Балам үшін алаңдаймын.

Бірде Құдайға бір әйел келіпті. Ол баласы үшін қатты алаңдайды екен. Арқалаған үлкен қабы бар. Қаптың салмағынан белі бүгіліп кетіпті.
— Шаршадың ба, пендем? – деп сұрайды Құдай. – Жүгіңді жерге түсір, отырып біраз демалып ал.
— Рақмет, кірем де шығам деп келдім, – деп әйел отырудан бас тартады. – Сұрай салам да, қайтадан кері жүрем. Әйтпесе, мен жоқта бір жамандық боп қалса қайтем? Мұнымды өзіме ешқашан кешірмеспін!
– Нені кешіргің келмей тұр?
– Егер балама бір нәрсе көрінсе дегенім ғой. Мен саған тілеу тілеп келіп едім: О, Құдай тағала, баламды сақта, бір өзің жар бол оған!
– Күндіз-түні сенің осы тілегіңді орындаумен жүрмін ғой, – дейді Құдай қатқыл үнмен. – Әлде менің қамқорлығыма күмәнің бар ма?
– Жоға… Бірақ… Мына өмір өте қауіпті болып кетті. Жаман ортаның әсері шаш-етектен, әр бұрылыстан бір жамандық күтіп тұрғаны. Ал, баламның жасы өсті – бәрін өзі білгісі, көргісі, жасағысы келіп тұрады. Өзіне сенімді болуға тырысып бағады. Бір бұрылыста оңбай құлап, жаны дертті боп қала ма деп уайымдаймын.
– Онда тұрған не бар? ! Келесі жолы сақтанып жүреді. Құлағанның жаман
екенін біліп жүреді. Қайғының дәмін татады, — дейді Құдай. – Бұл деген тамаша тәжірибе ғой! Неге оған өмір сүруге мүмкіндік бергің келмейді?
– Ол қайғыны білмесе деймін! – деп жылады анасы. – Арқама бір қап сабан артып жүрмін. Ол құлайды-ау деген жерге төсейін деп…
– Сонда менен балаңның айналасына сабан төсеп қой деп сұрай келдің бе? Жақсы. Ал, қарап тұр.
Содан Құдай әп-сәтте бір уыс сабан алып жерге лақтырады. Лақтырған сабан әлгі әйелдің баласының айналасына дөңгелене төселді. Дөгеленген сабан сақинасы баланы бүкіл қауіп-қатерден, азғыру мен елітуден, тұтас өмірден сақтап тұрды. Әйел баласының сабан сақинасынан өтпек болған талпынысын байқады. Бірақ қолынан түк келмеді. Баласы арлы-берлі жүгіріп, сақинадан өтіп кетуге тырысты, бірақ болмады. Біресе ашуланып, бірес, айқайлады. Ақырында сіріңке тауып алып сабанды өртеп жіберді. От шығып, көк түтін будақтап, бала көрінбей қалды.
— Балам! – деп айқайлады әйел. – Балам, мен қазір, мен келе жатырмын!
— Отқа тағы сабан тастағың келіп тұр ма? – деп сұрады Құдай. – Есіңде болсын: әке-шешесі сабан төсеген сайын баланың сол сақинадан аттап өткісі келетін ниеті өсе береді. Сабан сақинадан өте алмаса, адам өз өмірін өртей бастайды.
Өйткені, ол қайғы дегенді де, еркін таңдауды да білмей өсті. Бір қап сабан арқалап жүрмін деп ойлайсың, ал шын мәнінде сенің арқалағаның бір қап ауыртпалық. Бұл қаптың ішінде сен елестететін бүкіл зұлымдық, сен қорқатын небір айуандық, сенің жаныңды жаулап алған күллі үрейің жасырынған. Сенің жаныңа ұя салған, мазаңды қашырған ойдың бәрі күш алып, өніп-өсе бастайды. Себебі, жаман ойға өзің қуат беріп отырсың. Сондықтан арқалаған қабың ауыр. Содан белің бүгіліп барады.
— Сонда мен баламды ойламай қалай өмір сүрем? О, Құдай айтпағың не еді?
— Әрине, ойла, шамаң жеткенше қамқорлық таныт. Бірақ үнемі балаңа бола алаңдай берме. Сенің балаңды мен күзетіп отыр емеспін бе? Маған өзімнің жұмысымды жасауға рұқсат ет. Сен тек маған кедергі жасама. Дегенмен, бұл әр адамның сеніміне қатысты мәселе деп білем. Маған сенсең, бәрі жақсы болады.

Аударған Шынар Әбілдә

ФБ парақшасынан