана отырып қазірге дейін көрерменге ұсынылып үлгерген 3 реткі шығарылымын түгелімен қарап шықтым. Дарынды, білімді жастарды анықтау, олардың оқуға қызығушылығын арттыру және ғылым-білімге насихаттауды мақсат ететін бұл жобаға, 10-11 сынып оқушылары мен 1-2 курс студенттері қатынаса алады екен. «Бастысы, жан-жақты әрі білімге құштар, логикасы мен интуициясы дамыған жастарды көпшілікке таныстыру. Сондай-ақ, қазақтың ұмыт болған салт-дәстүрлері, ұлттық ойындары, тұрмыста қолданылған құрал-саймандарын дәріптеу»- делініпті жобаның мақсатында.

Төрт бөлімнен тұратын сайыстың бірінші кезеңінде тіл білімі, мәдениет, таным, дәстүрден 15 сұраққа жауап беру талап етіледі. Екінші айналымда шабандоздар «Тоғыз торап»- делінетін сынақ кезеңіне өтеді. Мұнда 9 түрлі тақырып төңірегінде бәсекеге түседі. Ал, үшінші кезеңі «Жамбы ату» деп аталады. Бұл айналымда ойыншылар өздері қалаған ұяшыққа жамбыны орналастыру арқылы сұрақты таңдауға мүмкіндік алады. Соңғы айналымның сұрақтары қазақ әдебиеті, қазақстан тарихы, салт-дәстүрлер, фольклордан келеді. Осындай сынақтардың барлығынан сүрінбей өткен қатысушы ғана бас жүлдегер атанып «Енші» иеленіп қайтатын болмақ. Жарыстың жалпы барысын қадағалап отырып, еліміздің әр аймағынан іріктеліп шыққан оқушылардың білім деңгейінің соншалық жоғары екендігіне таң қалдым. Шынымды айтар болсам, қазіргі мектеп балаларына көңілім онша тола бермеуші еді. Менің назарымда бүгінгі таңдағы оқушы балалардың көбі ұялы телефон мен компютерлік ойындардың құлына айналып кеткендей сезілетін. Сол ойларымның үстіріт екендігіне, «Енші» де сынға түсіп жатқан 48 түлекке қарап отырып көзім жетті. Әрине, бұлардың барлығы өз облыстарынан жүзден жүйрік болып, қара үзіп шыққандар десек те, ортаға тасталған сұрауларға, қысқа ғана уақыттың ішінде жауап беріп үлгеру оңай емес екені белгілі. Қатысушыларға қойылған сұрауларға менде өз әлімше жауап беріп отырдым. Шыны керек, жаратылыс тану пәндерінен қойылатын сұраулардың басым бөлігіне жауап бере алғаным жоқ. Сынға түсіп жатқан түлектермен бәсекелесуім мүлде мүмкін емес еді. Тура осындай бәйгеге салса, мен «Енші» алмақ түгіл, есігінен сығалай алмайтыныма көзім жетті. Ойланып отырсам қайта қарап шығуға тиісті дүниелер санамда тау болып үйіліп жатыр екен. Ал мына шабандоздар болса таңдайлары тақылдап тұр. Көріп отырып шынымен сүйінесің.

Негізі бұл тектес теле жобалар Ұлттық арнадан көрінбей кеткеніне біраз жыл болып еді.Осы жолы, тың дүние ретінде көрерменге жол тартыпты. Ұлттың келешегі жастардың қолында дейтін болсақ, ертеңгі ел иелерін бүгіннен бастап тәрбиелеу, қазіргілердің міндеті емеспе еді? Дегенмен біздің жастарымыз, білім саласының сан құбылған реформаларымен тұспа-тұс келіп жатыр. «Үш тұғырлы тіл» талабы, аты өзгерген әліппе, әне-міне ауысады деп жатқан әліппби, алдағы жалдары жаратылыс тану пәндерін ағылшын тілінде оқыту… Қысқасы Қазіргі таңдағы Қазақстан мектебі- үлкен тәжірибе алаңына ұқсайтыны жасырын емес. Дегенмен бұлтаруға келмейтіні, осның барлығы заманның талабы. Қиян-кескі бәсекеге ілесе алмасаң, күні ертең көштен қаласың. Оның арты мемлекеттің тағдырына ықпал етеді… Қай-қашанда, дүниенің кілті ғылым мен білімде. Ұрпақтың тәрбиесі аса жауапкершілікті қажет ететін дүние. Ендеше сол жауапкершілігі мол әлемге, БАҚ-тар арасында бәсі басым түсіп тұрған телеарна сынды тетікті орынды пайдалана білу, оны үгіт құралына айналдыра алу да үлкен еңбек болмақ. Өз басым, жастарды ғылым-білімге ынталандыру, мол білімді игерген балаларды өзгелерге өнеге етіп көрсете алатын «Енші» сияқты жобалардың көп болғанын қалар едім. Адамдарды кітап оқуға, ғылым-білімді сүюге насихаттайтын бұл жобалар, телеарналарымыздан көбейсе, «ерінбеген етікші болады, ұялмаған өлеңші болады» дегеннің кебін киіп, былайғы жұртқа «өнер адамы» болып жүрген жалғаншылардың жолы кесілер еді. Ал телеарналарымыз болса, өз аудиториясына беделді болып қалар еді…

 

Ерқазы Сейтқали